«Саналы ұрпақ» жастарды бір мақсатқа біріктіреді

Форум

Көкшетау жоғары техникалық колледжінде жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жобасы аясында «Саналы ұрпақ» облыстық жастар форумы өтті.

Шараға білім басқармасының өкілдері, оқытушылар мен тәлімгерлер және оқу орындарындағы студенттік клубтардың мүшелері қатысты. Форум интеллектуалды ойын форматында ұйымдастырылып, студенттер өз білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін және топтық бірліктерін көрсетуге мүмкіндік алды. Жастар арасында мұндай ауқымды шараны ұйымдастырушылар құқықтық және азаматтық мәдениетті арттыра отырып,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді көзқарасты қалыптастыруды мақсат еткен көрінеді. Жастар форумын ұйымдастыруға Ақмола облысының ішкі саясат және білім басқармалары Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті, Қарағанды облысының «Жастар мен балалар ұйымдарының одағы» жастар қоғамдық бірлестігі қолдау білдірген.

Форумға облыстың 9 колледжінен студенттік командалар қатысып, интеллектуалды ойындарда белсенділік танытты. Сайыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан үздік командалар марапатталды.  Осылайша, жүлделі  I орынды  Көкшетау жоғары техникалық колледжінің «Жалын» командасы ұтып алды.  II орынды облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылы көпсалалы инновациялық колледжінің «Инноватор» командасы жеңіп алса, III орын Шағалалы ауылы жоғары аграрлық-технологиялық колледжінің «Болашақ» командасына бұйырды.

Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен марапатталып,  қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушыларға «Саналы ұрпақ» төсбелгілері берілді. Осылайша, жастар шарасы адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтарын дәріптеп, студенттік ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға өзіндік үлес қосты.

Осы форум аясында жоғарыда аталған колледждің өзінде «Балалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» облыстық сурет байқауы өткізілді. Байқауға мектеп жасындағы балалар қатысып, олар жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өз шығармаларын ұсынды. Байқау қорытындысында жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Бірінші орынды Жақсы ауданы Оқушылар үйінің тәрбиеленушісі Нармин Кожахметов жеңіп алып, 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орын Көкшетау қаласы балалар көркемсурет мектебінің оқушысы Мәлика Қазбековаға беріліп, оған 80 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.  Ал, үшінші орынға Степногорск қаласы балалар көркемсурет мектебінің оқушысы Карина  Хайруллина лайық деп танылып, оған 60 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.  Балалардың шығармашылық әлеуетінің жоғары деңгейі мен олардың азаматтық ұстанымын көрсеткен байқаудағы үздік жұмыстар сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды ілгерілету мақсатындағы көрмелерге және ақпараттық материалдарға пайдаланылатын болады дейді форумды ұйымдастырушылар.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар