Астанада Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы болып өтті. Оған еліміздің әр аймағынан осы саланың озат қызметкерлері жиналды.
Форумда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, сала еңбеккерлері алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
– Ең алдымен, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адамдарының мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. – Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы. Бүгін, міне, ауыл шаруашылығына арналған екінші форумды өткізіп жатырмыз. Алқалы жиынға ауыл-аймақтардан көптеген білікті мамандар арнайы келіп, қатысып отыр. Сондықтан бүгінгі форумды жалпыұлттық ауқымдағы басқосу деуге болады. Жаңа сөз сөйлеген азаматтар салмақты ойларын айтты, ұсыныстарды мұқият қарап, міндетті түрде ескеру қажет.
Бұдан әрі Президент ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекет назарында екендігін айтты. – Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін. Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 миллион тонна) ие болды. Қыркүйек айында егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер, – деп ақмолалық диқандардың биылғы қол жеткізген ерен жеңісіне арнайы тоқталып өтті.
Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни, 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни, бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің негізгі көрсеткіштері тұрақты. Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа.
Осылай дей келе, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерекше назар аударатын өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
– БІРІНШІ. Мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажет. Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. – Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз.
ЕКІНШІ мәселе ретінде Президент жер мәселесіне тоқталды. Халық жердің игілігін көруі керек. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда, бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан, Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет.
Үкімет қазір мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жатыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс. Келесі жылдың ортасында қабылданатын бұл құжатта осы мәселенің шешімдері айқын көрсетілуі керек. Жерге қатысты бұдан басқа да мәселелерді атап көрсеткен Мемлекет басшысы, әсіресе, жерді бөліп, тарату бойынша ақпараттың ашық әрі қолжетімді болуы жөнінде талап қойды.
ҮШІНШІ. Су тиімділігін арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту керек. Су қоймаларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл үлкен жұмыс алда батыл жалғасын табуы тиіс. Сарапшылардың есебінше, алдағы үш жылда су үнемдеуші технологиялар кемінде бір миллион гектарды қамтитын деңгейге жетеді. Цифрлық шешімдерді енгізу және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңін қатаң бақылауға алу арқылы су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп саласындағы ТӨРТІНШІ міндет ретінде осы саланы жетілдіру тәсілдерін қолға алу қажеттігін атап көрсетті. Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл – осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Несие қолжетімді болуы үшін банктерге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілді. Биыл «Даму» қоры 1300 несиеге кепілдік берді. Сөйтіп, несие алуға мүлкі жеткіліксіз көптеген шаруаның, әсіресе, шағын және орта деңгейдегі фермерлердің мәселесі оң шешімін тапты.
Елімізде өндірілетін техника жеңілдетілген лизингпен беріле бастады. Бұл әбден ескірген техниканы жаңартуға арналған өте тиімді шешім болды. Осы мәселелерді алға тартқан Президент жақында Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарым кезінде John Deere компаниясымен бірге құны 2,5 миллиард доллар болатын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылғандығын атап өтті. Соған сәйкес алдағы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника шығарылады.
БЕСІНШІ мәселе – агроөнеркәсіп кешенін цифрландырумен нақты айналысқан жөн. Осы жөнінде сөз қозғаған Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және барлық салаға жасанды интеллект технологиясын енгізу Жолдауда басты міндет ретінде атап өтілгенін еске салды. Ауыл шаруашылығы үшін мұның мәні өте зор. –Ақмола облысында өткен кеңесте жиналған өнімді тиісінше сақтау және шығынды мейлінше азайту шараларын қамтамасыз етуді тапсырдым. Еліміздегі көптеген шаруа қожалығының қаржылық тұрақтылығы осыған байланысты, – деп атап көрсетті бұл орайда Президент.
Алда цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтерінің көмегімен мемлекеттің бидай қорын есепке алатын және бақылайтын тиімді жүйе құру міндеті тұр. Ол үшін қолданыстағы астық қамбаларын жаңғыртып, заманауи элеваторлар салу қажет. Жекелеген «ақылды» шешімдерден толық цифрландырылған агроөндіріске көшу керек. Әрбір шаруашылық цифрлық технологияларды пайдалануға ниетті болғаны жөн. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, сондай-ақ, мәліметтер сапасын тұрақты түрде бақылауға алуы керек. Электронды агроөнеркәсіп кешені платформасының базасында саланы кешенді басқаруға ықпал ететін ауыл шаруашылығы мәліметтерінің бірыңғай архитектурасын қалыптастырған дұрыс.
АЛТЫНШЫ міндет ретінде терең өңделген өнім шығаруға басымдық берудің қажеттілігі айтылды. Еліміздегі агроөнеркәсіп кешені көбіне шикізат шығарумен шектеліп отыр. Мұны ашық айтқан жөн. Ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту – маңызды міндет. 2023 жылы агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз болды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі керек. Қазір бұл салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет. Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аса маңызды міндеттің бірі – жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсіресе, озық технологиясы бар шетел инвесторларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет.
Жолдауда «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай болуы керектігі нақты айтылған. Үкімет агроөнеркәсіп кешеніне қатысты 200-ден астам инвестициялық жобаның тізімін жасады. Жобалардың қашан және қалай жүзеге асырылатынын мұқият ойластырған жөн. Әкімдіктер және министрліктер жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет.
ЖЕТІНШІ міндет ретінде өнімдерімізді халықаралық нарыққа көптеп шығаруымыз керектігін атап өткен Мемлекет басшысы еліміздің астық экспорты бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіретінін, сонымен қатар ұн экспорттау ісінде көш бастап тұрғанын атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрі 70 мемлекетке экспортталады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Оның үстіне әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан, стратегия дұрыс түзілсе, «Qazaq Organicfood» бренді халықаралық нарықта лайықты орнын алады. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 10 жылда әлемде мал етіне сұраныс 233 миллион тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін. Қазақстан еттің осы түрін экспорттаушы ірі елдердің бірі бола алады. Осыған тоқталған Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы дамыса, ең алдымен ауылдың жағдайы жақсаратындығын айтты. Мемлекет ауыл-аймақтарды көркейту үшін көптеген жобаларды қолға алып жатыр. 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден астам бірлестік құрылды.
– Біз Жұмысшы мамандықтары жылында еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетіп жатырмыз. Нағыз еңбек, қайнаған тірлік ауылда, ауыл шаруашылығында екені сөзсіз. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары, адал азаматтар қашанда табысқа жетеді, – деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін шынайы алғысын білдіре келе, ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккеріне өз қолынан мемлекет наградасын тапсырды.
Атбасар ауданы «Новосельское» ЖШС агрономы Фанил Габдулхаков соңғы жаңа атаққа ие болса, Жақсы ауданы «Белаеғаш» серіктестігінің сауыншысы Валентина Городина «Құрмет» орденімен, ал, Астрахан ауданының «Алмаз-Агро фирмасы» жауапкершілігі шектелуі серіктестігінің биылғы орақта 4920 тонна астық бастырған жас комбайншысы Диас Біләлов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
ақорда.кз материалдары бойынша дайындалды.
![]()

