Көш бастау – ел мен ерге сын

Мұрат БАЛПАН,
Ақмола облысы әкімінің орынбасары

Ынтымағы жарасқан өңірдің ырыздығы да мол. Биыл еліміздегі ең ірі аграрлық аймақтың бірінен саналатын Ақмола облысы ауыл шаруашылығын дамытуда көптеген көрсеткіштер бойынша рекордтық деңгейге жетті. Өңірде 7,5 миллион тонна астық жиналып, құт қамбасына құйылды. Гектар берекесі орта есеппен 16,3 центнерден айналды.

Еліміздегі басты байлықтың бірі – ақық дән екендігі белгілі. Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген құнарлы алқапта диқандардың жан аямай еңбекеткен қажырлы іс-қимылдарының арқасында бітік егін өсірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасына орай, 2025 жылы егістік алқаптары 300 мың гектарға кеңейтіліп, жалпы көлемі 5,5 миллион гектарға жетті. Құнарлы алқаптарда негізінен бидай және дәнді-бұршақты дақылдар өсіріледі. 4,7 миллион гектарға тұқым себілсе, оның 3,9 миллион гектары бидай алқаптары. Әртараптандыруға ерекше назар аударылуда. Майлы дақылдардың көлемі екі есеге ұлғайып, тұңғыш рет 495 мың гектардан асты. Бұл қомақты көрсеткіштер шаруашылықтардың барынша табысты әрі тұрақты өнім түрлеріне стратегиялық тұрғыдан қайта бағдарланғанын айқын дәлелдейді.

Облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары барлық агротехникалық шараларды дер кезінде атқарды. Бұл жүйелі іс егістік алқаптардан жылдағыдан көп өнім алуға мүмкіндік беріп отырғандығы сөзсіз. Қыста 1,1 миллион гектар алқапқа қар тоқтатылды. 3 миллион гектарда ылғал жабу жұмыстары жүргізілді. Ал, 2 миллион гектардан астам алқапта көктемгі егіс алдында тиянақты өңдеу жұмыстары атқарылды. Осы арада бір айта кететін жай, бұл көрсеткіштер өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда үш есеге көп. Ырыздық дәні себілгеннен кейін жер бетіне көктеп шыққан көкөскінді қорғау жұмыстары кең ауқымда атқарылды. Арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу барысында 4,2 миллион гектар қамтылды. Зиянкестерге қарсы шаралар 328 мың гектар алқапта жүргізілді. Бұл арада да тиянақты жұмыс бар екендігін екпін түсіріп айта кету әділдік болады. Көрсеткіш 2024 жылғы деңгейден 1,8 есе жоғары. Сонымен қатар, өсімдіктерді әртүрлі аурулардан қорғау бағытындағы іс-шаралар орташа есеппен алғанда 2 миллион гектар алқапта жүзеге асырылды. Бұл жұмыс та өткен жылғы көлемнен екі есе көп. Осы аталған шаралар егіннің бой салып өсуіне әсер етіп, мол өнім алуға жол ашты.

Жерді тыңайту – мол өнім кепілі

Жомарт жерді қашанда тыңайтып отыру қажет. Бұл қағиданы өңір диқандары жақсы біледі. Ағымдағы жылы өңірдегі шаруашылықтар 336 мың тонна минералдық тыңайтқышты пайдаланды. Бір айта кетерлігі, тыңайтқыштың тиімді қолданылуы топырақтың құнарлылығын айтарлықтай жақсартып, рекордтық мол өнім алуға мүмкіндік берді. Нақты деректерді келтіретін болсақ, осындай жұмыстардың арқасында жалпы көлемі 7,5 миллион тонна бидай жиналып, гектар берекесі 16,3 центнерден айналды.

Алқап берекесі таразы басына тартылғанда, өңірдегі көш бастаған аудандарды да ілтипатпен айта кетуге болады. Жері құнарлы, еңбегі өнімді, барлық ісі тыңғылықты Жарқайың ауданы егістік алқаптарынан 1 миллион тоннадан астам астық жинады. Бұл жарқайыңдықтардың жанқиярлық еңбегінің арқасында мүмкін болған дүние. Жақсы, Сандықтау және Атбасар аудандарының егістік алқаптарынан да мол өнім жиналды. Осы орайда, жекелеген шаруашылықтарды да айта кетуге болады. Мәселен, Зеренді ауданындағы «KazGrainFeeders» серіктестігінде гектар берекесі 38,6 центнерге жетсе, Атбасар ауданындағы «Таймас» шаруашылығы 35 центнерден, Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігі 31,8 центнерден өнім жинады. Бұл орайда, өзге де мол өнімге қол жеткізген мықты шаруашылықтардың аз еместігін айта кетуіміз керек. Олардың толайым табысы өзгелерге үлгі. Жекелеген егіс алқаптарынан рекордтықөнім алынды. Мәселен, Зеренді ауданындағы «Viktorovskoye GCK» шаруашылығы гектар берекесін 61 центнерге жеткізсе, Біржан сал ауданындағы «Балу» шаруашылығы 45 центнерден, Сандықтау ауданындағы «Мустанг» шаруашылығы 42 центнерден өнім алған.

Әртараптандырудың артықшылығы

Өңірде алғаш рет майлы дақылдардан 554,5 мың тонна өнім жиналды. Бұл орайда ыждаһатты еңбек етіп, толайым табысқа ие болғандар да бар. Олардың арасынан Атбасар ауданындағы «Бастау» серіктестігі гектар берекесін 27 центнерге жеткізсе, Бурабай ауданындағы «Жер-Ана 2005» серіктестігі 25 центнерден өнім алды. Сандықтау ауданындағы «Максимовское» серіктестігі 23,5 центнерден өнім жинады. Дәнді және майлы дақылдар бойынша ақмолалық диқандар рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізумен бірге картоп және көкөніс өндіруде де толайым табысқа ие болды. Биыл 154,3 мың тонна картоп жиналды. Гектар берекесі 177,4 центнерді құрады. Көкөніс алқаптарынан 20,6 мың тонна өнім өндіріліп, гектар берекесі 151,7 центнерден айналды.

Берекенің бастау көзі агротехникалық шаралардың уақытылы әрі тыңғылықты жүргізілуінен. Диқандар егіс алқаптарын тиімді пайдалана білді. Сондықтан, рекордтық көрсеткіштер маңдай тердің өтеуі деп айтуға әбден болады. Мол өнімді уақытылы жинап алу үшін шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасы қуатты болуы шарт. Егін орағы кезінде 7 мыңнан астам комбайн, 2,7 мың дана жатка, 4,8 мың жүк көлігі пайдаланылды. Өңір диқандары арзандатылған дизель отынымен толық қамтамасыз етілді. Белгіленген көлем 172 мың тонна. Бағасы нарықтағы бағадан төмен. Нақтырақ айтсақ, әр литрі 254 теңгеден. Мұндай қамқорлық күзгі жиын-терін кезінде жұмысты тоқыратпай, уақытылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік берді. Осының барлығы шынтуайтында ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұрақты өндірісін қамтамасыз етуге жағдай туғызды.

Алқаптан портқа дейін

Биылғы рекордтық өнім ауыл шаруашылығы құрылымдарының ілкімді әрі үйлесімді қимылын ғана емес, сонымен бірге, сенімді сақтау және логистикалық инфрақұрылымды талап етті. Өңір бұл міндетті жоғары деңгейде орындап, қарбалас кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз қабылдау, орналастыру және экспорттау мәселесін түбегейлі шешіп, қолайлы жағдай туғызды.

Өңірде 7,2 миллион тонна астық сақтайтын мүмкіндік бар. Астық қабылдау пункттерінің орташа жүктемесі шамамен 80 пайызды құрайды. Сонымен қатар, өңір шаруалары дымқыл және құрғақ астықты сақтауға арналған «Қаптар» технологиясын да пайдаланады.

Экспорттық бағыттар барынша дамып, жаңа нарық көкжиегі кеңейіп келеді. Эстониядағы Muga Grain Terminalастық терминалымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың арқасында Ақмола облысының өнімдері Еуропа нарығына шықты. Жыл басынан бері 209 мың тонна астық экспортталды. Оның ішінде Италияға 150 мың тонна, Бельгияға 50 мың тонна, Эстонияға 9 мың тонна астық жөнелтілді. Жыл басынан бері алыс және жақын шет елдерге 3 миллион тоннадан астам жоғары сапалы астық экспортталды. Негізгі бағыттар: Қытай, Иран, Еуропа елдері (Италия, Бельгия, Швеция, Латвия). Сондай-ақ, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және өзге де мемлекеттер.

 Инвестиция игілігі

Бүгінгі күні Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында нық қадам жасап отыр. Бұл үрдіс астықты тек экспорттық тауар ретінде ғана емес, жоғары қосылған құны бар өнім көзіне айналдыруға мол мүмкіндік береді. Мұндай стратегиялық бағыт өңір экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық түсімдерін көбейтуге ықпал етеді.

Аршалы ауданында Қытайдың Dalian компаниясымен бірлесіп, жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдеуге қабілетті зауыттың құрылысы жүргізілуде. Жобаның инвестициялық көлемі 1,8 миллиард АҚШ доллары. Сонымен қатар, HopefullGrain & Oil Group компаниясымен 1,5 миллиард АҚШ долларына тең келісім жасалды. Жаңа жоба аясында жылу-электр орталығы мен лимон қышқылы, биоэтанол, мал азығы және сироптар өндіретін экологиялық таза технологияларды қолданатын зауыт салынатын болады.

Облыс агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін көрсетіп, дәстүрлі егіншілік тәжірибесін инновациялармен және халықаралық ынтымақтастықпен ұштастырып келеді. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің тұрақты, нық, берік даму көкжиегін кеңейтеді.

Мал шаруашылығы тұрақты өсімнің бір саласы

Ақмола облысының агроөнеркәсіп саласының дамуына қарқынды үлес қосып келе жатқан мал шаруашылығы. Өңір республикалық деңгейде көшбасшылардың бірі. Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі жалпы ұлттық көлемнің 10 пайыздан астамын құрайды. Құс етін өндіру бойынша шамамен 30 пайыз, ал, тауық жұмыртқасы бойынша 15 пайыз өнім өндірілуде.

Сүт және ет бағытындағы ірі қара мал шаруашылығы – өңірдің басым бағыты. Облыста жалпы сыйымдылығы 30,5 мың басты құрайтын 46 ет фермасы және 7 ірі бордақылау алаңы жұмыс істейді.

Асыл тұқымды мал шаруашылығы екі бағытта – ет және сүт бағытында дамып келеді. Асыл тұқымды мал басы шамамен 50 мың басқа жетті. 70 мамандандырылған шаруашылық асыл тұқымды мал басын тұрақты түрде көбейтуде.

Сүт бағытында 47  тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оларда шамамен 24 мың бас мал бағылуда. Ірі шаруашылықтардың қатарынан Целиноград ауданындағы 4412 бас мал бағатын «Родина» Агрофирмасы» серіктестігін, 1200 бас мал бағатын «Ен-Дала» серіктестігін, Бурабай ауданындағы 850 бас мал бағатын «Burabay Milk» шаруашылығын айта кетуге болады.

Сүт бағытындағы мал шаруашылығы даму үстінде. Мемлекеттік қолдаудың ауқымды шаралары мен инвесторлардың белсенді қатысуының арқасында өңір еліміздегі жоғары сапалы сүт өндіру орталықтарының біріне айналуда. Бұл бағыттағы ең ірі кәсіпорын – «Родина» Агрофирмасы» серікестігі 2024 жылы 34,3 мың тонна сүт өндірді. Әр сиырға шаққанда 11 600 келі сүт сауылды.

Үстіміздегі жылдың он айының қорытындысы бойынша 33,1 мың тонна сүт сауылды. Әр сиырға шаққанда 9935 келіден сүт өндірілді. Өңірдегі сәтті жобалардың бірі өткен жылы іске қосылған «Ен-Дала» серіктестігі. Серіктестікте 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы бар. Кәсіпорын тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт өндіреді. Өндіріс көлемі жағынан «Родина» Агрофирмасынан» кейін екінші орында. Ферма заманауи технологиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл жай әр жыл сайын өнімділікті арттырып отыруға ықпал етуде. Ағымдағы жылы өңірде тағы да екі тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталады. Оның біреуі Атбасар ауданындағы «Бастау» серіктестігінде. Бұл фермада 786 бас сауын сиыр бағылмақ. Зеренді ауданындағы «Agro Milk Project» серіктестігі. Мұнда 400 бас сауын сиыр бағылмақшы.

Астананың азық-түлік белдеуі – абыройлы міндет

Өңір елорданы азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Өңдеу өнеркәсібін мейлінше дамыту және мегаполистің айналасында азық-түлік белдеуін құру өңірдің стратегиялық басым бағыттарының бірі.

Облыста 76 өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында ет комбинаттары, сүт зауыттары, ұн тарту және май өңдеу кәсіпорындары бар. Жыл басынан бері 213 миллиард теңгеден астам қаржының азық-түлік өнімдері өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,3 пайызға артық.

Өңделген сүт өндірісінің көлемі 9 пайызға, қышқыл сүт өнімдері 11 пайызға, өңделген ет өндірісі 8,8 пайызға көбейді. Облыстың елорда маңында орналасуы азық-түлік белдеуін құруды өңір дамуының негізгі бағыттарының біріне айналдырды. Бүгінгі күні біздің өңір Астананың қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Сәл таратып айтсақ, ет және сүт өнімдері бойынша 30 пайыз, жұмыртқа өндірісі 80 пайызға жетті.

Ақмола облысы агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қамтамасыз етіп келеді. Алдағы үш жылда өндірісті жаңғыртуға, өңдеу жұмыстарын жетілдіруге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылады.

2025-2027 жылдарға арналған жалпы құны 963 миллиард теңгені құрайтын 86 жоба жоспарланып отыр. Бұл шаралар сүт өнімдерін 237 мың тоннадан 364 мың тоннаға арттыруға, ет өндірісін 195 мың тоннадан 237 мың тоннаға ұлғайтуға, жұмыртқа өндірісін 690 миллионнан 1 миллиард данаға жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, елорданы жергілікті өніммен қамтамасыз ету деңгейі біршама өседі. Таратып айтатын болсақ, сүт өндірісі бойынша 30 пайыздан 50 пайызға, ет өндірісі бойынша 30 пайыздан 40 пайызға, жұмыртқа өндіру бойынша 80 пайыздан 100 пайызға дейін қамтамасыз етілмек.

Мемлекеттік қолдау – өсімнің сенімді іргетасы

Ағымдағы жылы агроөнеркәіп кешеніндегі толымды табыс, жоғары көрсеткіштер тек ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің іс-қимылының нәтижесі ғана емес, сонымен бірге, мемлекеттік қолдаудың жемісі. Қаржыландыру, субсидиялар мен жеңілдетілген бағдарламалар өңірдің рекордтық өндіріс көлеміне шығуына мүмкіндік беріп отыр. 2025 жылы салаға 250 миллиард теңге бағытталды. Оның 63,3 миллиард теңгесі қайтарымсыз субсидиялар. 187,9 миллиард теңгесі «Кең дала», «Ауыл аманаты» бағдарламалары. Форвардтық сатып алу және техника лизингі бойынша жеңілдетілген несиелер. Несиелік қаражат тарту бойынша көш басындамыз. 928 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жалпы сомасы 118,7 миллиард теңге несие алды. Бұл көрсеткіш көктемгі егіс және күзгі егін орағы науқандарына сапалы дайындық жүргізуге мүмкіндік берді.

Жаңа буын техникасы және болашаққа салынатын инвестициялар

Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешені технологиялық жаңару бағытына сенімді түрде ілгерілеп келеді. Заманауи техника мен ауқымды инвестициялар өңір ауыл шаруашылығының тұрақты өсімі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ажырамас бөлігіне айналды.

Жыл басынан бері жалпы құны шамамен 60 миллиард теңгені құрайтын 1600-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл өз кезегінде салаға 90 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуға ықпал етті.

 Қорытынды және даму көкжиегі: көшбасшылыққа бағыт

Жүргізілген кешенді шаралар, ауқымды инвестициялар және белсенді мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Ақмола облысы биылғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін рекордтық деңгейге 1,2 триллион теңгеге жеткізуге сенімді түрде ілгерілеп келеді.Бұл жай ғана әсерлі көрсеткіш емес, мыңдаған еңбек адамдарының  адал еңбегінің, тиімді аграрлық саясаттың және тұрақты даму бағытының айқын көрінісі. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, өңірдің экономикалық тұрақтылығына бағытталған үлкен жұмыстар ауқымы екенін ескерсек, биылғы жыл астықтың рекордтық мол түсімімен, осы саладағы және мал шаруашылығы саласындағы басқа да қол жеткен толымды жетістіктерімен Ақмола облысы агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері үшін аса бір табысты жыл ретінде есте қалады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар