Облысымызда биылғы қараша айында АИТВ-мен өмір сүретін 6 жүкті әйел бақылауда болды. Жыл ішінде дүниеге келген 9 баланың дені сау болып шықты.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық АИТВ алдын алу орталығының бас дәрігері Нұрлан Ахильбеков хабарлады.
Бас дәрігердің сөзінше, жыл басынан бері Ақмола облысында АИТВ-ның 108 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аздап төмендеу көрсеткіш. Сонымен қатар, соңғы екі жылда өңірімізде жүктілік, босану немесе ана сүті арқылы АИТВ-ның берілуінің бірде-бір дерегі тіркелмеген. Мұндай жақсы көрсеткіш мамандардың инфекцияның алдын алуға қатысты тиімді жұмыстары және уақытында медициналық ұйымдарға жүгінген әйелдердің сенімінің арқасында мүмкін болып отыр. Сонымен қатар, жүкті әйелдерді ерте тестілеу, антиретровирустық терапиямен қамту және тұрақты медициналық қолдап отыру да оң нәтижелерге жеткізуде.
Маманның сөзіне сенсек, қазіргі таңда АИТВ-мен өмір сүретін әйелдер уақытында дәрігерге жүгініп, ұсыныстарды толық орындаса, дүниеге дені сау баланы әкеле алады. Өйткені, елімізде осыған барлық мүмкіндік жасалған. Ол үшін мамандар жүкті әйелдерді 10-12 және 28-30 апталарда 2 рет АИТВ-ға тест тапсыруға шақырады. Бұл – «серологиялық терезе» деп аталатын кезеңге байланысты қабылданған халықаралық тәжірибе. Вирус жұққан соң ағза антиденелерді бірден шығармайды, сондықтан, тест нәтижесі кешігіп анықталуы мүмкін.
–Инфекция анықталған жағдайда, дәрігерлер вирустың туылмаған балаға берілу қаупін азайту үшін антиретровирустық терапияны бірден бастайды. Емдеу шарасы мемлекет тарапынан тегін көрсетіледі, – дейді орталықтың бас дәрігері.
Дегенмен, бас дәрігер қоғамымызда АИТВ-ға қатысты жалған түсініктер мен кемсіту әлі де кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, инфекциямен күрестегі барлық жетістіктер қоғамның дұрыс ақпараттануына және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға деген төзімділікке тікелей байланысты.
–АИТВ бақылауға болатын инфекция. Ең бастысы – уақытында тест тапсырып, ем қабылдау. Ал, қоғам тарапынан қолдау мен түсіністік болса, жоғарыдағы көрсеткіштерді одан әрі жақсартуға мүмкіндік бар, – дейді Нұрлан Ахыльбеков.
Орталықтың алдын алу жұмысы бөлімінің меңгерушісі Әсел Балтабаеваның айтуынша, қазіргі уақытта медициналық ұйым жастардың денсаулық сақтау орталықтары, қоғамдық ұйымдар және білім беру мекемелерімен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып, жастар арасында өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау салтын қалыптастыруда.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

