Бұл – біздің тарих!
«Өткенге үңілмей, жаңа жаңармайды» демекші, тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам жылдың ішінде көптеген тарихи мұралар қайтадан орнына келіп, кейбірі мүлде жаңадан бой көтерді. Астанадан Көкшетауға барар жол бойында Кенесары хан, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай және Балуан Шолақ ескерткіштері бой көтерсе, Ерейментау ауданы әкімдігінің саябағында Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың жоңғарларға қарсы шайқасқа шығар алдындағы бейнелі ескерткіші қойылды, саябақтың артқы бөлігінде Қанжығалы Жантай батыр, Досай батыр Мәмбетұлы, Бура батыр Мәмбетұлы, Қанжығалы Малай батыр, Тайлақ батыр Мәмбетұлы, Ақпан батыр Мәмбетұлы, Атан батыр тұр, бұлардың барлығы жоңғар соғысы кезінде ерекше ерлігімен елін жаудан қорғаған көп батырлардың бірнешеуі ғана. Жер-жерлердің бәрінде батырларына ескерткіш қойылуда. Кеңес Одағы дәуірінде ерен еңбегімен халық алғысына бөленген мемлекет және қоғам қайраткері Ақпан Үкібаевтың да ескерткіші қойылған.
Ерейментау ауданының шыға берісіндегі күре жол бойына «Бабалар ерлігіне – Мәңгілік тағзым» атты естелік тақта қойылып, онда төмендегідей жазу жазылған. «1916 жылы Ерейментау жерінде болған Ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан батыр бабаларымыздың құрметіне қойылған ескерткіш-белгі. Ұлт тағдыры таразыға түскен қилы заманда Қанжығалы елінен 5 мыңға тарта адам атқа қонды. Ұлт-азаттық қозғалысын басқарған адамдар Молдажан Жадайұлы, Бала-Сыздық Бейсенұлы, Жанайдар Ыбырайұлы, Жанмолда, Жағыпар Машақұлы. Көтеріліске қатысушылар Есіргеп Тоқан Хазіреттің ақ батасымен ел қорғауға бел буған сарбаздардың аты жөні жазылып, көтерілісшілердің рухын көтеретін Төлеш ақынның жалынды жырларынан үзінді келтірілген…».
Ерейментау ауданының ең шеткі Майлан ауылында Құлболды әулиеге құлпытас қойылды. Бұл жөнінде Құлболды әулие-қоғамдық қорының төрағасы Омарқас Серікбай Мәлетайұлы: «Ерлеріміз адамға рух береді, шабыттандырады. Біз осындай мықты, қайтпас қаһарман, ержүрек батыр адамның ұрпағымыз, олардың көтерген туын жықпауымыз керек деген намыс оянады. Мұндай ұлы адамдардың ескерткіші жол бойында жүргіншілер көретіндей, сол туралы белгілі дәрежеде тағылым алатындай жерде болуы керек. Осы құлпытастың жанына арнайы тақта орнатылып, бірінші және үшінші бөлігіне ұлы тұлғалардың есімдері жазылумен қатар, орта бөлігіне Ерейментау ауданының картасы қойылды, кім қайда жатқанын содан көруіне болады», – деген еді.
Белгі тас қоюға ауыл азаматтары Амангелдинов Дүйсенбай, Төлепбергенов Амангелді және ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелдинов Айтпайлар көп еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн болар. Тарихи деректерге жүгінсек. «Құлболды батыр (1540-1630) Төртуыл одағының ру басы, көсемі, батыр, оның есімі шежіре, жыр, дастан, толғауларда айтылады. Құлболды батыр XVІ-XVІІ ғасырда әріде Хақназар, беріде Есім хандардың тұсында жасаған тұлға. Құлболды Шоманақұлы әрі батыр, әрі әулиелігімен танылған. Құлболды әулиеден Тұлпар, Күлік, Айдабол, Ақбура, Майлытон, Шегір тарайды.
Құлболдының әулиелігі жөнінде ақын-жазушы, өлкетанушы, Сайлау Байбосын: «Қазақ даласының аңыз-әңгімелерімен қатар, шежіре деректерін жинақтаған ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында Құлболды әрі батыр, әрі әулие деп сипатталады. Ол заманда қазақтар жылқыларын Ертістен өткізіп, Құлынды даласында жаяды екен. Сол уақытта Сібір аймағын жаулап алып, бері жылжыған орыс әскерлері қазақтарды Құлынды даласынан қуып тастамақ болып жорыққа шықса керек. Ол кезде Құлболды бабамыз түк көрінбейтін тұман түсіріп жіберіп, орыс әскері адасып, басы ауған жаққа шығып кетіпті. Осындай қасиеттерінен әулие атанған екен», – деген мәлімет келтірген.
Құлболды бабаның қасиеті бес баласының ұрпағына да дарып, ішінен әртүрлі кие тұтқан тұлғалар шыққан. Тұлпарда Тәйтеке тәуіп, Омар дәрігер. Күлікте қаһарлы Жанақ. Айдаболда Төлебай батыр, Едіге би, Мәстек абыз, Шоң би, Торайғыр би әрі батыр, Сопақ әулие, Мәшһүр ата. Ақбурада жеті әулие, Майлытонда Тайпақ молла сияқты танымал адамдар өрбіген екен. «Жақсы өзін-өзі сыйласа, жат жанынан түңіледі», деген сөз осыдан қалса керек. Еліміздің қай қаласына барсаң да ұлы тұлғалардың, өнер қайраткерлерінің, діни ғұламалардың, еліне еңбегі сіңген адамдардың ескерткішін немесе көшелерін көреміз, мұның бәрі болашаққа рухани байлық сыйлайтын үлкен құндылық болмақ.
Ұлы тұлғалардың батыр болсын, өнер адамы болсын, діни қайраткері болсын немесе ерекше бір қасиеті бар адам болсын ұмытылмай, осы күнге жетуі біздің аға буынның асылдығын да, елі мен жеріне деген сүйіспеншілдігін де көрсетеді. Соны бізге жеткізген осы аға буын өкілдеріне алғыс айта отырып, осы асылдарымызды келесі ұрпаққа мәңгілікке қалдыру әр адамның парызы демекпіз.
Тарихи оқиғаларды бұрмалау, жалған жала жабу дұрыс болмайтыны белгілі. Ақиқат ақиқат қалыбында қалу керек. Бұл орайда, орыс генералы Р.Я.Малиновскийдің қазақ офицеріне айтқан тарихи оқиғасы ойға оралады. Мұндай ұлыларды әлі де іздестіріп толықтыра берсек, болашаққа қалатын мол мұра болмақ.
Келер ұрпақ өткенге үңіліп ой түзеп, тәлім алуына бастайтын баспалдақ осы болары даусыз, қалғандарын өздері де толықтыра берер. Осы адамдардың барлығы елі үшін, жері үшін осындай еңбектер жасады деп түсіну керек. Түпкі қорытынды ел кімдікі, жер кімдікі деген сұраққа жауап беріп тұрғандай.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы.
![]()

