АЛАШ АРЫСТАРЫ
Заманында ұлы Абайға хат жазып, «бірлік туын көтерейік, қазақ намысын таптатпай, елдігімізді танытайық» деп аталы сөз бастаған, ірі қоғам қайраткері, ағартушы, елінің адал перзенті Шəймерден Қосшығұлұлы туралы біз не білеміз? Кейбір деректерге назар аударсақ, Шəймерден Қосшығұлұлы 1874 жылы Ақмола облысы, Көкшетау үйезінің Қотыркөл болысында дүниеге келген.

Қосшығұлдан бес ұл – Қалыш, Əпіш, Құрыш (Құрманғали), Мұстафа, Шəймерден өрбіген. Осы топтың ішінде қайраткер, санаткер дəрежесіне дейін көтерілген Шəймерденнің орны ерекше. Табиғатынан зерек Шəймерден жас кезінде сол заманның талабына сай білім алған. Одан кейін білімін тереңдету мақсатымен Көкшетаудағы көрнекті дін өкілі Науан хазірет (Наурызбай Таласұлы) медресесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп, ғылымның барлық салаларын игере бастайды. Оның дүниетанымының қалыптасуына өз заманының өте білімдар адамы, Бұхарада, Бағдатта білім алған, парсы, орыс, өзбек, ежелгі түрік тілдерін білген ұстазы Науан хазіреттің ықпалы күшті болды.
Медресені бітіргеннен кейін Шəймерден сонда ұстаз болып жұмыс жасайды. Бұл оқу орнының ерекшелігі – мұнда тегін білім берілді. Медресенің пітір-садақа, қайырымдылық көрсетуден жиналған өз шаруашылығы болды. Шəкірттер шөп шауып, малға күтім жасап, бастапқы еңбек тəрбиесін де осы оқу орнынан алған. Бұл медресенің жəне бір ерекшелігі, тек діни білім берумен ғана шектелмеген. Шəкірттер Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқып, Біржан сал мен Ақан серінің əндерін айтып, араб тіліне қосымша, парсы, орыс тілдерінде жазып, оқып сауаттарын ашқан. Шығыс əдебиеті классиктерінің шығармаларын оқып үйренген. Оған дəлел – үйез бастығының бұл мектеп-интернатта тінту жүргізген кезде оқушылардан Фирдауси, Навои, Сағди, Низами сияқты шығыс жұлдыздарының кітаптарын тапқандығы.
Ресей империясының отарлау саясаты XIX ғасырдың аяғын ала қазақ даласын, қазақ жұртын шеңгеліне бұрынғыдан да қатты қыса бастағаны мəлім. Екі ғасырдың шебінде қазақ ортасынан орта жəне жоғары білімді азаматтар шыға бастады. Ресейдегі билеуші монархияға қарсы дүмпулердің əсерінен қазақ даласының түкпір-түкпірінде отарлау саясатына қарсы наразылық бой көрсетті. Қазақ жерін түгелдей иемденіп алған орыс патшалығы миссионерлік қызметке батыл кірісіп, мұсылман дініне қысым жасай берді.
Науан хазірет дінімізге, салт-дəстүрімізге орыс қоныстанушыларының ықпалы күшейген кезде, қазақ халқының ұлттық ерекшелігін сақтап қалу үшін белгілі, ықпалды тұлғаларға үміт артқан. Сондай сенген, сенім артқан азаматтарының бірі – Шəймерден Қосшығұлұлы еді. Ол өзіне көмекші тұтқан, серік еткен Ш.Қосшығұлұлымен бірге Абай Құнанбайұлына қазақ халқының төл мəдениеті үшін күресті басқару жөнінде ұсыныс жасады. Шəймерден хатының «бүлікшіл» мазмұнына əбден қанық, оны өз тыңшылары арқылы біліп алған Ақмола облысының əскери губернаторы 1903 жылғы сəуірдің 8-інде Семейдің əскери губернаторына жолдаған жеделхатында «шұғыл шаралар қабылдап, хатты тез табуға» пəрмен береді. Шəймерденнің Абай атына жолдаған екі хаты да қолға түскен. Шəймерденнің алғашқы хатының нұсқасы мен толық аудармасы жоқ. Бірақ, екінші хаттың орысша аудармасы сақталған. Бұл хаттан оның авторының ой-пікірін, Абайға деген ықылас-тілегін біршама байқауға болады.
Дала өлкесінде есімі елге кеңінен танымал Науан хазіреттің тұтқындалып, «итжеккенге» айдалуы халықтың наразылығын туғызып, петиция жазылып, елдің қолдары жинала бастайды. Жазықсыз жазаланғандарды арашалап қалу үшін қаражат жиналады. Əсіресе, бұл шаруада белсенділік көрсеткен бір кезде Омбы техникалық училищесінде Əлихан Бөкейханмен бір курста оқыған Мəмбетəлі Сердалин болды. Халықтың белсенді қатысуымен дайындалған петицияны өзі Петербургке жеткізіп, Əлиханды істің мəн-жайымен таныстырады. Осы тұста халқымыздың ардақты ұлы, саяси көсемі Əлихан Бөкейхан былай дейді: «Если бы правительство сознательно пожелало отделить казахский народ от русского просвещения и толкнуть его в обьятия панисламизма, то ничего нельзя было бы для этого и придумать, как начать преследование против популярного Науана».
Ал, елге оралған соң Науан хазірет Көкшетау мешітінде молда болады. Шəймерден Қосшығұлұлы өзінің Балықты көліндегі мекенінде алты бөлмелі ағаш үй салдырып, мектеп ашқан. Орыс мұғалім алдырып, екі жылдай бала оқытқан, барлық шығынын өзі көтерген. Ел ішінде беделді болған, мейірімділігі мен қайырымдылығы үшін жұрт оны жақсы көрген. Іскер де құнтты Ш.Қосшығұлұлы өз күшімен бірнеше кітап дүңгіршегін ашып, қазақ балаларын оқытқан. Өкінішке қарай, кейін асыра сілтеудің заманында осы мектеп үйін бұзып, ағаштарын үлестіріп алып, қора, қойма салуға пайдаланған. Сөйтіп, елге білім нəрін сепкен тағы да бір мəдени орда жер бетінен жойылып, ізсіз-түзсіз жоғалды.
Шəймерден заманында өте білімдар, бар саладан сауатты болған, адам денсаулығына ерекше назар аударған, кемтар жандарға қол ұшын бере жүрген. Мұны дəлелдейтін мысалдар көп-ақ. 1919 жылы ақ пен қызыл болып ел іші бүлініп тұрған кезде Шошқалы көлі маңында інісі Есмағамбет жылқы айдап келе жатып ақтардың қолына түседі. Оны тұтқындаған, қолдарына мылтық ұстаған, көңілдері желденген бір орыс, бір татар жауынгері атып тастамақшы болады. Табанда атып тастамаққа бірден келісе алмайды. Ақыры, сол ойларынан қайтпаған арамзалар намаздыгер шамасында намаз оқып тұрған тұтқынды атып құлатып, өлді деп жөндеріне кетеді. Бұл хабарды естіп, жедел көмекке келген Шəймерден өткір ұстарамен операция жасап, алтыатардың денеде қалып қойған оғын алып, інісін өлімнен арашалап қалады. Шəйкен ағасына өле-өлгенше рақметін айта жүрген Есмағамбет 1956 жылға дейін өмір сүрген. Шəймерден Қосшығұлұлы қошқардың, киіктің мүйіздерінен дəрі жасап, науқастарды емдеген. Оқыған, көпті көрген Шəймерден өзінің атажұртында көптеген соны бастамаларға мұрындық болған. Бұл өңірде тұңғыш рет ел арасында «қызыл құдық» атанған баспа құдық (қазіргі су колонкасындай) қаздырып, құбыр тартқызған. Одан тек ауыл-аймақ қана емес, кірешілер де шөлін басып, алғыс айтатын болған. Сол құбырдың қалдықтары соңғы жылдарға дейін сақталған екен.
Шəймерден Керейдің Шегірінен шыққан Қожаберген байдың қызы Мəуезирамен тұрмыс құрған. Ол сəн-салтанатымен, дүние-мүлкімен келін болып түсіп, басқа үйдің, жаңа отаудың табалдырығын аттаған. Сол заманда сол төңіректе кездесе бермейтін жиһаз – сазымен сыңғырлап ашылатын сандық ауылдастарына ауыз жаптырмас əңгіме болып, өзімен бірге ала келген аспазшы татар қызы да, көк кептер ұстап, кептер ұшыру өнері де ауыл-аймақты таңғалдырған. Соның өзінде де иманжүзді, дүниенің парқына терең бойлаған Шəймерден дүниеге көп қызықпаған, сəндік құрмаған, байлық қумаған. Уақытының көбін оқу мен ғылымға арнаған. Сол Мəуезира зайыбы – ері Шəймерденге үш ер бала, екі қыз бала сыйлады. Енді оларды рет-ретімен айтайық.
Үлкені – Əбдір 1911 жылы туған, кемел шағында Ұлы Отан соғысы майданында, Белоруссияның Медведково кентінде қаза тапқан. Екінші ұлы – Файзырахман 1915 жылы туып, 1997 жылы ақпанда қайтыс болған. Соғысқа қатысып, қайтып келгеннен кейін ұзақ жылдар бойы жергілікті поштада қызмет атқарған. Зайыбы Қайни балаларын тəрбиелеп, санатқа қосқан. Оның ұлы Еркін Файзырахман ортан қолдай азамат, агроном болып еңбекке араласты. Қазір Біржан ауылында тұрады. Үшінші ұлы – Əбдірашит 1925 жылы туған. Ұзақ жылдар шаруашылықта есепші болып қызмет атқарған. Зайыбы Сара балалары Ерік, Ермек, Серіктерді жəне қыздары Əмина, Заида, Майраларды тəрбиелеп ел қатарына қосты. «Орнында бар – оңалар» демекші, ат ізін тай басып, өмір жалғасып жатыр. Шəймерденнің екі қызының үлкені – Нағима 1918 жылы, кішісі – Сапия 1922 жылы туған.
Бүгінде Қосшығұл бабаның тұқымы, үрім-бұтақтары өскен, өрбіген орта. Құрыштың Бəдігүл есімді қызынан туған Серік Акпенұлы Аяғанов жоғары санатты білікті дəрігер. Көкшетау облыстық ауруханасының бұрынғы бас дəрігері, ел таныған азамат. ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған. Əпіштің Мағрипа есімді қызынан туған Рахым Алпысбайұлы ауыл ақсақалы, нағашы аталары сияқты жерлестерін елдікке, бірлікке, имандылыққа үндеп жүр. Ол кісі кезінде Мəуезира шешесінің бауырында өскенін əр кез айтып отырады. «Уызына жарыған» деген сөзде үлкен мəн бар-ау. Сол жоғарыда əңгіме болған Қожабергеннің бір қызы Бифатима Бағыс Қашағанұлына тұрмысқа шығады. Олардың ұлы Хакімжан өнерлі адам болған. 1939 жылы Мəскеу қаласында Сталиннің алдында əн салған деседі. Оның немересі Жамбыл Қасқатайұлы Көкшетау өңірінің белгілі азаматы болып, республикаға танылды. Жоғарғы заң шығарушы орган – Парламенттің жауапты қызметкері болып қызмет атқарған.
XX ғасырдың беташар оқиғасы – Ресей империясының басқару жүйесіне қарсы 1905-1907 жылдардағы орыс революциясының жойқын дүмпуі Дала өлкесін де шарпып, қазақ зиялыларын саяси белсенді күрес майданына алып шықты. Қазақ оқығандары халқының саяси-əлеуметтік, мəдени-рухани өмірдегі теңсіздігін, демократиялық қарапайым құқының жоқтығын тілге тиек етіп, ел арасында түсіндіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізген листовкалар таратып, жоғарғы мəртебелі билік иелеріне петиция-38 үлгісінде талап қойды. Патша əкімшілігі елдегі саяси-əлеуметтік шиеленістің уақытша шешімін табу, алдаусырату мақсатымен бірсыпыра демократиялық жеңілдіктер жасап, елдің талап-тілегін орындауға мəжбүр болды. Əсіресе6 заң шығаратын жоғарғы орган Мемлекеттік Думаға қазақ халқының мүддесін қорғайтын ұлт өкілдерінен депутат сайлауға, ана тілінде мерзімді баспасөз құралының жарық көруіне қол жеткізу – сөз жоқ, сол дəуірдегі ел қамын жеген зиялы жандардың үлкен жеңісі еді.
Алайда, патша əкімшілігі өзінің бұл жіберген шегінісінің қарымтасын қайырып, орнын толтыру үшін шет аймақтағы бодан елдерді отарлаудың бұғауын бұрынғыдан да бетер күшейте түсті. Империялық саясат ішкі Ресейдегі шаруалардың жерге деген мұқтаждығын шешіп, революциялық өрлеуді басу үшін оларды қазақ даласының шұрайлы жерлеріне орналастырып, бірнеше жылға алым-салықтан босатып, мемлекеттік қолдау жасады. Орыс шаруасы мен қазақты бір-біріне айдап салып, саясаттың бетін бұрып, сырттай бақылап отырды. Қазақ халқының жаңа заманның көшіне еріп, өркениетті елдермен терезесі теңесуі үшін оқу-өнердің ауадай қажеттігін санасына сіңіру күн тəртібінде тұрды. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынұлы «Қырық мысалмен» үлгі беріп, «Масасымен» шағып, Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп маң даланың көгінде ұрандап, жар салды. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін саяси мінбеге айналдырып, ұлт зиялылары халқына дəріс берді. Əлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы сынды саяси-рухани көсем тұлғалардың отты мақалаларынан күш алып, жігерін жаныған.
Шəймерден Қосшығұлов айдаудан елге келген соң саяси жұмысқа араласады. Ол өмірінің мəнін туған халқына қызмет ету, оның имандылық кемелденуіне жəне ағартуына арнау деп түсінді. Думаға алғашқы сайланғандардың бірі – Шəймерден Қосшығұлұлы. Оны ел-жұрты аса қадір тұтқан. Жергілікті халықтың басым көпшілігі бірауыздан оны депутаттыққа сайлағанымен, комиссияның шешімі бойынша орыс тілін білмейді деген желеумен оны Дума мүшелігіне тіркемеген. Депутат етіп сайлағанда ол 32 жаста болатын. Ақмола облысының халқы оны II Мемлекеттік Думаға да депутат етіп сайлады.
Бірінші Мемлекеттік Дума сайлауы қазақ даласында 1906 жылдың көктемінде басталды. Сайлау науқанының ең қызған кезі сəуір-маусым айларына тұстас келді. Дала өлкесінде жарияланған əскери жағдай сайлау өткізуге жəне оған қалың бұқараның қатысуына көп қиындық келтірді. Бірінші Мемлекеттік Думаға Торғай облысынан Ахмет Бірімжан, Уфа губерниясынан Сəлімгерей Жантөре, Орал облысынан Алпысбай Қалменұлы, Астрахан губерниясынан Бақтыгерей Құлман мен Дəуіт Ноян-Тұндыт, Ақмола облысынан Шəймерден (Шаһмардан) Қосшығұлұлы, Жетісу облысынан Молда Тайынұлы жəне Семей облысынан Əлихан Бөкейхан сияқты тұлғалар депутат болып сайланды. Бірақ, бірінші Думаның ғұмыры ұзақ болған жоқ. Демократиялық өзгерістерден қорыққан патша үкіметі 1906 жылдың 8 маусымында оны таратып жіберді. Жүздеген жыл елді жеке-дара билеп-төстеп үйренген, жұртшылық пікірімен санасып, ел адамдарының ақылына құлақ асып көрмеген патша ағзам үшін демократиялық өзгерістердің аздаған көріністерінің өзі ерсі, түрпідей көрінді.
Бірінші Мемлекеттік Дума депутаттары өздеріне үміт артқан, монархияның ғасырлар бойғы езіп-жаншуынан жəне содан туындаған қайыршылықтан, жерге тапшылықтан құтылуды армандаған ұлт мүддесін жоғары мінбеде қорғап, халық сенімін ақтау үшін көп күш жұмсады. Алғашқы құрамына қазақ өкілдері де енген орыс парламентінің ғұмыры қаншалықты қысқа (73 күн) болса да, тек Ресей ғана емес, қазақ халқы үшін де оның орасан зор тарихи маңызы болды. Дей тұрғанмен, Ресей империясы Думадан мүлде қол үзе алмады, жаңа Дума сайлауын өткізуге мəжбүр болды.
Екінші Мемлекеттік Дума өз жұмысын 1907 жылғы 20 ақпанда бастады. Оның құрамына Ақмола облысынан Ш.Қосшығұлұлы, Торғай облысынан А.Қ.Бірімжан, Семей облысынан Т.Нұрекен, Жетісу облысынан М.Тынышбайұлы, Сырдария облысынан Т.Аллабергенұлы, Орал облысынан Б.Қаратай, Астрахан губерниясынан Б.Құлман сияқты қазақтар депутат болып сайланды. Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған Шəймерден Қосшығұлұлы Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургте қайнап жатқан өмірдің ортасына түсті. Əртүрлі көзқарастағы саяси ағымдардың, олардың өзара идеологиялық күрес, пікірсайыс, таластарынан жаңа, тың деректер, мағлұматтар алып, оның саяси таным көкжиегі кеңи түседі. Сол жылдары жас қазақ интеллигенциясы туған жерден жырақта, алып империя астанасында газет шығармақшы болып, баспасөзбен айналысуы теңдесі жоқ азаматтық ерлік еді. Шəймерден Қосшығұлұлы қазақ халқының ұлттық санасын ояту мақсатымен Петербургте татар тілінде шығып тұрған, редакциясын Əбдірашит Ибрагимов басқаратын «Улфат» газетіне өз қаржысымен «Серке» атты қосымша шығаруға кіріседі. Ол бұл газет арқылы жерлестерінің патриоттық сезімін, жеке бастарының қадір-қасиетін бағалап, санасын, жігерін оятуға тырысты. Ұзаққа созылған дау-дамайдан соң «Серке» газетінің бірінші саны 1907 жылдың наурызында жарық көрді.
XX ғасырдың басында Ресей патшалығының саяси аренасында бой көрсеткен салмақты күштің бірі – мұсылман қозғалысы болды. 35 миллион Ресей мұсылмандары ұлт азаттығы үшін, өркениеттің елеулі мəселелері, дін жəне тіл үшін күресті. Мұсылман қозғалысы татар, башқұрт, қазақ, өзбек, əзірбайжан, тағы басқа түркі тектес халықтардың Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы жауабы ретінде өмірге келді.
1905 жылы 15 тамызда Нижний Новгородта алғаш рет мұсылмандардың жалпыресейлік съезі болып, оған Ресейдің шартарабынан 150-ге жуық делегаттар қатысты. Олардың арасында қазақ халқының өкілі, молда Шəймерден Қосшығұлұлы да бар еді. Үкімет орындары ресми рұқсат бермегендіктен, Ока өзеніндегі «Густав Струве» кемесінде жасырын өткен съезге Исмайыл Гаспринский (Исмаил бей Гəспірəлі) төрағалық етті.
«Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы 1906 жылы 16–21-тамыз аралығындағы болған үшінші жалпыресейлік мұсылман съезінде қабылданды. Бұл құрылтайда 15 адамнан тұратын Орталық комитет сайланды. 800-ге жуық делегат қатысқан Нижний Новгород қаласындағы бұл съезге Ш.Қосшығұлұлы, А.Қойғабарұлы, Н.Дауылбайұлы жəне тағы басқалары қазақтар қатысты. Олар съезде құрылған арнайы комиссиялар құрамына еніп, қазақ халқының дін, оқу-ағарту, жер мəселелеріне қатысты талап-тілектерін білдірді. Орталық комитетке мүше болып, қазақтардан С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлұлы енді. Қазақ даласына орыс шаруаларының қоныс аударуын тоқтатып, оның қателігіне үкіметтің назарын аудару мақсатымен Дума депутаттары Б.Қаратай, А.Бірімжан, Ш.Қосшығұлұлы, Т.Нұрекендер Егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы, князь Васильчиковке барып, осы мəселені қойған кезде алған жауабы мынау: «XX ғасырда қырғыздардың (қазақтардың – С.Ж.) көшпелі өмір салтын тоқтату керек. Сол үшін де жаңа қоныстанушылар керек-ақ».
1905 жылғы желтоқсанда Орал қаласында бес облыс қазақтарының съезі болып, онда қазақтың конституциялық-демократиялық партиясы құрылды. Съезге Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ғ.Тоқай, А.Бірімжанов, Б.Қаратаев, М.Тухватуллин, Ғ.Құлахметов, сондай-ақ, Ақмола оязының атынан мұғалім Шəймерден Қосшығұлов қатысты. Шəймерден осы съезде ұждан бостандығы, қазақтарға білім беру, қазақы салт-дəстүрді сақтау, мəдениетті өркендету жөнінде сөз сөйледі. Съезде қаралған мəселелер бойынша үндеу қабылданып, ол Ресей патшасына жолданды.
Шəймерден Қосшығұлұлы Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып елге оралғанда, пар ат жеккен пəуескемен ауылына келеді. Сонда Жуантөбедегі жайлауда халық қырық жерден ошақ қаздырып, қырық қазан көтеріп, той жасаған екен. «Тасы өрге домалады» деген осы емес пе, депутат Шəймерден ауылының палуандары түйе палуандарды жығып, жүлде алып жатыр, бəйгеден аты озып келіп, дегені болып-ақ тұр» деп, əзілдеген екен құрдастары. Шəймерден үкімет саясатына, идеологиясына қарсы адам деген айып тағылып, 1931 жылы Петропавл түрмесіне қамалады. Ол тар қапаста жатып ауылдастарына: «Мен Петропавлдағы «ақ түрмеде» жатырмын, құдай дем берсе елге де барармын. Бүгінгі атқа мініп, ел басқарып жүрген азаматтарға тапсырарым: елдеріңе адал болыңдар, менің отбасыма да көз қырларыңды сала жүріңдер», – деп хат жолдаған. Бір жылдан артық отырып, түрмеден босағаннан соң Омбы жағына ығысып кетуге мəжбүр болады. Түрмеден ауырып шыққан Ш.Қосшығұлұлының денсаулығы одан бетер нашарлап, екі айдан соң, 1932 жылдың шілде айында Омбыда, Шарбақты көлінің жағасында қайтыс болған. Туған елден жырақта, ағайын-тумаластан қашықта жүріп, ерінің жанына батқан науқасына қабырғасы қайысқан Мəуезира:
– Елге кетсек қайтер еді? – дейді.
– Мені енді əрі-бері сүйремеңдер. Маған топырақтың бұйырған жері осы болар. Ертең ақыретте дұғаның өзі аруақты табады, – деп, оған Шəкең бой бермеген дейді. Көз жасына булыққан Мəуезира бəйбіше:
– Енді мен қайда қалдым? – десе:
– Уа, шіркін-ай, əркімнің өз шаруасы бар-ау, – деп Шəймерден өмірінің ақырғы сағатына дейін əзілінен жаңылмапты.
Бейтаныс шет жерде жүріп, нар көтерер ауыр жүкті, азаматтың қабырғасын қайыстырар ауыр қайғыны көтерген асыл жар, арысын ақ жуып арулап, қасиетті табиғат-анаға тапсырады. Сол Мəуезира жетпіс үш жыл өмір сүріп, 1963 жылы дүние салған. Қайдар Шүйішбаев, Исақ Сахымов сияқты ауылдастары Омбы бетіне совхоз үшін картоп тұқымын алуға барғанда жергілікті халық олардың Көкшетау өңірінен, Еңбекшілдер ауданының Қоғам ауылынан келгендерін біліп, Шəймерден Қосшығұлұлы есімді иманжүзді адамның болғандығын айтып, жерленген жерін көрсеткен. Сол өңірдегі қазақ ауылдарында ауруға шалдыққандар, бала көтермеген əйелдер оның басына түнеп, топырағын алып кетуді дағдыға айналдырған.
Осы өлкедегі ұжымшар құрылысына белсене араласқан ардагер Сыздық Есмағамбетов ақсақал кезінде Ш.Қосшығұлұлы туралы мынадай естелік айтқан екен: «Біздің ауылымыз Қосшығұл мекенінен көп қашық емес, 2-3 шақырымдай ғана жер. Сол төңіректе Үкілі, Бақыр, Құлтаба ауылдары қарайлас, іргелес болатын. Мен 11-12 жасымда Шəймерден ағамызды тұңғыш рет көрдім. Қараторы, орта бойлы кісі еді. Ақ жорға атқа жеккен шанамен, қалың тон киіп ел аралап келе жатқан беті екен. Ел азаматтары хан көтеріп қарсы алды. Мен де сəлем беріп, қолын алдым. Сол отырыста елге шариғат, бірлік, адамгершілік жайында, намаз оқып, дəрет алудың артықшылығы туралы көп əңгіме айтты. Өте білімдар, оқымысты адам екен, біздер таңғалып, сондай болсақ деп армандаушы едік». Осы елдің белгілі ақсақалы, 17 жыл ұжым басқарған Рамазан Шортанбаев Шəймерден Қосшығұлұлын былай деп еске алады:
«Мен жас кезімде Шəймерден Қосшығұлұлын көрдім, үйінде болдым, бірге тамақ іштім. Біздің ауылымыз олардан 5-6 шақырымдай Қаратал деген жерде қоныстанған еді. Менің есімде Шəйкен молда домалақ бет, ақ шұбар, орта бойлы адам болып қалыпты. Төңірегіне беделді, ақ боз ат мініп жүретін, атына қамшы салғанын көргенім жоқ. Отырыстарда шариғат сөзін көп айтатын, боғауыз, бейпіл, қатты сөз айтпайтын. Ауылдастары «жарықтықтың жүзінде иманы тұнып тұр» дейтін. Қосшығұл ауылы кейін Шəймерден ауылы деп аталды». Шəймерден Қосшығұлұлының немере қарындасы Майра Болатқызы Жүнісова былай дейді: «Менің бабам Ораз Шəймерденнің əкесі Қосшығұлмен бірге туған. Сол Ораздан Жүніс өмірге келеді. Ал, Жүністен Болат, Мұрат, Мұхит есімді балалар туған. Менің əкем – Болат. Сегіз жасымда анам ұзаққа созылған жүрек ауруынан дүние салды. Біздің отбасымызда төрт ұл жəне мен, яғни, бес ағайынды едік. Əкем əрі əкенің, əрі ананың қызметін атқарған мейірбан жан еді. Бала кезімнен əкемнің қасынан қалмай айтқан əңгімелерін тыңдап, басынан кешкен өмір тарихына қанық болып өстім. Шəймерден атамыздың аты атаусыз қалды, тағдыры тəлкекке түсті. Үлкендер жиналған жерде əртүрлі əңгіме болады ғой, кейде тіпті табалауға дейін баратындарды да көрдік. Əкем соған қатты түңілуші еді.
Ол ауылдағы молда мектебін бітірген соң, Қызылжар қаласындағы сауда училищесінде оқыған адам. 14 жасында сол қалада түрмеде қамауда отырған Шəймерден атамды іздеп барып, жолығыпты. Кейінгі жылдары да əкем Шəймерден атамыз екі қоғамда да қуғынға түсті, өмірден жастай кетті деп, оның тумаластарына, Омбы облысындағы жерленген жеріне барып, басына белгі де қоймадық деп қиналатын. Əкем ылғи «Я, Алла, біз Марал-ишан ұрпағымыз, ата аруағы бəле-жəледен сақтай гөр» деп бата беретін еді. Біздің арғы бабаларымыз, Ораз бен Қосшығұлдың əкелері сол Марал-ишан еді. Қазақ даласында ол үлкен беделге ие. Заманында үлкен қайраткер болған, халқының тəуелсіздігі үшін күрескен Марал бабаның, Шəймерден Қосшығұлұлының ұрпақтары болғанымызды мақтан тұтамыз. Тəуелсіздік алған қазақ елі ұзақ уақыт ұмыт қалған бабаларымыздың есімін халқымызға қайтарғанына ризамыз».
1995 жылы жарық көрген «Ақмола» энциклопедиясында Көкшетаудағы атақты Науан хазіреттің шəкірті, артына өшпес із қалдырған, ел қамын жеген Шəймерден Қосшығұловқа үш жол ғана беріліпті, оның өзінде де қателер қаптап жүр. Біріншіден, туған жылы белгісіз, екіншіден, 1920 жылдары қайтыс болды делінген. Ал шын мəнінде оның өмір сүрген кезеңі 1874-1932 жылдар. Үшіншіден, бірінші Мемлекеттік Дума депутаты делінген, алайда, ол екінші Мемлекеттік Думаның да депутаты болған. Мұсылман қозғалысы, Дума жанындағы Мұсылман фракциясы, Петербург қаласында «Серке» газетін шығарудағы оның еңбектері туралы жұмған ауыз ашылмаған. Төртіншіден, тіпті оның аты-жөні де дұрыс жазылмаған. Осы орайда жəне бір айтпағымыз, алуан түрлі жарық көрген əдебиеттерде, мұрағат құжаттарында оның аты-жөні бұрмаланып, Шах Мардан Кожегулов, Шахмарден Кошигулов, Кошугулов, Қошығулов, Кошеулов болып жазылып келген. Тарихтағы мұндай ала-құлалыққа зерттеушілер мұқият назар аударар деген ойдамыз. Шəймерден Қосшығұлұлы қазақ халқының білімді, зиялы өкілі ретінде бұқараға құдай сөзін, шариғат талаптарын ғана жеткізіп қойған жоқ, сонымен қатар, халықты ағарту ісіне де белсене араласып, оның болашағы үшін табанды түрде күресе білді. Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясының Санкт-Петербургте жарық көрген газеті арқылы халықтың санасын оятуы, не болмаса халқының қамы үшін Абайға хат жазуы, ел мүддесі жолындағы тағы басқа да игілікті істері оның жалпыұлттық деңгейдегі, ой-өрісі, дүниетанымы кең тұлға болғандығын көрсетеді.
Бүгінгідей тəуелсіз ел жағдайында Шəймерден Қосшығұлұлының туған жəне жарық дүниемен қоштасқан жерінде түбі бір жарқын тұлғасына сай мәңгі есте қалдыру шаралары да атқарылар, оның есімімен елді мекен, мектеп, көшелер де аталар, халқымыздың жүрегіне жақын ардагер ұлдарының – тарихи тұлғалардың арасынан өзінің лайықты орнын да алар деген сенімдеміз.
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және
этнология институтының ғылыми қызметкері.
сурет e-history.kz сайтынан.
![]()

