Рухтары үндес, ұлылықтары сабақтас тұлғалар

ҚАЗАҚТЫҢ ҚОС БАТЫРЫ

Ұлт тарихында есімі алтын әріппен таңбаланған дара тұлғалар бар. Солардың ішінде қайсар мінезді қолбасшы, аңызға айналған батыр, терең ойлы жазушы Бауыржан Момышұлының орны ерекше.

Биыл алдымыздағы 24 желтоқсанда Кеңес Одағының Батыры, ұлт ұстыны Бауыржан атамыздың туғанына 115 жыл толады. Ал, оның рухани інісі, даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанына өткен 15 қарашада 110 жыл толды. Екі ардағымыздың туған жылдарын сонда бес жыл ғана бөліп тұр. Қос өшпес ғұмыр да ерліктің, елге адалдықтың, ұлт рухын биіктетудің шынайы үлгісі. Батырлардың туған күндері тек тарихи дата емес, олардың ұрпаққа қалдырған өшпес мұрасын құрметтеп, рухани биігін бағалайтын күн.

Бауыржан Момышұлының жауынгерлік рухымен үндес, ой тереңдігімен сабақтас тұлғалардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, майдангер-ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллин. Бұл екі алыптың байланысы – жай ғана қызметтестік емес, тағдыр тоғыстырған рухани туыстық, әскери бауырластықтың асыл көрінісі. Екеуін біріктірген – ерлік, елге қызмет, адамшылық пен ар-намыс.

Мәлік Ғабдуллин – ғалым, әдебиетші, батыр командир болса, Бауыржан Момышұлы – аңызға айналған қолбасшы, әскери стратег, халық қаһарманы.

Қан майданның ортасында табысып, бейбіт өмірде ел қамын ойлап, еңбек еткен қос тұлғаның арасындағы сыйластықты Мәлік Ғабдуллин музейі қорындағы батырлардың бір-біріне жазған хаттарын саралай отырып, анық аңғаруға болады.  Бауыржан Момышұлы 1944 жылы  бесінші мамырда: «Мәлікжан! 25.05.44-те салған хатың мен газетті бүгін алдым. Толық хабарды ертең-бүрсігүні жазармын хатыңды алғанда. Жазып жүргендерің дұрыс. Бірақ та сен көркем жазушы болмағын. Ондайлардан онша кедей емеспіз (әрине, көркемдік өзінен-өзі сандалып келіп қалса көкірегінен итермессің). Сенің жазуларың зерно – дәнек болсын, ақиқат дәлелдеме документ болсын, не жазсаң да мына төрт мәселені есіңнен шығармай отырып жазғын. Олар: 1. Жазбаның саяси документ болуы; 2. Жазбаның тарихи документ болуы; 3. Жазбаның әдебиет документі болуы; 4. Жазбаның әскери өмірбаян документ болуы. Барлығы фактілі, дәлелденген, документке сүйенген, жалпылауыш (обобщения) болып, әскери ағарту мазмұнды болсын (военно-биографич). Кейінгісі, имея ввиду, что из военной биографии личности складывается (слагается) военная биография народа. Тілі түрпідей болса да мейлі, оның оқасы жоқ, газетчиктерше жып-жылмағай етіп, жұп-жұмыр еткен сапалы болып шықпайды. Кованным, сурово правдивым, резкомысленным, скупым языком воина-солдата болып жазылғандығында оның бағасы – қасиеті. Военная философия, военная технология, тактикаларды рассуждать ету өте керекті. В этом сущность военно-просветительного характера произведения», – деп хат жолдап, Мәліктің білімін, парасаттылығын ерекше бағалап, оған бағыт-бағдар беріп, әрдайым ағалық кеңесін айтып отырған.

Хатта жазуға қойылған талаптар Мәлік Ғабдуллинге ғана қатысты емес, қазақ әскери әдебиетінің дамуына арналған қағидаттар іспетті. Момышұлы «жазу – әскери өмірбаянның айнасы, шындықтың құжаты болуы тиіс» деп, мәтіннің кестелі емес, «солдаттың кованным, шыншыл тілімен» жазылуын талап етеді. Бұл – батырдың әдебиетке де әскери тәртіптей жауапкершілікпен қарағанының дәлелі.

Ал, Мәлік Ғабдуллин өз хаттарында Бауыржан Момышұлының   ерлігін, мінезінің мәрттігін, әскери шешімдерінің даралығын айтып, шынайы құрметін ашық білдіреді.

Мәлік Ғабдуллин Бауыржан ағасына хат жазғанда еркелеп отырып, «Ардақты Баукеш! Ақыл ойдың арнасынан шыққан асыл сөздеріңізбен шын жүректен құтты болсын айтып жазған ашық хатыңызды алдым. Бар жан-тәніммен риза болып отырмын. Ұяңда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген ғой. Тар жол, тайғақ кешу кезінде, тас қамалды бұзып, темір қоршауды қирата шыққан кездерде біздің үлгі алған адамымыз, ақыл мен адамгершілігіне, қайраты мен өсиетіне сенген адамымыз да Сіз едіңіз. Сіз басшы, біз қосшы болдық. Атақ үшін емес, ар-намыс үшін, халық алдындағы борышты өтеу жөнінде де Сізден үлгі алдық, Бауке. Тек аман-сау болайық. «Өзге қазақ тамаша бола жатар соңынан» дейтін өлең де бар емес пе? Қазақ халқының қадырлысы, арда өскен атағыңыз, соңына мыңды ертіп, қаһарлы жаудың тас қамалын бұзуға аттандырған ержүрек ұлы Бауке, Сіздің дәрежеңіз артып, мәртебеңіз үстем бола беруіне шын көңілден тілектеспін. Ақыл мен қайраттың, адамшылық пен батырлықтың тұлғасы болған Баукеш, халқыңыздың рахаты мен болашағы үшін жасаңыз. Інілік сәлеммен еркелеп, қолыңызды қысып, мойыныңыздан құшақтап, бетіңізден сүйдім. Ініңіз Мәлік. 13.03.1943 ж.

Р.S. 1-майыңыз құтты болсын! Жайнаған жазда жарқын болуыңызға тілектеспін!», – деп Бауыржан ағасын «ақыл мен адамгершіліктің, қайрат пен ерліктің үлгісі» деп бағалап, майдандағы және кейінгі кезеңдегі қоғамға қажет тұлға ретінде жоғары қояды. Тіпті кей тұста елдік мәселелерге қатысты өз ұсынысын білдіре отырып, Бауыржанның білімі мен тәжірибесін мемлекеттік қызметке лайық көретінін жасырмайды. Бұл – әріптестік сенімнің, азаматтық құлшыныстың, шынайы бауырластықтың сөзсіз айғағы.

Мәліктің тіл, терминология, ұлттық мәдениет жөніндегі ойлары да Бауыржанмен рухани үндестігін байқатады. Екі тұлғаның да мақсат-мүддесі – қазақ руханиятының өркендеуі, тілдің, ұлттық құндылықтардың сақталуы, ел болашағының жарқын болуы. Олардың хаттары – екеуара сыйластықтың ғана емес, сол дәуірдің ой-санасының, елдік мұрат жолындағы күрестің айқын айғағы.

Бауыржан – әскери философ, Мәлік – жауынгер-ғалым. Бірі тактика мен рухтың биігін көрсетсе, екіншісі шындықты жазудың мәдениетін қалыптастырды. Екеуінің достығы – қазақтың ерлік шежіресінде қатар тұрған қос биік тұлғаның бір-бірін толықтырған ұлы үндестігі.

Бүгінгі ұрпақ үшін бұл сыйластық – өнеге, елге арналған адал қызметтің өлшемі.

Жанат ҚАЖЫБАЙ,
Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар