Агроөнеркәсіп саласының ғылыми мәселелеріне бойлады

ДАМУ БАҒЫТЫ

Қазақстанның ірі астықты аймақтарының бірі – Ақмола облысында өткен соңғы Ғылыми-технологиялық сессия (Хакатон) Үкіметінің ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру жүйесіндегі басымдықты өзгертуге деген ұмтылысын айқындады. Екі күнге жалғасқан ғылыми, экономикалық, экологиялық маңызы бар іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн қосылса, іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, сондай-ақ, Ш.Уәлиханов университетінің ректоры Марат Сырлыбаев арнайы келіп қатысып, хакатонның маңызына тоқталды.

Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың «тек нақты экономика секторының проблемаларын шешетін ғылым ғана мемлекет игілігіне жұмыс істейді» деген қағидатын басшылыққа алған реформаның басты мақсаты – бір жағынан ғылыми орта мен екінші жағынан қымбат шетелдік шешімдерді сатып алуға мәжбүр болған индустрия арасындағы алшақтықты азайту. Бұл бастама отандық кәсіпорындардың шетелдік ғалымдарға жүгіну тенденциясын азайтуға және еліміздің ғылыми әлеуетін мемлекеттік деңгейде қолдауға бағытталған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл мақсатқа жету үшін Ғылыми-технологиялық сессиялар форматын қолдануда. Бұл сессиялар бизнестің өзекті халық шаруашылығы проблемаларын жедел түрде тұжырымдауға арналған бастапқы алаң қызметін атқарады. Ғалымдар мен зерттеушілер өздерінің академиялық базасын пайдалана отырып, ұсынылған мәселелердің шешімдерінің прототиптерін жылдам әзірлейді.

– Министрліктің негізгі міндеті – нақты экономика салаларының түйткілдерін шешу үшін мемлекет тарапынан ғылыми-зерттеулерге қаржы бөлу. Осы орайда, ғылымның экономикаға үлесін арттыруда ғылымның үлесін арттыру үшін бизнес өкілдерімен байланыс өте маңызды. Бұл – бизнестің және ғылымның өзара әрекеттесу форматы, онда олар мәселелерді бірлесіп талқылап, шешімдер табады. Зерттеуге бизнес пен мемлекет қаржы беретін тиімді тетік – деп түсіндірді модератор Олег Мецик.

Бизнестің мақұлдауын алған жобалар қаржы алу үшін техникалық тапсырманы құрылымдау кезеңіне ауысады. Бұл бастаманың табысты болуын қамтамасыз ететін ең маңызды стратегиялық элемент – бірлескен қаржыландыру моделі. Егер агрокәсіпорын жобаға өз қаражатынан 30 пайыз инвестициялауға дайын болса, бұл шешілетін мәселенің олар үшін шынымен де маңызды екенін білдіреді. Бұл модель бойынша зерттеу (Research) шығындарының 70 пайызын мемлекет өтейді. 30 пайызын бизнес инвестициялайды.

Кәсіпорын бұл жерде жай ғана қызмет алушы емес, нәтиже үшін жауапкершілігі бар мүдделі серіктеске айналады. Бұл тәсіл мемлекеттік ірі қаражатты (жүздеген миллион теңге) отандық баламаларды, мысалы, ауыл шаруашылығы секторына арналған пилоттық дрондарды әзірлеуге бағыттауға мүмкіндік береді. Осылайша, ақша ел экономикасында қалып, жергілікті ғылыми әлеуетке инвестицияланады. Зерттеу жобаларының толық циклі әдетте үш жылға дейін созылады.

Ғылыми-технологиялық сессияда жұмыс топтары аграрлық секторда жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық шешімдерді қолдану бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

– Бүгінгі сессияның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің мәселелерін ғылыми қауымдастықпен бірлесіп шешу. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ғылыми-зерттеулерді қыржыландыру үшін бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру нысаны көзделген. Аталған қаржыландыру бойынша конкурс жариялау үшін ғылыми-техникалық тапсырмалар әзірленеді. Осы өткізіліп отырған Хакатон нәтижесінде жұмыс топтарымен ғылыми-техникалық тапсырмалар әзірленіп, жолданады, – деп, ғылыми техникалық тапсырмалар Министрліктің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстары аясында қарастырылатындығы туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің қызметкері Мұхамедәли Зейілбек хабарлады.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар