АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ…
Әрбір кәсіп құрметке лайық, ал, жұмысқа деген адал көзқарас табыстың және ішкі көңіл тыныштығының кепілі.
Адал еңбек – бұл тек қоғам, жұмыс беруші алдындағы өз міндеттеріңді орындау ғана емес, әрдайым ар-ожданға сәйкес әрекет ету, басқалардың еңбегін құрметтеу және өз іс-қылығың үшін үнемі жауапкершілікте болу. Мұндай көзқарас тек оң нәтижеге қол жеткізуге ғана емес, сонымен қатар, ұжым мен қоғамда мықты қарым-қатынас орнатуға көмектеседі.
Біздің мемлекетіміз әрі қарай да өсіп нығаяды, онымен бірге, балаларымыз да өсіп жетіледі. Олар да, біз де, бәріміз материалдық игіліктерге, рухани байлыққа адал еңбекпен жетеміз, жетіп те келеміз. Өз еңбегінің нәтижесін көрген адам осыны мақтан тұтады, өзін қоғамға пайдалы және қажетті сезінеді. Бұл да бақыттың шынайы көрінісі, адамның өз-өзіне қанағаттанып, қанаттануы дер едік.
Біздің Станционный кентінде өз өмірін осы адал еңбекпен өрнектеп келе жатқан жандар көп. Солардың бірі теміржолшы Жанат Сүйіндіков. Ол болат жол бойында 30 жыл еңбек етіп келеді.
Адамның өмірінде еңбектің маңызы зор екенін айтсақ, төгілген маңдай тер ешқашан бекер кетпейді. Сондай «адал еңбек – адам көркі» деген сөзді терең түсінген адамдардың қатарында осы Жанат ағамыз да бар. Ол кісі және осындай мүддедегі жандар өмірде адал жолмен еңбек етіп, сол еңбегінің нәтижесін қанағат тұтады. Қиындығы мен ауыртпалығы болғанымен, адал еңбек арқылы тапқан табыс әрқашан өзіңе қымбат. Сондықтан, адам баласы жұмысы мен қызметінің жоғары немесе төмен, жеңіл не ауыр, тапқан табысының аз немесе көптігіне емес, бірінші кезекте соның адалына, қайырына мән беруге тиіс. Осыған бүгінгі жылдам ақша табуға асық жастар жағы да анда-санда ой жүгіртіп қойса, артық емес.
Р.ТҰРЛЫБЕКОВА.
![]()

