Қоршаған ортаны таза ұстау ұлттық үрдіске айналуы қажет

ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ

«Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттердің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында.

Осы басты құжаттың жетінші бағытында халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажеттігіне ерекше назар аударылып, «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығы, ел ішін көгалдандыру, жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселелері кеңінен көтерілді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы тұтас халқымызды біріктірген, бір арнаға ұйыстырған берекелі бастама болғандығы айтылды. Осы бастама шеңберінде экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы қабылданғаны белгілі. Бұл шаралар халықтың, қоғамның қоршаған ортаның құндылығын сезінуге, табиғатты сақтау жауапкершілігін ұғынуға, үнемді тұтыну және экологиялық проблемалардан хабардар болып жүруіне бағытталған.

Ақмола облысы бойынша экология департаменті ел Президентінің экология бағытындағы әр бастамасын қолдап, ведомствоға жүктелген міндеттерді жоспарлы түрде орындап келеді. Облыста жоғарыда аталған тұжырымдама шеңберінде экологиялық іс-шаралар әрбір аудан-қалалардың, елді мекендердің аумақтарында жыл бойы өткізілуде.  Акциялар аясында аумақтарды жинастыру, су айдындарын тазарту және маңайларына ағаш отырғызу секілді игілікті жұмыстар атқарылуда.  Осылайша, 2024 жылы өңірде көгалдандыру аясында жоспарланған 23,5 мың түп ағаштың орнына 26 мыңнан астам көшет отырғызылып, бастапқы жоспар асыра орындалды. Ол 10,4 гектар аумақты қамтыды. Сол жылы жиналған қоқыс-қалдықтардың көлемі 2,7 мың тоннадан асты. Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар арасынан 12,6 мың адам қатысты.

Облыста «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы шеңберінде өңірлік іс-қимыл жоспарын іске асыру жалғасын табуда. Биылғы жоспарға сәйкес 30-дан астам іс-шара өткізу көзделген, осы уақытқа дейін негізгілері уақытылы және сәтті орындалды деп ауыз толтырып айта аламыз.

Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылған іс-шараларға барлығы 730 мыңнан астам ақмолалық қатысты. Көппәтерлі тұрғын үйлер мен жеке меншік үйлердің аумақтарын қоса есептегенде, 140758 аула күл-қоқыстардан тазартылып, айналасы абаттандырылды. Сондай-ақ, 758 саябақ пен сквер, 1779 тарихи-мәдени ескерткіш ретке келтірілді. Бұл ретте, 82 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жоспарланған мерзімге сәйкес елді мекендерде биыл да көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 175 мың көшет отырғызылды.

Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде облыста күзде де  маусымдық жоспарлар орындалды. Елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру бойынша дәстүрлі науқан жалғасын тауып, жас ағаштар мен бұталар отырғызылды, көшелер, аула аумақтары, саябақтар мен скверлердің маңы, ағынды сулар аумағы  тазартылып, көппәтерлі үйлер мен түрлі ұйымдардың ғимараттарының қасбеттері абаттандырылды.  Осы жұмыстарды жүргізу үшін апта сайын «Таза бейсенбіліктер» мен «сенбіліктер» ұйымдастырылды. Оларға өңір тұрғындары, меншік нысанындағы мекемелер мен ұйымдардың иелері мен қызметкерлері, еріктілер мен жастар тартылды.

Ұйымдастырылған іс-шаралардың ішінде ең ірісі ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде өткен «World clean-up day» (дүниежүзілік сенбілік) ауқымды акциясы болды. Оған 17 мыңнан астам ақмолалық бір мезетте қатысып, нәтижесінде 742 гектар аумақ тазартылып, 1,2 мың тоннаға жуық қалдықтар жиналды. Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері туған жердің табиғатын таза сақтау шараларына 700 мыңнан астам ақмолалық қатысты.

Ағымдағы жылы өңірдің елді мекендерін абаттандыруға облыстық бюджеттен шамамен 1,4 миллиард теңге қарастырылып, бұл қомақты қаражат Целиноград, Бұланды, Қорғалжын аудандарындағы, Көкшетау қаласындағы ғимараттардың қасбеттерін жөндеу мен балалар алаңдарының құрылысына бағытталды.

Экология мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдауға арналған «Таза Қазақстан» телеграм-бот платформасы жұмыс істейді. Өткен 2024 жылы 163 өтініш келіп түссе, олардың 148-і бойынша шешім қабылданып, орындалды, қалған 15-інің күші жойылып, бас тартылды. Ал, биыл жыл басынан бері 320 өтінім келіп түсіп, 289-ы орындалды, 7-еуі орындалу үстінде, 24-інен бас тартылды. Шағымдардың орындалуынан бас тарту себептері көбіне өтінім берушінің аты-жөні мен мекен-жайы, байланысу ақпараттарының болмауы. Бұл өтінім-шағымдардың басым көпшілігі аумақты санитарлық жағынан таза ұстау, көшелер мен тротуарларды, автобус аялдамаларының маңайын тазарту,  қардан аршу, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару мәселелері бойынша түседі.

Облыс тұрғындарына телеграм-боттың жұмысы, сонымен бірге, экологиялық науқандардың өткізілуі туралы ақпараттар алдын ала әлеуметтік желілерде, ақпараттық ресурстарда жарияланып тұрады.  Экология департаментінің ұжымы облыс аумағында өткізілетін барлық іс-шараларға белсенді қатысады. Сонымен бірге, бұл бағытта жұмыстар келесі жылы да өзінің заңды жалғасын таппақшы.

Тағы бір айта кетерлігі, жыл сайын Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау, яғни, экологтар күні қарсаңында Ақмола облысы бойынша экология департаменті өңірлік деңгейде балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» тақырыбында балалар суреттерінің конкурсын өткізеді. Биылғы жылы байқауға Ақмола облысының арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға арналған үш арнайы кешеннің тәрбиеленушілері қатысты. Олардан 15 баланың 17-і жұмысы жолданды. Байқау қорытындысы бойынша конкурстық комиссия екі жас санаты бойынша 6 жүлделі орын тағайындады. Сол тәрізді «EcoStart BOLASHAQ» экологиялық инновациялық идеялар мен шешімдер байқауын да атап өтуге болады. Ғылыми зерттеулерді, технологиялар мен инновацияларды дамытуға жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылған бұл байқауға экологиялық проблемаларға бей-жай қарамайтын 15 және 23 жас аралығындағы мектеп оқушылары, колледждер мен университеттердің студенттері қатысты. Облыстың барлық аумағынан байқауға 21 өтінім беріліп, оның ішінде талаптарға сәйкес келетін 10 жоба таңдап алынды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша 1-ші орынды «Биологиялық ыдырайтын пластиктер» жобасын ұсынған Бұлбұл Алдаберген иеленді. Жүлделі 2-ші орын «Органикалық заттарға арналған шағын компостер» жобасын ұсынған Диана Құсайынова мен Алтын Монтайға берілді. 3-ші орын «Dala Breeze» жобасын қорғаған Арнұр Ілиясов, Ескендір Ерікұлы, Мұхамед Асылбек есімді жастарға бұйырды. Осы байқаулардан түйеріміз, жас ұрпақтың бойларында табиғатты, орманды алқаптарды қорғау, атмосфералық ауаны сақтау саласын дамыту бойынша инновациялық идеялары мен жобалары бар екені қуантады.

Жалпы, департамент жас ұрпақтың бойында туған елінің табиғатына деген жанашылық сезімін қалыптастыру, қоршаған ортаны сақтау және қорғау бағытында білім ордаларымен тығыз жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, департамент қызметкерлері Көкшетау қаласының екі жоғары оқу орнының «Экология» мамандығына оқып жүрген студенттеріне «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамының өнеркәсіптік кәсіпорнына экскурсия ұйымдастырып, кен орнындағы жағдаймен таныстырды. Сонымен қатар, облыстың жоғары оқу орындарында, колледждері мен мектептерінде экологиялық тақырып бойынша арнайы экологиялық сағаттар өткізіліп тұрады.

Сөзімнің соңын Мемлекет басшысының мына бір сөзімен аяқтауды жөн көріп отырмын: «Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек».

Мағзұм КУКУМБАЕВ,
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар