ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ
Есірткіге тәуелділік – әркімнің өз болашағына балта шабуының ең жеңіл жолы. Ал, психотроптық, зиянды әдеттерден бас тарту, заң бұзушылыққа жол бермеу қоғамдағы адам өмірінің кері бағытқа бет алуынан сақтайды. Себебі, аңдамай ұрынған іс-әрекет тұйыққа әкеліп тіреуі мүмкін.
Сол себепті, әсіресе, жоғары оқу орындары мен өзге де білім беру мекемелерінде осы тақырыпта тұрақты түрде жүйелі, нәтижелі бас қосулар өткізу аса маңызды. Осыған байланысты жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметі мен облыстық жастар бастамаларын қолдау орталығының мамандары «Заң және тәртіп» тақырыбында кең ауқымды кездесу өткізді. Іс-шара Абай Мырзахметов университеті қабырғасында өтті.
Қазіргі қоғамда әлеуметтік желілер арқылы жасалатын қаржылық алаяқтық пен зиянды әдеттердің ықпалынан зардап шегетіндер саны жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттер оңай жолмен ақша табуды көздейтін алаяқтардың құрбанына жиі айналуда.
Бұл шара барысында құқық қорғау органының өкілдері заңсыз айналымдағы зиянды заттарды тарату және оларды насихаттау мәселесінің жастар арасындағы өзектілігіне айрықша назар аударды. Психотроптық заттарды әлеуметтік желілер арқылы тарату, яғни, штрих-код, сілтеме және өзге де жасырын есірткі тасымалдау жолдары заңмен қудаланатыны ескертілді.
– Қылмыстық кодекстің 232-бабына «Дроперлік» тармағы енгізілді. Онда студенттер өздерінің жеке банк карталарын ұсыну арқылы еріксіз қылмысқа араласуы мүмкін екені туралы жазылған. Есірткіге қатысты, тез ақша табу мақсатында жасөспірімдер есірткіні жасырын сату, тасымалдау арқылы қылмысқа барып жатады. Жыл басынан бері облыс аумағында 32 есірткі жасырушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның біреуі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім. Есірткі жасырушыларды Көкшетау қалалық есірткіге қарсы күрес департаментінің қызметкерлері құрықтады. Айыпталушыларға 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды, – деді облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы басқармасының жедел аға уәкілі Разия Құрсанова.
Сонымен қатар, кездесу аясында киберқауіпсіздік ережелері, ойынға тәуелділік, яғни, лудомания, қаржылық сауаттылықты арттыру сияқты өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды. Аталған мәселелердің жастар өміріне тигізетін теріс әсерін көрсететін арнайы бейнероликтер көпшілік назарына ұсынылды.
– Бұдан бөлек, біз түрлі психологиялық тренингтер өткіземіз. Біздің құқық қорғау органдарымен бірге сенімділікті арттыру мақсатында «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобамыз бар. Яғни, жастар оқу бітіргеннен кейін құқық қорғау органдарында жұмыс істегісі келсе, біз олардың арасында байланыс орнатушы көпір ретінде көмек береміз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Шыңғысхан Елеш.
Кездесуге қатысқан жоғары оқу орындарының студенттері ойларын ашық жеткізді. Өз кезегінде, олар құқық қорғау органдарының тарапынан айтылған пайдалы кеңестерді тыңдағанына алғыстарын айтты.
– Қоғамда кейбір жастар темекі тарту, ішімдікке, есірткі тұтыну сияқты заттарға әуестеніп кеткен. Олардың бәрін сіз бен біз болып қолға алуымыз керек. Өйткені, жастар біздің болашағымыз. Тәртіп мектептен несесе үйден басталады. Сондықтан, тәртіпке жауапты ең бірінші адам ол ата-ана екенін ескеруге тиіспіз. Бүгінгі дәрістен болашағымды құруда неден алшақ жүру қажеттігін біліп, өзіме көп пайдалы мағлұмат ала алдым. Адам денсаулығына зиянын тигізетін заттарды тұтынбау керектігі туралы достарыма да ескертуім керек деп ой түйдім. Алдағы уақытта өзім де ондайды атымен қолданбаймын, – дейді А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Дәулет Кәрім.
Жиын соңында заңға құрметпен қарау мен оның талаптарына бағыну жауапкершіліктің және өркениетті қоғамның басты кепілі екендігі атап өтілді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

