Жасөспірімдер суициді алаңдатып тұр!..

КӨКЕЙКЕСТІ 

Соңғы жылдары елімізде құлаққа түрпідей тиетін жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғалары жиі орын алуда. Тіпті, бұл жағдай биыл Ақмола облысында да бірнеше мәрте орын алғаны белгілі.  Жасөспірімдердің мұндай әрекеттерінің алдын алу және болдырмау мақсатында облыстағы мүдделі органдар қандай жұмыстар атқарып жатыр?  Бірге зерттеп көрелік.

Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне жүгінсек, ағымдағы жылдың 9 айында елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында 432 суицид жағдайы тіркелген. Олардың ішінде 139-ы қайғылы аяқталып, 293 әрекеттің алды алынған. Аталмыш министрлік мамандарының талдау қорытындылары  бойынша балалар суицидінің басты себебі – отбасындағы жайсыздық пен жиі орын алатын конфликтілер болып табылады. Десе де, зардап шеккендердің көпшілігі, яғни, 62 пайызы табысы бар, толық отбасылардан шыққандар екен. Басқа факторлардың ішінде ата-аналардың балаларына тиісті деңгейде көңіл бөлмеуі,  балаларына ұялы телефондарды пайдалануға қатаң тыйым салуы, отбасында жиі орын алатын тұрмыстық және эмоционалдық қақтығыстардың салдарынан ішкі реніштік сезімдердің жылдар бойы жинақталып, осындай қайғылы шешімдерге әкелетіндігі де бар екен.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің журналистерге қазан айында берген ақпараттарынан биыл балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғалары бұрынғы жылдармен салыстырғанда өкінішке орай, айтарлықтай көбейгені байқалады. Бұл өткір мәселеге қарсы тұру мақсатында министрлік Білім және Денсаулық сақтау министрліктеріне мінез-құлқы суицидке бейім балалар мен жасөспірімдермен алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстар жолдаған. Онда балалар суицидінің мәселелерін қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасының басым бағыттарына қосып, алдын алу шараларын әзірлеу, балаларға психологиялық қолдау көрсету, қайғылы оқиғалардың қайталануын ескерту жайы қарастырылған дейді.

Ақмола облыстық білім басқармасынан алған мәліметтер бойынша, биыл балалар мен жасөспірімдер арасында біздің облыста да өз-өзіне қол жұмсаған жағдайлар тіркелген. Десе де, мектеп психологтары мен басқа да жауапты мамандардың оқушылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі нәтижесінде  суицид жасамақшы болған 7 бала аман қалған. Олармен психологтар мен мүдделі органдардың қызметкерлері әңгімелесулер мен тиісті жұмыстар жүргізген.

Психологтардың айтуынша, жасөспірім кезең – бұл физикалық, эмоционалдық және психологиялық өзгерістердің қарқынды жүретін уақыты. Сондықтан, осы кезеңде ата-аналар балаларымен жақсы қарым-қатынас орнатып, олармен жиі сырласып, дос ретінде жылы әңгімелесіп, ұлағатты сөздерін айтып, өздеріне жақын тартулары тиіс. Себебі, жасөспірімдер биологиялық тұрғыдан өз бойларында болып жатқан өзгерістерден, айналасындағы адамдардың қарым-қатынасынан депрессияға, мазасыздыққа жиі ұшырап, өмірден түңілулері мүмкін. Сонымен бірге, стресс пен эмоционалдық қиындықтар да оларды өз-өзіне қол салуға итермелейді. Мысалы, жақын адамынан айырылу, отбасындағы немесе мектептегі жанжалдар, сатқындық, түрлі фобиялар жасөспірімдерді тығырыққа тірейді.

Оған қоса, жасөспірімдер суицидінің орын алуына тағы бір себеп –  бүгінде өзекті болып отырған әлеуметтік желілер мен буллинг жайы.  Бұлай дейтініміз, әлеуметтік желілер қазіргі уақытта буллинг пен киберқысым көрсететін ортаға айналуда. Мәселен, қазіргі таңда кейбір бейнеойындар ата-аналар мен қоғамда алаңдаушылық туғызып отырғаны рас. Мысалы, Роблокс, Schoolboy Runaway деп аталатын ойындар жасөспірімдердің ата-аналарының бақылауынсыз үйден жасырын кету тәсілдерін зерттеуге шақырады. Виртуалды ойын болғанымен, ата-аналар оны балаларына төніп тұрған қауіп ретінде қабылдауы қажет. Әлем желілерден көріп жүргендей, түрлі ойындарға кіріп кеткен жасөспірімдер ойын арқылы берілген тапсырмаларды орындап, ең соңы өз өмірлерін қыршыннан қиып жатыр. Өз-өздеріне қол салмақ түгілі, бүгінде телефон ұстауларына қарсылық білдіріп жатқан жақындарын да аяусыз жазалауға барып, тіпті олардың да өміріне қауіп төндіріп жатқан жағдайларды көріп жүрміз. Оған, күні кеше анасының өмірін қиып, әжесін де жарақаттаған 17 жасар мектеп оқушысының мысалы дәлел.

Жалпы, Бас прокуратура суицидке итермелеуі мүмкін 15 мың сайт пен сілтеменің көзін жойғандығы туралы ақпарат таратқан еді. Десе де, ата-аналар балаларының ұялы телефондарына бір мезгіл қарап қойғандары дұрыс.

Ақмола облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әділет Сенбінің мәлімдеуінше, балалар мен жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқының алдын алу және болдырмау мақсатында мектептер мен колледждерде психологиялық қызметтер жұмыс істейді. Бұл қызметтерде тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары, әлеуметтік педагог, психолог және сынып жетекшілері оқушылармен кешенді жұмыс жүргізеді екен.

– Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Адал Азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. «Адал Азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру мақсатында мектептер мен колледждерде түрлі форматтағы іс-шаралар, атап айтқанда, байқаулар, акциялар, челлендждер, слеттер, жарыстар, ата-аналар жиналыстары мен сынып сағаттары өткізіледі. Аталған іс-шаралар оқушыларға адамгершілік және ұлттық құндылықтарды дарытуға, құқықбұзушылықтар мен зиянды әдеттердің алдын алуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Жаңа оқу жылы басталғалы мектептер мен колледждерде балалармен 15 мыңнан астам іс-шара өткізілді, – деді.

Сонымен бірге, облыста Психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық балалар оқитын мектептерге барып, әңгімелесулер, кеңестер өткізеді және баланың эмоциялық жағдайы тұрақталғанға дейін сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді. Мұның барлығы ата-аналардың келісімімен жүзеге асырылады. Ата-аналар мен педагогтарға жеке ұсынымдар беріледі. Жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Психологиялық қолдау орталығында тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосылған. Хабарласу нөмірі +7 708 044 53 23 және 44-53-23. Сондай-ақ, облыстың 63 мектебі «HR+» психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі бойынша жұмыс істейді.

– Биыл жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде «ДосболLike» антибуллинг бағдарламасы іске асырылуда. 8 қыркүйектен бастап «Менің мектебім буллингке қарсы», «Менің сыныбым буллингке қарсы», «ДосболLike: Достық қолын ұсын» челлендждері, флешмобтары мен акциялары, «Өркен» ғылыми-практикалық институтының ұйымдастыруымен мұғалімдерге арналған семинарлар мен тренингтер өткізілді. Мектеп аумағында буллинг фактілерін анықтау мақсатында облыстың 8 мектебінде, нақтылап өтсек, Бурабай, Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Шортанды, Астрахан, Біржан сал, Зеренді аудандарында «KIVA» пилоттық жобасы енгізілді. Жобаның үйлестірушісі – Назарбаев Зияткерлік мектебі. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және оларға жан-жақты көмек көрсету мақсатында облыс мектептерінде 519 педагог-психолог және 320 әлеуметтік педагог қызмет атқарады, – деді Әділет Сенбі.

Білім беру ұйымдарында ақпараттық стендтерде учаскелік полиция инспекторларының байланыс деректері көрсетілген ақпарат орналастырылған. Сондай-ақ, «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы – отбасы, әйелдер мен балалар мәселелері бойынша сенім телефоны, өңірлік Сенім телефондары және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің «BALA QORGAU» телеграм-чаты көрсетілген. Бұл ақпарат білім алушылардың, ата-аналардың және педагогтардың қажет жағдайда жедел көмекке, құқықтық және психологиялық қолдауға қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында орналастырылған.

Сонымен, облыс мектептерінде аталған бағытта психолог мамандардың жұмыс істеп жатқанын білеміз. Олардан да бірер ауыз пікір тыңдауды жөн көрдік. Бұл орайда, Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының психологы Алтыншаш Жалмұханова балалар суицидінің себептері және мектеп психологтарының алдын алу шаралары жөнінде айтып берді.

– Балалар мен жасөспірімдер арасындағы мұндай келеңсіз жағдайлар көбіне эмоциялық қолдаудың болмауынан, яғни, бала өз мәселесімен жалғыз қалып, өзін түсінетін адам таппауынан, отбасындағы ұрыс-керіс, ата-ананың назар аудармауы, зорлық-зомбылық салдарынан, мектептегі буллингтен (қорлау), сыныптастарының мазақ етуі, шеттетуі секілді жайлардан, психологиялық күйзелістен, депрессиядан, бала өзін пайдасыз артық сезінгеннен, әлеуметтік желілердің жағымсыз әсерінен, қауіпті ойындар мен суицидке итермелейтін контенттен орын алып жатады. Енді оның алдын алу үшін біздер, яғни, мектеп психологтары не істейміз? Біздер мектептегі оқушылардың психоэмоциялық жағдайын бақылап, оны сауалнама, жеке әңгімелесу, топтық жаттығулар арқылы анықтаймыз. Қауіп төнген оқушылармен жеке жұмыс жүргіземіз. Әсіресе, тұйық, жалғызсырап жүрген, мінез-құлқында өзгеріс байқалған балаларды назарға аламыз,  ата-анамен байланыс орнатып, ата-аналарға бала психологиясы, қауіп белгілері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ал, буллингтің алдын алу үшін достық, сыйластық сынып ішіндегі қолайлы ахуалды қалыптастыруға тырысамыз. Психологиялық тренингтер мен сенім бұрыштарын ұйымдастырып, оқушылардың өзін бағалау, эмоциясын басқару, көмек сұрау дағдысын қалыптастыру бағытында іс-шаралар өткіземіз. Жалпы, суицидке бейім, қауіп бар балаларды анықтайтын болсақ, мектеп ұжымымен бірлесе әрекет етеміз, –дейді Алтыншаш Жанәбілқызы.

Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу шаралары бойынша Ақмола облыстық полиция департаменті қандай жұмыстар жүргізіп жатыр деген сауалды органның баспасөз қызметіне де жолдаған болатынбыз. Алайда, департаменттің баспасөз қызметі ақпарат ұсынудан бас тартты.

Жалпы, балалар мен жасөспірімдер ажалға асығып емес, жақсы өмірге талпынып өссін десек, ата-аналар ұл-қызының жан дүниесін түсінуге барынша тырысуы қажет деп ойлаймын. Өйткені, ынтымағы жарасқан, бір-біріне деген жылылығы мен мейірімі ортаймаған отбасында дүниеге келіп, ата-ана махаббатына бөленіп өскен жас алға қарай ұмтылары анық. Өмір көрмей жатып, ажалға асыққан жастар ең алдымен, жақынының жылылығына, махаббатына, сүйіспеншілігіне зәру болғандықтан барады. Сондықтан, балаңызбен жиі сырласып, онымен жақын дос болып, оның ішкі дүниесін, арман-мақсатын біліп, тек алға ұмтылуына ақыл-кеңес беріп, әрқашан демеп отырғаныңыз  дұрыс.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар