АУЫЛ БАПКЕРІ
Бұл мақаланың кейіпкері Марат Жармағанбетұлы Жармағанбетов 1950 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Жұмысшы ауылында туған. Бірақ, саналы ғұмырын, еңбек жолын шыңдаған – Амангелді елі.
Мәкең осы Амангелді ауылында 1974 жылдан 2005 жылға дейін табан аудармай 31 жыл қызмет еткен екен. Мамандығы — дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Күндіз сабағын өткізсе, кешке спорт залында күрестен секция ұйымдастырып, ауыл азаматтарын спортқа баули бастады. Елдің балаларының ішінде күреспен айналыспаған бала жоқ деп айтуға болады. Бірте-бірте команда құрып, аудандық, одан кейін облыстық жарыстарға қатысып, онда жүлделі орындарға да ие бола бастады. Ол кезде жол қатынасы қиындау болатын, сонда Мәкең балаларды ертіп алып, Амангелдіден 40 шақырым қашықтықтағы «Граничная» станциясына талай жаяу барып келген кездері болды.
Алғашқы нәтиже көрсеткен шәкірттері Қаржанов Айбек Европа біріншілігінің күміс жүлдегері және Мәдимұхаметов Бауыржан Бішкекте өткен Азия біріншілігінің қола жүлдегері, Голландия, Францияда өткен халықаралық турнирлердің чемпион, жеңімпазы.
Сол еңбегі зая кетпей, Мәкеңнің тәрбиелеген шәкірттері қазір еліміздің, әсіресе, Ақмола облысының төңірегінде, Көкшетау қаласында жаттықтырушы болып, ұстаздарының жолын жалғастыруда. Атап айтсақ, Қапаров Ерсана, Бекішев Ниязбек, Қапаров Ербол, Қапаров Ертай, Шаткенов Нұртас, Қаржанов Нұрбек, Шаткенов Асқар, барлығы 15-ке жуық. Шәкірттерінің шәкірттері де жоғары жетістіктерге жеткен Қапаров Ерсананың шәкірті Бразилия астанасы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиаданың қола жүлдегері, Бекішев Ниязбектің шәкірті еркін күрестен әлем біріншілігінде чемпион атанды. Мұндай жетістіктер өте көп.
Мәкеңнің 13 оқушысы Қарағанды қаласындағы Мәншүк Маметова атындағы олимпиада резерві мектебін тәмамдаған. Олардың ішінде Картаманов Ардақ, Шахманов Батухан, Шаткенов Нұртас спорт шеберлері, қалғандары спорт шеберлігіне кандидаттар.
Марат Жармағанбетұлы сонымен бірге, жезтаңдай әнші, домбырашы. 1980 жылы республикалық ақындар айтысына әнші ретінде қатысып, «Сырымбет» әнін орындаған екен. Сонда қазылар алқасының төрағасы, көрнекті ақынымыз Әбділдә Тәжібаев ерекше риза болып, 150 сом сыйақы ұстатып, иығына шапан жауыпты. Сол жылы үш жігіт – Мәкең, Исин Қайыргелді, Исин Қайырбек, алғаш рет трио құрып, Алматыда телевидениеге түскен. Елдегі концерттер, аудандық, облыстық байқаулар да Мәкеңсіз өтпейтін.
Тағы Мәкеңнің бір қыры майлы бояумен сурет салу. Мектептің, стадионның безендірілуі де Мәкеңнің шығармашылық қырымен іске асып жататын.
Ал, енді адами қасиетіне келетін болсақ, Мәкең күнделікті өмірде қарапайым, досқа адал, турашыл адам. 2005 жылы Амангелдіден Ақмола облысы Зеренді ауданының Ақкөл еліне көшіп келген соң, өзінің сүйген ісін мұнда да жалғастырды. Ақкөлдің балаларын да күреске тартып, аудандық спорт мектебінің филиалын ашты. Мұндағы шәкірттері де жақсы нәтиже көрсете бастады. Мұхаметәлі Арулан – джиу-джитсудан Абу-Дабида өткен әлем біріншілігінде екінші орынды иеленіп, спорт шебері атанды. Көкенов Нұртілеу, Кәрімжанов Азамат қазір жаттықтырушы болып, ұстазының ісін жалғастыруда. Жалпы, Мәкеңнің ықпалымен спорт саласына келген елуге жуық шәкірттері бар екен.
Осы жылғы желтоқсан айының 12 жұлдызында Мәкең мерейлі 75 жасқа толады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді атам қазақ.
Сондықтан, мерейтой иесіне мықты денсаулық, отбасына амандық, қажымас қайрат тілейміз! Елдің көркеюіне, жастарды тәрбиелеуге жұмсаған еңбегіңіз мың рет еселеніп қайтсын! Ұрпағыңызбен мың жасаңыз, асыл аға!
Алтын МЕЙІРМАНОВА.
![]()

