ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы өз Жолдауларында елдің тұрақтылығы мен дамуының басты шарты қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік екенін айтып келеді. Осы міндетті жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы (ҚХАА) маңызды рөл атқаруда.
Өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс этностардың арасындағы үйлесімділікті нығайтып, ортақ азаматтық бірегейлікті дамытуға бағытталуда.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамында барлығы 129 адам бар. Оның мүшелігінде этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, ҚХАА қоғамдық құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, қандастар, қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына Ақмола облысынан 26 адам кіреді.
Облыстық ассамблеяның тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін облыс орталығы Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйлерінің жұмысы маңызды. Облыстағы 47 этномәдени бірлестіктің шығармашылық ұжымдары мекеме базасында дамып, өз мәдениеттерінің дәстүрлерін басқа этностардың мәдени дәстүрлерімен біріктіріп, «Бірлігіміз әралуандықта» қағидатына сәйкес жалпыұлттық бірегейліктің үйлесімін қалыптастыруда. Мәселен, жыл басынан бері қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 100 мыңнан астам адамды қамти отырып, 5000-нан астам қоғамдық маңызы бар іс-шаралар өткізілді. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанында 8 құрылым жұмыс істейді. Құрамында 14 ғалымы бар ғылыми-сараптамалық топ жыл басынан бері 3800 адамды қамтыған 50 іс-шара өткізіп, ұйымдастырды. Облыс көлеміндегі 41 Ақсақалдар кеңесінің құрамында 170-ке жуық ақсақалдар болса, ал, Аналар кеңесінде 200-ге жуық ақ жаулықты аналарымыз бен әпке-қарындастарымыз бар. Этномедиация орталығының ұйымдастырған «Елдесу мен татуласу» жобасы аясындағы республикалық конференциясы осы жылдың басты оқиғаларының бірі болды. Сондай-ақ, облыстық Ассамблеяның қарамағындағы журналистер клубы, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің одағы, «Асамблея жастары» ұйымы, «Жомарт жан» орталығы жыл сайын өз жұмыстарын жетілдіріп, бірлік пен ынтымақты нығайтуға белсенді ықпал етуде.
Ассамблея институты мен оның қоғамдық құрылымдарының қызметін жетілдіру және дамыту бағыты шеңберінде қоғамдық құрылымдардың облыстық отырыстары жиі өткізіліп тұрады. Бұл ретте, Ақмола Ассамблеясының мүшелерінің республикалық форумдар мен түрлі іс-шараларға қатысуы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, Ақмола облысында этномәдени бірлестіктер арасында мемлекеттік тілді дәріптеу бойынша жүйелі жұмыстар өз жалғасын табуда. Мәселен, тақырыптық іс-шаралар мен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы өткізіліп, «Мың бала», «Үйде сөйле», «Елтану» жобалары іске асырылуда. «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Мәміле» қазақ тілі клубы тұрақты жұмыс істейді. Алғыс айту күні мерекесінде «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» форумы ұйымдастырылып, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақтасы орнатылып, оған гүл шоқтарын қою, ардагерлермен кездесулер сынды кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді.
«Этносаралық қатынастар саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысы» бағыты шеңберінде журналистер клубы мен ақпараттық-түсіндіру топтарының тұрақты жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Жыл ішінде этносаралық қатынастар саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы еңбек ұжымдары, аудан тұрғындары мен оқу орындарының білім алушылары арасында кездесулер өткізді.
2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясында берілген Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау жөнінде ай сайын оны іске асыру барысы туралы қорытынды есеп тапсырылады. Президент тапсырмасын орындау мақсатында осы уақытқа дейін жалпы саны 6000-нан астам адамды қамтитын 200-ден астам іс-шара өткізілді.
2025 жылдың тамыз айынан бастап, облыстағы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің тарихи, мәдени коллекцияларын Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына беріп, тақырыптық экскурсияларға қатысуда. Сонымен қатар, олар Еңбек күні аясында облыстағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарына барып, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетті. «Ассамблея жастары» «Диас» тігін фабрикасына барып, адал еңбек құндылықтарына арналған кездесу өткізді. Сол күні Ақсақалдар кеңесі Қазқстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Жұмысшы мамандықтар жылына орай «ENKI» кәсіпорнында «Бейбітшілік және келісім сабағы» атты тәлімгерлік сағатына қатысты.
Бүгінде Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының бастамасымен «Еңбек күші: халықтың бірлігі» атты жоба іске асырылуда. Бұған дейін осы жоба шеңберінде 500-ге жуық еңбек адамдарын қамтыған 10-нан астам көшпелі кездесулер мен іс-шаралар өткізілді. Мәдени әртүрлілікті дамыту аясында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен барлығы 5000-ға жуық адамды қамтитын 80-нен астам іс-шара өткізілді. Ақмола облысының Достық үйі «Круиз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастыратын туристік маршруттар картасына енгізілді. Осының арқасында ұйымдастырылған 95 экскурсияға 4500-ге жуық адам қатысты.
«Елдесу және татуласу» жобасын іске асыру аясында «Келісімді нығайтудағы этномедиацияның рөлі» республикалық конференциясы ұйымдастырылып, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері үшін оқыту семинар-тренингтері, Сандықтау және Астрахан аудандарында фокус-топтық кездесулер, тікелей эфирлер, дөңгелек үстелдер өткізіліп, тақырыптық подкасттар түсірілді.
Ағымдағы жылы бейбітшілік, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің символына айналған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы атап өтілуде. Осыған орай, мерейтойлық жыл бастала салысымен- ақ, бүгінгі күнге дейін тұрғылықты халықтың өзара сыйластығы мен толеранттылығын және олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Жуырда Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында осы мерекені қорытындылау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың қатысуымен «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» республикалық телекөпірі ұйымдастырылды.
Республикалық телекөпір-форум мерейтойлық жылдың қорытынды іс-шарасы болып, онда жыл ішінде іске асырылған ҚХА-ның үздік тәжірибелері мен қызықты жобалары ұсынылды. Ақмола облысы бойынша Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде Сандықтау ауданындағы ассамблеяның еңбек әулеттері туралы жобасы және «Еңбек күші: халықтың бірлігі» жобасы шеңберіндегі рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға бағытталған «Ұлттық ойындар» кабинетінің ашылуы үздік жобалар деп танылды.
Осы айтулы мерекеге байланысты жыл бойы ұйымдастырылған шаралар мен іске асырылған жобалар көп. Қандай іс-шара ұйымдастырылмасын, оның барлығы дерлік этносаралық келісімді нығайтуға, еңбек және мәдени құндылықтарды дамытуға, жастарды тәрбиелеуге және бірлік идеяларын ілгерілетуге бағытталды.
Аймақ басшысы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Марат Ахметжанов бекіткен 2025 жылға арналған «Этносаралық қатынастарды дамытудың кешенді ведомствоаралық жоспарына» сәйкес, қоғамдық пікір көшбасшыларын, ҒСТ мүшелерін, этномәдени бірлестіктер мен Этномедиация кеңесінің өкілдерін тарта отырып, этносаралық қатынастар бойынша тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, жыл басынан 7 500 адамды қамтитын 185 ақпараттық-түсіндіру шарасы өткізілді. Оның ішінде қала, аудандардағы еңбек ұжымдары, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында оқушылар және студенттермен, ауылдық округ тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында жұртшылық этносаралық өзара сыйластықты қалыптастыру, патриотизмді, ұлттық құндылықтарды дамыту, конституцияға қарсы сепаратистік мәлімдемелерге жол бермеу және бұл үшін қылмыстық жауапкершіліктің бары туралы хабардар етілді. Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желі арқылы да жүзеге асырылып келеді.
Жалпы, бүгінде облыста этносаралық ахуал тұрақты. Президент Жолдауында атап көрсетілген қоғамдық келісім мен бірлік қағидаттары аймағымызда нақты істер арқылы жүзеге асырылып келеді. Келешекте де бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, этносаралық келісімді нығайту, жастарды тәрбиелеу, мәдени әртүрлілікті дамыту шаралары өз жалғасын табады. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы облыстың бірлігі мен тұрақтылығының маңызды тірегі болып қала береді.
Сабырхан КЕНЖЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.
![]()

