ƏКІМ – ЕЛ ІШІНДЕ
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қорғалжын ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аймақ басшысы аудан тұрғындарымен ашық диалог форматындағы жиынға қатысты. Кездесуде облыс әкімі егіс және егін жинау науқандарының нәтижелерін, инфрақұрылымды дамыту және туризм саласына инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
Марат Ахметжанов атап өткеніндей, ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Биыл осы салаға мемлекеттік қолдау көлемі 1,3 есеге артып, 5,3 миллиард теңгеге жетті. Мұндай қолдаудың арқасында аудандағы 100 шаруа қожалығы 7 мың тонна арзандатылған дизель отынын алуға және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға мүмкіндік алды.
– Жыл басынан бері ауданның жеңілдетілген лизингке қол жеткізуінің арқасында 60 жаңа заманауи ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жеңілдетілген лизинг біздің шаруаларды ең ауыр қаржылық жүктемеден босатып, оларға жақсырақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Ауданда «Ависс», «Дариум Астана» және «Сапа Грин» сияқты ірі шаруа қожалықтары биылғы ауыл шаруашылығы маусымында мол өнімге қол жеткізді. Яғни, елеулі оң өзгерістер бар.
Сонымен қатар, өңірде мал шаруашылығы белсенді дамып келеді. Ірі қара мал басы көбейіп, жаңа мал шаруалықтары құрылуда. «Құралай» шаруа қожалығының бордақылау аумағын 3 мың басқа дейін кеңейту және тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланған.
Облыс әкімі ауданда инвестициялық белсенділіктің артқанын, 5,3 миллиард теңге инвестиция игерілгенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда тоғыз есе көп екенін атап өтті. Бұл қаражат ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі жобаларды іске асыруға, соның ішінде астық қоймаларын салуға және ет фермаларын жаңғыртуға бағытталған.
Биыл ауданда инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде және аудан орталығында 26 шақырымнан астам жол салынды, көше-жол желісі жақсартылды. Нұрыш топтық су құбыры қайта жаңғыртылуда, ол келесі жылы 13 ауылдық елді мекенді ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етеді.
Қорғалжын ауданы өсімдіктер мен жасыл желекке бай. Туристік секторды белсенді дамыту үшін агро және экотуризмге қолдау білдіруге ниетті кәсіпкерлерге үш жылға дейін төмен пайыздық мөлшерлеме жеңілдігімен несие беріледі. Субсидиялауды арттыру, туристік маршруттарды әзірлеу және еліміздің барлық өңірлерінен және шетелден келетін туристерге арналған қонақүйлерді дамыту жоспарланған. Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының жыл сайынғы «Фламинго» фестивалі әр түрлі елдерден мыңдаған туристерді тартатын визит карточкасына айналды.
Өңірде әлеуметтік саланы дамытуда да жетістіктер бар. Тұрғындардың жайлылығы мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін спорттық және мәдени инфрақұрылымды жаңартуға үлкен көңіл бөлінуде. Биыл Жантеке ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өтсе, ал, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да аяқталды.
Кездесуде Қорғалжын тұрғындары көптен бері келе жатқан ауыз су мәселесін жедел шешкені үшін облыс әкіміне алғыстарын айтты. Сондай-ақ, олар аудан орталығында қоғамдық монша салуды және Сабынды ауылындағы жолды жөндеуді сұрады.
– Ең маңыздысы – аудан аграрлық секторды дамытуда, сондай-ақ, инфрақұрылымды жақсартып, тұрақты экономика құру үшін инвестиция тартып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына және «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде мал шаруашылығы бойынша халық пен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ, Қорғалжын ауылында қалған бес көп қабатты үйдің жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Кездесу соңында аймақ басшысы ауданның ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлерін марапаттап, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

