ДЕПУТАТ САҒАТЫ
Ақмола облыстық мәслихатында өткен депутаттық сағатта аймақтың негізгі қаржылық және стратегиялық құжаттары талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешев пен мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жиында облыстық мәслихат қызметін қамтамасыз етуге, оның аппаратын ұстауға әрі материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге 2026 жылға арналған шығыстарды бекіту туралы және сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының жиырма төртінші сессиясының қарауына енгізілетін негізгі сұрақтар тізімі жасақталды.
Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова депутаттар алдында 2026-2028 жылдарға арналған облыс бюджетінің жобасы, облыстық және аудандық бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемінің есебі және 2026-2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспары туралы үш маңызды бағыт бойынша баяндама жасады.
Басқарма басшысының баяндамасына сәйкес, облыстың даму бағдарламасы жаңартылған мемлекеттік жоспарлау жүйесі аясында дайындалып, онда басты орын ұлттық индикаторлар мен мақсаттарға беріледі. Ақмола облысының даму жоспарында өңірге белгіленген барлық негізгі көрсеткіштер, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақты даму мақсаттарын орындауға байланысты жаңа индикаторлар қамтылған. Биылдан бастап жоспарлау жаңа әдістеме бойынша жүргізіледі, яғни, тұңғыш рет аудандар мен қалалардың даму жоспарлары бір уақытта әзірленіп, бекітіледі. Бұл құжаттар кейінгі кезеңде жергілікті бюджеттерді қалыптастырудың негізі болуы тиіс.
Алмагүл Шүгірмақованың айтуынша, бірқатар аудандарда жобалардың көбінің мерзімі бір-екі жылмен шектелгендіктен, бұл бес жылдық инвестициялық жоспарларды толық көлемде қалыптастыруға мүмкіндік бермей отыр. Ал, ендігі қабылданған шешімдерге сәйкес, барлық іс-шаралар мен жобалар міндетті түрде өңірлерді дамыту жоспарларына талап ретінде енгізілмек. Даму жоспары ұлттық қауіпсіздік, әлеуметтік даму, экономикалық өсу, инфрақұрылымды жаңғырту және экологиялық тұрақтылықты қоса алғанда, алты негізгі бағыт бойынша іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді. Құжатқа отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар мен әйелдерді қорғау, сондай-ақ, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қатысты индикаторлар да енгізіліп отыр.
Егер жоба жоспарға енгізілмесе, ол бюджеттен қаржыландырылмайды және оған жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге де болмайды. Жаңа әдіснамаға сәйкес, инвестициялық жоспарлар түзетуге жатпайды. Әдістеменің бұл жаңалығын ескере отырып, басқарма тарапы құжаттарды пысықтауға көптеген аудандардың ынталы екенін алға тартып, олардың кейбір құжаттарға түзету мүмкіндіктерін қарастыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныстар жолдауды жоспарлап отыр.
Жалпы сипаттағы трансферттерге тоқтала келе, Алмагүл Шүгірмақова 2026 жылдан бастап, аралық бюджеттік қатынастар жаңа, бірыңғай әдістеме бойынша қалыптастырылатынын атап өтті. Жергілікті бюджеттердің кірістері жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің нормаларын ескере отырып болжанған. Жаңа әдістеме бойынша облыс өңірлері бюджеттерін қатаң шектеулер жағдайында қалыптастырады.
Ақмола облысына арналған бюджет көлемі 325,9 миллиард теңгеге дейін төмендетілген, ал, есептелген қажеттілік 500 миллиард теңгеден жоғары болып отыр. Бұл Үкіметтің Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлу тәжірибесінен бас тартуымен байланысты. Бұл өзгеріс облыс бюджетінің айтарлықтай қысқаруына әкелді. Егер 2025 жылы облыс бюджетінің көлемі 775 миллиард теңгені құраса, 2026 жылға жоспарланған кіріс небәрі 630 миллиард теңге, яғни, 145 миллиард теңгелік айырмашылық байқалып отыр. Соның ішінде даму бюджетінің шығыстары шамамен төрт есеге, ал, күрделі жөндеуге арналған қаражат 2,4 есеге қысқарады.
Қаражат тапшылығы жағдайында облыстық бюджет аудандардың кірістеріне тәуелді бола бастады. 2026 жылы аудандар облысқа 102 миллиард теңгеден аса қаржы аударымдар ретінде бермек. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала шығындарын жабуға бағытталады. Баяндамашы жаңа есептеу жүйесінде аудан бюджетінің қаржылық тұрақтылығы тікелей инвестиция тарту және бизнестің өсуіне байланысты екенін атап өтті.
2026 жылға арналған кіріс бөлігі түсімдерді болжау ережелеріне, еңбекақы қоры бойынша статистикаға, инфляция коэффициентіне және жекелеген бейсалық түсімдер бойынша жауапты мемлекеттік органдардың ұсыныстарына сәйкес қалыптастырылды. Жалпы, облыстық бюджетте басым және міндетті бағыттарды, сондай-ақ, стратегиялық мақсаттар мен индикаторларға сәйкес келетін бюджет инвестициялық жобаларын аяқтауды қаржыландыру қарастырылған.
Бюджеттің шығыс бөлігінде басымдық әлеуметтік салаға беріліп отыр. Барлық шығыстардың 58 пайызы, яғни, 312 миллиард теңгеден астам қаражат осы бағытқа бағытталады. 2026 жылы білім беру саласына 264,9 миллиард теңге бөлінеді, ал, бұл 2025 жылмен салыстырғанда білім саласына бөлінген қаржыда өсімнің бар екенін көрсетеді. Қаражат мектепке дейінгі және орта білімге, оқушыларды тамақтандыруға, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды мектеп формасы және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етуге, жаңа нысандарды күтіп ұстауға жұмсалады. Даму бюджеті аясында аяқталмаған құрылыс нысандарын бітіру көзделген.
Денсаулық сақтау саласына 8,9 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат медициналық мекемелерді ұстауға, аурулардың алдын алу бағдарламаларына, вакциналар сатып алуға, сирек кездесетін аурулары бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, медицина қызметкерлеріне көтерме жәрдемақы төлеуге және автокөлік сатып алуға арналған лизингтік төлемдерге жұмсалады. Инвестициялық жоспар аясында жаңа амбулаториялар салу, ірі нысандарға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және Көкшетаудағы көпсалалы аурухана құрылысына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік қорғау саласына 15,6 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат арнайы қызмет көрсету орталықтарын ұстауға, жұмыспен қамту бағдарламаларына, мүгедектігі бар адамдарға жұмыс орындарын субсидиялауға, көпбалалы отбасыларды қолдауға, жолдамалар мен оңалту құралдарын қамтамасыз етуге бағытталады.
Ветеринария саласына 6,4 миллиард теңге бөлінген, оған жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы іс-шаралар, қорғаныс құралдарын сатып алу және жануарларды сәйкестендіру жұмыстары кіреді. Табиғат қорғау іс-шараларына 7,1 миллиард теңге жоспарланған. Жиын қорытындысында Алмагүл Шүгірмақова жаңа бюджет саясаты аудандар мен қалалардан бұрынғыдан да жоғары жауапкершілік пен белсенділік талап ететінін атап өтті.
– Енді көп нәрсе аудан әкімдеріне байланысты. Өз өңірінің экономикасын дамытуға қабілетті басшылар ғана басым жобаларды іске асырып, қажетті кірісті қамтамасыз ете алады, – деді ол.
Ақмола облысы алдағы үш жылда қаржы азайып, бюджет қатаң талаптармен бекітіліп, даму жобаларына мұқият іріктеу енгізіліп, күрделі кезеңге қадам басқалы тұр. Мұндай жағдайда әр аудан, әр қала, әр басшы стратегиялық шешім қабылдауға және инвестор тартуға көбірек мән беруге тиіс. Облыстың тұрақты дамуы – бюджет көлеміне емес, басқарудың сапасына тәуелді болмақ.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

