ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ
Ақмола облысының Сайлау комиссиялары аймақтағы сайлау науқандарын ұйымдастырып, олардың заң шеңберінде дұрыс өтуін қамтамасыз етеді және «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» заңының талаптарының мүлтіксіз атқарылуын бақылайды.
Ақмола облысының аумағында 1027 сайлау комиссиясы жұмыс істейді, олардың 21-і аумақтық, 245-і округтік, қалған 761-і учаскелік сайлау комиссиялары болып табылады. Бұл сайлау комиссияларындағы мүшелердің саны 5747 адамды құрайды. Учаскелік сайлау комиссияларының 77-сі облыс орталығында екенідігін атап өткеніміз жөн. Биыл 4 шағын учаскелік комиссия қысқартылып, 6 учаскелік комиссияның аумағына өзгертулер енгізілді.
Ақмола облыстық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 14-бабының 6-1 тармағына сәйкес дауыс беруге арналған учаскелердің бірыңғай нөмірлерін белгілейді, осы мәселе бойынша қаулыларды уақытылы қабылдап, оларды одан әрі жұмыс істеу үшін өңірлердің әкімдіктері мен аумақтық сайлау комиссияларына жолдайды. Аумақтық комиссиялар сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтердің дұрыстығын бақылап, осы бағытта тұрақты жұмыс жүргізеді.
Қазіргі таңда Ақмола облысындағы сайлаушылар саны 511757 адамды құрайды. Аумақтық комиссиялар осы сайлаушылар туралы мәліметтер мен олардың тізімдерінің дұрыс дайындалуын бақылап, оларды жалпыға бірдей дауыс беруге қатысулары үшін тұрақты негізде жұмыс жүргізеді.
Өңірде өткізілген сайлау науқандарына тоқтала өтсем, биыл облыс аумағындағы мәслихаттардан шығып кеткен депутаттардың орнына депутат сайлау бойынша екі ауқымды науқан ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 30 наурызында Қосшы қаласы мен Шортанды аудандық мәслихаттарынан кеткен депутаттардың орнына 2 депутат сайланды. Науқанға 3 аумақтық, 2 округтік, 3 учаскелік сайлау комиссиялар мен комиссиялардың 50 мүшесі қатысты. Тізімге енгізілген 3342 сайлаушының дауыс беруге 1621-і немесе 48,5 пайызы шығып қатысты. Сонымен бірге, биылғы жылдың 26 қазанында 3 аудандық сайлау округінде, нақты айтсам, Ақкөл, Зеренді және Целиноград аудандарына 3 депутат сайланды. Бұл науқанға 21 сайлау комиссиясы тартылды. Тізімге енгізілген 6094 сайлаушының, 2368-і немесе 38,86 пайызы қатысты. Бұл аудандардың арасында Зерендіде ғана сайлаушылар келу жағынан 59,1 пайыз болып, жоғары нәтиже көрсетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап ауыл әкімдерін, 2023 жылдан бері аудан әкімдерін халық өздері сайлап алатын болды. «Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни, ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам» деп қадап айтқан болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында. Осы орайда, 2023 жылы Астрахан, Ақкөл, Есіл, Жақсы, Шортанды аудандарында пилоттық жобамен аудан әкімдерін бірінші рет халық өзі сайлаған еді. Биыл 15 маусымда өз қалауымен өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан Зеренді ауданы әкімінің сайлауы да өткізілді. Оған 2 аумақтық және 70 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылды. Сайлау округі бойынша 6 азамат өз кандидатурасын ұсынды. Бірі «AMANAT» партиясынан, енді бірі Қазақстан Халық партиясынан, қалған төртеуі өзін-өзі ұсынған азаматтар болды. Дегенмен, осы алты адамның үшеуі ғана кандидат ретінде тіркеле алды. Дауыс беруге келуі тиіс 21434 сайлаушының 11553-і немесе 53,9 пайызы ғана науқанда белсенділік танытты.
Сонымен қатар, биыл облыстың аудандарында 104 ауыл әкімі сайланды. Оның ішінде 83 сайлау әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, 21-і өкілеттіктің мерзімін әкімдердің өз қалаулары бойынша бұрын тоқтатуына байланысты өткізілді. Бұл сайлау науқандарына 19 аумақтық және 249 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылып, 1441 комиссия мүшесі қатысты.
Сайлау науқандары кезінде мүгедектігі бар азаматтардың өз учаскелеріне барып, немесе олардың мекен-жайларына арнайы дауыс беру жәшігі мен бюллетень апару жағы да қарастырылады. Мәселен, облыста ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылар саны қазіргі уақытта 2916 адамды құрайды. Мүгедектігі бар адамдар үшін сайлауға қатысу қолжетімділі толықтай қарастырылған 566 және ішінара қолжетімді 191 сайлау учаскелері бар. Сондай-ақ, өз тәжірибемізден алсақ, биыл ауыл әкімдерінің сайлауы кезінде мұндай ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға 81 сайлау учаскесінде арнайы бұрыштар, зағип немесе көзі нашар көретін адамдарға арнайы трафареттік бюллетеньдер әзірленді, инватакси қызметі ұйымдастырылып, сурдоаудармашылар да қызметке тартылды.
Бұл орайда, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері алдын ала жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімдерінің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен бірлесіп, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін олардың сайлау учаскелеріне барып, қолжетімділік деңгейін анықтайды. Жалпы, шақыру қағаздарын тарату алдында аумақтық сайлау комиссиялары аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімдерінен мүгедектігі бар адамдар туралы толық мәліметтер алып, дауыс беру кезінде сайлаушы тіркелген сайлау учаскесінің нөмірін көрсете отырып, тізімдерін сұратады. Содан кейін учаскелік сайлау комиссиялары мүгедектігі бар сайлаушылар туралы тиісті деректерді алғаннан кейін дауыс беру күніне дейін олардың дауыс беру орны және оларға дауыс беруге жәрдемдесу қажеттілігі туралы мәліметтерді нақтылайды.
Сонымен бірге, 2025 жылы Ақмола облыстық сайлау комиссиясы өткізілетін сайлауды бақылау үшін 6 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеді. Атап айтқанда, «Ақмола билер алқасы», «Demeu-Senim», «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестіктерін, «Доброе сердце «Lider.kz» қоғамдық қорын, «Ақмола облысының Азаматтық Альянсы», «Бірлік» Ақмола облысының мүгедектер одағы» заңды тұлғалар бірлестіктерін аккредитациядан өткізді. Осы қоғамдық ұйымдардың мүшелері сайлау науқандары кезінде оның барысын байқап отырды.
Сайлау науқандарының барысы туралы ақпараттар әлеуметтік желілерде, ресми интернет-порталдарында, сондай-ақ, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. 2025 жылы аумақтық сайлау комиссиялары ақпараттық сипаттағы 115 мақала жариялады.
Биыл жыл бойы сайлау науқандарын өткізу кезеңінде тұрақты негізде барлық сайлау комиссияларының мүшелері оқытудан өтті. Жыл бойы 206 оқыту семинары ұйымдастырылып, онда 3668 адам оқудан өтті. Электоралдық оқыту барысы БАҚ-та және аумақтық сайлау комиссияларының интернет-беттерінде үнемі жарияланып тұрады.
Манарбек СӘДУОВ,
Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
![]()

