Тұрғын үй – алаңсыз тіршіліктің алғышарты

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ

Президенттің сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін елімізде 111 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылған. Бұл меже бастапқы жоспардан 7,3 миллион шаршы метрге артық. Былтыр 19,1 миллион шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, сала рекордтық көрсеткішке қол жеткізген, – дейді ресми мәлімет.

Халықтың тұрмыс-тіршілігі баспанасымен де өлшенсе керек. Елдегі құрылыс қарқыны мен азаматтарды тұрғын үймен қамту көрсеткіштері мемлекеттің экономикалық әлеуетін ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық деңгейінің де көрсеткіші іспетті. Кейінгі жылдардағы деректер бұл салада жүйелі өзгеріс жүріп жатқанын көрсетеді. Биыл да баспана бағытындағы нақты істер жалғасын тауып, тәуір нәтижеге қол жеткізілген.

Жақында тұрғын үй құрылысы саласының кейінгі 11 айындағы қорытындысын жариялаған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы уақыт аралығында 19,9 миллион шаршы метр тұрғын үй, яғни 154 300 пәтер пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Демек, тарих қойнауына енгелі отырған 2025 жыл бұл сала үшін жаман болмаған. Шаршы метрдің көптеп пайдалануға берілуі, бір жағынан, жеке құрылыс пен инвестицияның жандануын білдірсе, екінші жағынан, мемлекеттік бағдарламалардың көмегі тиіп жатқанын аңғартады. Өңірлердегі құрылыс көлемінің артуы ішкі еңбек нарығына да оң әсер етіп, мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл алғашқы жартыжылдықта құрылыс жұмысының көлемі 3,31 триллион теңгеге жеткен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға артық көрсеткіш. Бұған қоса, 11 миллион шаршы метрден астам жаңа нысан пайдалануға берілсе, оның 7,9 миллион шаршы метрі – тұрғын үй, қалғаны мектеп, балабақша және денсаулық сақтау нысаны.

Тұрғын үй мәселесінде әлеуметтік осал топтардың мүддесіне қашанда басымдық беріледі. Өйткені өздігінен үй сатып алуға шамасы жетпейтін аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту – Үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігі. Осы санаттағы азаматтарды қолдау үшін мемлекет бірталай сүйекті бағдарламаларды қабылдағаны мәлім. Айталық, жеңілдетілген пайызбен несие беретін ипотекалық бағдарламалар баспанаға мұқтаж жандарға едәуір демеу болып келеді. Министрліктің дерегінше, 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен берілген 4,9 мың ипотекалық несиеге 63,1 миллиард теңге бағытталған. Бұдан бөлек, «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары арқылы 205,7 миллиард теңгеге 7,6 мың несие берілген.

2025 жылдың алғашқы 11 айында 7,2 мың пәтер әлеуметтік осал топтарға жалға беру үшін сатып алынған.

Сонымен қатар әкімдіктер мемлекеттік бағалы қағаздар шығару тетігін пайдалана отырып, 4,4 мың пәтерді салып, сатып алды дейді министрлік өкілдері. Бұл тәжірибе жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй мәселесін шешуде қаржылық құралдарды тиімді пайдалана бастағанын көрсеткен.

«Finprom.kz» порталының хабарлауынша, ел азаматтарына баспаналы болу мүмкіндігін сыйлайтын ипотекалық несиелер рекордтық 7,4 триллион теңгеге жеткен. «Екінші деңгейлі банктердің жалпы несие портфеліндегі ипотеканың үлесі кейінгі жылдары тұрақты түрде 18–20 пайыз деңгейінде тұр. Бұрын мемлекеттік бағдарламаларды белсенді түрде дамытқанға дейін экономикадағы ипотеканың үлесі небәрі 8 пайызды құрайтын» делінген хабарламада.

Еліміздегі ипотекалық қарыздардың жартысынан көбін «Отбасы банк» қамтамасыз етіп отыр. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тіркеуді де осы банк жүргізеді. «Бұл тұрғын үй саласындағы институционалдық өзгерістердің бірі болды. Жүйенің орталықтандырылуы баспана кезегін жұртшылыққа неғұрлым ашық ете отырып, әкімдіктерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Биыл 7,3 мың жалға берілетін пәтер беріліп, 10 мыңнан астам азамат субсидияланған ипотекаға қол жеткізді. Қазір бірыңғай базаға 965 мыңнан астам азамат тіркелген, олардың шамамен 600 мыңы – әлеуметтік осал топ өкілдері», дейді журналистермен жүздесуінде Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қ.Қажкенов.

Жоғарыда аталған тұрғын үй кезегінің бірыңғай базасына 1 миллионға тарта азаматтың тіркелуі елімізде үйсіз жүрген азаматтардың әлі де көп екенін білдіреді. Оның сыртында мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тіркеле алмай, тіркелейін десе, оның талаптарына сай келмей жүрген жұрт қаншама?

Дегенмен тиісті ведомство өкілдері халықты баспанамен қамтамасыз ету тетіктерін жан-жақты қарастырып, неғұрлым тиімді тәсілдерді қолданысқа енгізіп жатқанын айтады. Соның бір түрі – тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау мен тұрғын үй сертификаттарын беру. Бұл да – халықтың төлем қабілетін арттыруға бағытталған тетіктер. 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңына қарай 11 мыңнан астам азамат жалдау ақысы бойынша субсидия алған. Бұл мақсатқа 7,6 миллиард теңге бөлінген.

Ал 1400-ден астам адамға бастапқы жарнаны жабу үшін 1,7 миллиард теңгеге тұрғын үй сертификаты берілген. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қолдау шаралары баспаналы болу жолындағы ең күрделі кезең алғашқы жарна мәселесін шешуге айтарлықтай ықпал етеді.

Үкімет үлестік құрылыс саласындағы мемлекеттік реттеуді күшейтуді де мықтап қолға алды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінде үлескерлердің құқы, оларды сенімсіз құрылыс компанияларынан қорғау мәселелері заңдағы өзгерістерде қаттап жазылғаны айтылған. Мысалы, рұқсатсыз салынып жатқан тұрғын үй-жайларына үлескер тартуға және алдын ала келісімдер жасауға тыйым салынады. Әкімдіктің рұқсаты немесе бірыңғай оператордың кепілдігі болмаса, әлі аяқталмаған құрылысты жарнамалауға болмайды.

Сондай-ақ азаматтар тұрғын үйлер мен оның құрылыстары жөнінде шынайы әрі нақты ақпараттан құлағдар болып отыру үшін 2026 жылы арнайы портал іске қосылмақ. Құрылыс саласындағы барлық жүйені біріктіретін ақпараттық ресурста қала құрылысы кадастры, сараптама порталы және е-құрылыс қызметтеріндегі мәліметтер біріктіріледі. Айталық, порталдан республикадағы 89 қаланың құрылыс рұқсаттарының пакетін беру мемлекеттік қызметтерін, сәулеттік жоспарлау тапсырмаларын, электр желісіне қосылудың техникалық сипаттамаларын, алдын ала жобаларды бекіту жоспарларын қарауға болады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, аталған портал «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді. Мұнда қажетті ақпаратты жылдам әрі оңай табудың барлық мүмкіндігі қарастырылған. Пайдаланушылар бірыңғай egov.kz логинімен басты бетке тікелей өтіп, керекті мәліметтерді көре алады. Жаңадан іске қосылған осы өзгерістердің бәрі тұрғын үй құрылыс саласындағы мәселелерді оңтайландыра түседі дейді мамандар.

Жалпы, 2025 жылдың тұрғын үй саласындағы көрсеткіштерді байыптасақ, мемлекет тұрғын үй саясатын құрылыс көлемімен ғана емес, әлеуметтік тиімділік тұрғысынан да бағалауға көшкен. Биыл кезекті рекорд жаңартылып, 10 айдың ішінде 14,6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін соның нәтижесі деп бағалауға болады. Finprom.kz сарапшыларының дерегінше, бір жыл бұрын дәл осындай кезеңде 14 миллион шаршы метр, бес жыл бұрын 9,8 миллион шаршы метр, он жыл бұрын 7 миллион шаршы метр, ал он бес жыл бұрын бар болғаны 4,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Былтыр елдегі тұрғын үй қоры 434,3 миллион шаршы метрге жетті. Соның ішінде қалада – 287,1 миллион шаршы метр, ауылда 147,2 миллион шаршы метр баспана тұрғызылған.

Не десек те, еліміздегі тұрғын үй бағдарламалары мен тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі уақыт өткен сайын жаңарып, кемшін тұстарын толықтырып, үйден үмітті жандардың жүрегіне сенім ұялатып келеді.

egemen.kz

Суретті түсірген — Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар