Жұмыстың осал тұстары жете қолға алынып, мәселелер шешілуі тиіс

ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Аршалы ауданында өңірді дамытудың өзекті мәселелері бойынша тұрғындармен маңызды кездесуі өтті. Жиынға аудан әкімі Достанбек Ержанов және аудандық мәслихаттың депутаттары мен басқарма өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Ресми емес ашық әңгіме форматында өткен кездесу барысында әкімдер мен қоғам өкілдері өңір тұрғындарын толғандыратын мәселелерді талқылап, тиісті шешімдер қабылдады.

– Біз бүгін ашық әрі нақты әңгіме үшін жиналдық. Мемлекет басшысы маңызды мәселелерді шешуде бақылаудан гөрі әріптестік қажет екенін айтты. Сондықтан, біз ашық диалогқа әрдайым дайынбыз, – деді облыс әкімі жиынды кіріспе сөзбен ашу барысында.

Жиын барысында бірінші кезекте талқыға түскен мәселе, бүгінде аудан тұрғындарының басты проблемаларының біріне айналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы. Соның ішінде жоспарланған газ жеткізу жұмыстары толық аяқталмай отыр. Аршалы кентіндегі газ жобасы 90 пайыз дайын, алайда, құрылыс-монтаж жұмыстарындағы кемшіліктерді түзетуге байланысты оны іске қосу 2026 жылдың мамыр айына шегеріліп, тұрғындарға көгілдір отын берілу мәселесі қиындай түскен. Бұл мәселенің мәнісін жан-жақты сұрап білген облыс әкімі тиісті мекеме басшыларына қатаң ескертулер жасап, көгілдір отын беруді одан әрі созбауды тапсырды. Сонымен қатар, жиын барысында Жібек Жолы мен Жалтыркөл ауылдарында өткен жылға жоспарланған су мен электр желілері әлі толық тартылмаған. Қостомар ауылында кейбір көшелер мен жолдар әлі дайын емес. Ал, Мәдениет үйі үш жылдан бері салынып жатыр, қаржының бір бөлігі игерілместен қайтадан бюджетке қайтарылған. Облыс әкімі өз сөзінде тұрғындарға ең алдымен жарық, жылу және судың қажеттілігін алға тарта отырып, аталған жоспарлардың уақытылы орындалмағанына қатаң ескертулер айтты. Аудан әкімі Достанбек Есжанов бұл кешігулердің себептерін былайша түсіндірді:

– Жер учаскелеріне құжаттарды уақытында рәсімдей алмадық, жылу, газ және электр желілерін тарту жұмыстары сапасыз болды. Бізден тек осы тұйықтан шығуға тырысу ғана емес, нақты нәтижеге қол жеткізу де қажет екенін түсінеміз.

Сонымен қатар, жиынға қатысқан қоғам белсенділері Самал Ким және Динара Барбасова, облыстық мәслихат депутаты Руслан Шәмкенов тұрғындарды алаңдататын басқа да мәселелерді көтерді. Олар өңірде рұқсатсыз қоқыс орындары мен қаңғыбас жануарлардың көбейгенін, ал, бұл экология мен ішкі туризмді дамытуға кері әсерін тигізетінін жеткізді.

– Біз кәсіпорындарға қарсы емеспіз, олар ауданға пайда әкеледі. Алайда, экология мәселесінде кейде тұрғындардың мүддесі еленбейді. Бұл тек карьерлерге ғана емес, қоқыс мәселесіне де қатысты. Біз бұл істе әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Самал Ким жиын барысында сөйлеген сөзінде.

Бұл ретте, облыс әкімі экология мәселесі бойынша жеке кеңес өткізу қажеттігін атап өтті. Қоқыс мәселесін шешу үшін Астана іргесіндегі зауыттар аудандардан тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдауға дайын екені айтылды.

Жиын соңында Марат Ахметжанов тиісті органдарға жиында атап көрсетілген проблемаларды шешу жолдарына баса назар аударуды тапсырды. Аудан әкімі барлық ескертулерді қысқа мерзімде жою қажет екенін еске салып, салынып жатқан нысандарды уақытында сапалы аяқтауды, жол құрылысы мен әлеуметтік нысандардың іске қосылуын қадағалауды, экология және қоқыс мәселелерін жеке бақылауға алуды тапсырды.

– Халыққа ең алдымен жылу, жарық, су, жол және әлеуметтік нысандар маңызды. Барлық тапсырма уақытында және сапалы орындалуы керек. Бұл біздің және сіздердің алдарыңызда тұрған орындауға тиіс міндеттеріміз, – деді облыс әкімі қорытынды сөзінде.

Осылайша,  ашық диалог кезінде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін жеткізіп, оған әкімдік тарапынан нақты шешімдер мен бақылау жолдары ұсынылды. Енді ең бастысы, уәде тек сөз жүзінде қалмай, іспен нақты ұштастырылуы тиіс.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар