ҮКІМЕТ НАЗАРЫ
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Көкшетауда әлеуметтік сала мәселелеріне арналған кеңес өткізілді. Кеңес жұмысына әлеуметтік саланың вице-министрлері, орталық мемлекеттік органдардың және өңірдің әлеуметтік сала басшылары қатысты.
Кеңесті облыс әкімі Марат Ахметжанов ашып, кеңес қатысушыларына өңірдегі әлеуметтік саланың жай-күйі, қол жеткен нәтижелер туралы айтып берді. Премьер-министрдің орынбасары өз кезегінде алдымен облыстың білім саласына қатысты мәселелерді көтерді. Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың баяндауынша, облыста барлығы 592 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның 425-і – мемлекеттік, 167-сі – жекеменшік. Бұл балабақшалар өңірдегі бүлдіршіндердің 97,1 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтығанымен, әлі де 3 мыңнан астам бала кезекте тұр. Бұл инфрақұрылымға түскен жүктеменің көп екенін байқатады.
– Министрліктің қадамдық жоспарына сәйкес 2025 жылы 2563 жаңа орын ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда 900 орын ғана ашылып, жоспардың орындалуы 35 пайызды құраған. 2026 жылы сыйымдылығы 840 орындық 3 мемлекеттік балабақшаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өңірде 2023 жылдан бастап 7 мемлекеттік балабақшада күрделі жөндеу жүргізілді. Енді 29 балабақша күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесін облыс әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алу қажет, –деді Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова.
Сондай-ақ, баяндамашының мәлімдеуінше, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру сапасына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі – педагогтардың білім деңгейі мен кәсіби шеберлігі. Облыстың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 4045 педагог жұмыс істейді. Олардың 76,9 пайызының бейінді білімі бар. Педагогтердің біліктілік санатының үлесі – 46,4 пайыз, ал, жекеменшік балабақшаларда бұл көрсеткіш небары – 13,4 пайыз. Өңірде 690 педагог жетіспейді, оның 52 пайызы жекеменшік балабақшада. Мектепке дейінгі ұйымда 31 басшының орны бос. Меңгерушілердің тек 48,7 пайызы аттестаттаудан өткен.
Орта білім саласы бойынша вице-министр облыста соңғы 3 жылда 26 жаңа мектеп ашылғанын, оның 9-ы – «Келешек мектептері» екендігін атап өтті.
–Алдағы жылдарда оқушылар саны артатынын ескерсек, 2028 жылға қарай орын тапшылығы 4 мыңға жетуі мүмкін. Осыған байланысты алдын ала жоспарлау және нақты шаралар қабылдау қажет, –деп Шынар Ақпарова жергілікті атқарушы органдарға осыны ескеру қажеттігін алға тартты және мектептердегі басқарушылық, шағын жинақты мектептер, қосымша білім беру секілді бірқатар мәселелерге де тоқталды.
Өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі кей көрсеткіштердің жақсаруы негізгі мәселелерді толық шешпейді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, облыс бойынша өмір сүру ұзақтығы 74,2 жасты құрайды. Сонымен қатар, 2025 жылдың 10 айында жалпы өлім-жітім 4 пайызға, нәресте өлімі 36,7 пайызға және туберкулезден көз жұмғандар саны 29,6 пайызға төмендеген.
–Ел тұрғындары үшін есепке алынатын сандар емес, нақты нәтиже маңызды. Көрсетілетін көмек қолжетімді, уақытылы және сапалы болуы тиіс. Әрбір салынған нысан лицензия, құрал-жабдықтар, кадрлармен қамтамасыз етіліп, «толық циклда» жұмыс істеуі қажет, – деді Аида Балаева кеңес барысында.
Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласында атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігіне тікелей ықпал ететін деректердің сапасы негізгі мәселе ретінде атап өтілді. Бірыңғай цифрлық платформаға 727 ұйым енгізілгені сөз болып, сонымен қатар, қосарланған жұмыспен қамту және кадрлық есептіліктегі бұрмалауларды қоса алғанда, қайта тексеруді қажет ететін жағдайлар анықталғаны айтылды.
Өңірде шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаның жыл сайынғы өсуі байқалады. Сонымен қатар, жұмыссыздар саны азайып келеді, алайда, ішкі нарықты қорғау қағидатын сақтау қажет. 2025 жылғы өсім инвестициялық жобаны іске асырумен байланысты. Көші-қонның бұл түрі көлік және әлеуметтік инфрақұрылымға үлкен жүктеме туғызады, сондай-ақ, көші-қонның маусымдылығы айқын байқалады. Жалпы, Ақмола облысы Астана агломерациясы аймағына жататындықтан, өңірге маятниктік көші-қон тән екендігі белгілі.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов осы көші-қон мәселесіне қатысты облыста ресми түрде 750 мыңнан астам халық тіркелген болса, бейресми түрде 1 миллионнан астам халық тұрып жатқанын атап өтті. Десе де, Премьер-министрдің орынбасары халықты жұмыспен қамтуда шетелдік жұмыс күшін, атап айтқанда, құрылыс саласына өзге елдердің құрылысшыларынан гөрі өзіміздің қаракөз азаматтарды тартуға басымдық беру қажеттігін ескертті.
Кадр даярлау мәселесі де кеңесте кеңінен талқыланған маңызды тақырыптың бірі болды. Облыста Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты 3 жоғары оқу орны бар. Бұл оқу ордаларында бүгінде 13,1 мың студент, оның ішінде 4,7 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Соңғы үш жылда олардың қатары 10 пайызға өсті, бұл көрсеткіш демографиялық өсумен және басқа аймақтардан келген студенттердің санымен байланысты. Сонымен қатар, мықты түлектер мен мемлекеттік білім гранттарының иегерлері жыл сайын басқа өңірлерге, ең алдымен, Астанаға кетіп, өңір болашағынан үміт күтіп отырған жас мамандардан айырылып қалып жатыр. Вице-министр Талғат Ешенқұлов бұл ретте, өңір экономикасының жыл сайынғы кадр қажеттілігі шамамен 12,5 мың адамды құрайтындығын, оның жартысынан астамы техникалық және кәсіптік білім беру саласына тиесілі екендігін айтты. Осыған байланысты өңірлік білім беру тапсырысын нақтылау және ерте кәсіби бағдар беру жұмысын күшейту қажеттігін көтерді.
Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева бірқатар тапсырма берді. Атап айтсақ, білім беру саласы бойынша жеке жоспар әзірлеу, ана өліміне, кадр мәселесіне және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті «толық циклда» іске қосуға басымдық бере отырып, денсаулық сақтау саласындағы бақылауды күшейту, әлеуметтік саладағы деректерді верификациялауды аяқтау және қосарланған қаржыландырудың алдын алу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, кадрларды өңір қажеттіліктеріне сай даярлау, білім және ғылым, туризм және спорт салалары бойынша инфрақұрылымдық шешімдерді нақты мерзімдері мен жауаптыларды айқындай отырып, жеделдетуді тапсырды.
Сонымен қатар, Аида Балаева жұмыс сапары аясында Ақмола облысының Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткізді. Жиында халықпен тұрақты әрі жүйелі кері байланыс орнату жолдары және әлеуметтік қызметтердің сапасына қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері бөлек талқыланды. Кездесу барысында Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов цифрландыруға байланысты өз ойын айта келіп, егде адамдарды да осыған дағдыландыру мүмкіндігін көтерсе, кеңес мүшесі Әлия Ахетова қоғам мүшелігіне бұрынғы мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, азаматтық қоғам өкілдерін, белсенді жастарды тарту қажеттігі туралы мәселе көтерді, ал, журналист Сәуле Құсайынова балалар туризмі мен демалысын ұйымдастыруда кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды жеңілдету жағын қарастыруды сұрады. Премьер-министрдің орынбасары Қоғамдық кеңес мүшелерінің бұл ұсыныстарын қабыл алып, жұмыстарына сәттілік тіледі және жергілікті жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосатындықтарына сенім білдірді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

