БРАКОНЬЕРЛІКПЕН КҮРЕС
Ақмола облысы – еліміздің солтүстігіндегі табиғаты бай, орманды өңірлердің бірі. Бүгінде аймақтың табиғи ресурстарын сақтау және молайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Десе де, осы салаға бақылау жүргізетін Ақмола облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясында маман тапшылығы мен материалдық-техникалық жабдықталуында қиындықтар бар екендігі жиі айтылып жүр. Осы ретте, аталмыш инспекцияның басшысы Лашынтай Дүйсеновпен арнайы кездесіп, сұхбаттастасуды жөн санадық.
– Лашынтай Жасқайратұлы, Ақмола облысы өзінің бірегей табиғатымен, ормандарымен танымал. Алдымен өңірдің табиғи әлеуеті мен орман қорының жай-күйіне тоқталып өтсеңіз.
– Ақмола облысы еліміздің солтүстігінде, бірегей, қайталанбас табиғаты мен бай жануарлар әлемі шоғырланған өңірде орналасқан. 14,6 миллион гектар аумақты алып жатқан бұл аймақ далалы және орманды-далалы ландшафттардың, соның ішінде Көкшетау қыраттарының бірегей үйлесімімен сипатталады.
Облыстың жалпы орман қоры 1,058 миллион гектар аумақты алып жатыр. Өңірдің жалпы ормандылық деңгейі 2,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштің басты ерекшелігі – орман екпелерінің жартысынан астамы қылқан жапырақты тұқымдардан тұратындығында. Сонымен қатар, аймақта жалпы ауданы 1017 гектарды құрайтын жеке орман қоры да бар, бұл табиғатты қорғау ісіне жеке сектордың да үлес қосып жатқанын аңғартады.
Өңірдегі орман шаруашылығын басқару жүйесі өте кең әрі жан-жақты тармақталған. Қазіргі таңда облыс аумағында экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған 23 мемлекеттік орман иеленуші мекеме жұмыс істейді. Олардың қатарына табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 13 мемлекеттік орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын 3 мемлекеттік ұлттық табиғи парк және әйгілі Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы, Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты, Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығы, республикалық орман селекциялық орталығының «Солтүстік аймақ» филиалы, елорда айналасындағы «Жасыл аймақ» кәсіпорны және көлік жолдары бойындағы екпелерге жауапты «ҚазАвтоЖол» мен «Қазақстан темір жолы» (Астана қорғаныш екпелері дистанциясы) құрылымдары жатады.
Ақмола облысының орман шаруашылығы тек ағаш кесу немесе отырғызумен шектелмейді. Бұл – ғылым, өндіріс және экологиялық бақылау тоғысқан үлкен жүйе. Осындай кең тармақты басқару құрылымы алдағы уақытта аймақтың жасыл желегін сақтап қана қоймай, оның аумағын кеңейтуге де толық мүмкіндік береді. Облыстағы аңшылық алқаптардың жалпы аумағы 12,34 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде 12,11 миллион гектар аумақта 161 аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылған. Аңшылық алқаптардың резервтік қоры 229,1 мың гектарға тең. Қазіргі таңда 10,21 миллион гектар алқапта түрлі меншік нысанындағы 81 заңды және жеке тұлғаның басқаруындағы 137 аңшылық шаруашылығы қызмет көрсетіп отыр. Сонымен қатар, облыс аумағында жалпы ауданы 1,90 миллион гектарды құрайтын, әлі ешкімге бекітілмеген 24 резервтік аңшылық алқабы бар.
– Осыншама ұлан-ғайыр аумақты бақылау оңай емес шығар…
– Ақмола облысының аумағында табиғи ресурстарды қорғау, оларды молайту және тиімді пайдалану бағытында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Ақмола облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы жұмыс істейді. Бұл мекеме өңірдегі табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қадағалайтын басты мемлекеттік орган болып табылады.
Инспекцияның алдында тұрған басты мәселенің бірі – мамандар санының аздығы. Небәрі 13 адамнан тұратын ұжым үшін облыстың кең байтақ аумағында орман мен жануарлар дүниесін қорғау заңнамасының сақталуын толыққанды бақылау, браконьерлік әрекеттерді дер кезінде анықтау және жолын кесу ісі айтарлықтай күрделеніп отыр. Сонымен бірге, инспекцияның иелігінде бүгінде 9 қызметтік автокөлік бар. Дегенмен, бұл техникалардың бір бөлігі ұзақ уақыт бойы пайдаланылуына байланысты айтарлықтай тозған, бұл жедел жұмыс істеу барысында белгілі бір қиындықтар тудырады. Бұл жағдай алдағы уақытта инспекцияның техникалық базасын жаңартуды және бақылау мүмкіндіктерін арттыруды қажет ететінін көрсетеді.
Ақмола облыстық инспекциясының қызметі тек облыс аумағымен шектелмейді. Мамандардың жауапкершілік аймағына елорда – Астана қаласы да кіреді. Бұл әрбір маманның иығына түсетін жүктемені бірнеше есе арттырып отыр. Жалпы, инспекция қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қадағалап, рейдтерге шығумен қатар, орасан зор көлемдегі құжаттамалық жұмыстарды да атқарады. Атап айтқанда ресми сұраулар мен есептер дайындайды, сот істеріне қатысады, жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарайды, жоғарыда тұрған органдардың тапсырмаларын орындап, өзге де мемлекеттік құрылымдармен жұмысты үйлестіре атқарады. Бұл факторлар мамандардың нақты табиғатты қорғау шараларына бөлетін уақытын айтарлықтай шектейді.
Өкінішке қарай, бүгінде заң бұзушылар, бір сөзбен айтқанда браконьерлер соңғы үлгідегі қуатты жол талғамайтын көліктермен, джиптермен жүреді. Ал, инспекторларда заманауи бақылау құралдары – дрондар, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен GPS-навигация жүйелері мүлдем жоқ. Мұндай техникалық теңсіздік жағдайында және штат санының аздығынан, ұлан-ғайыр аумақта браконьерлік әрекеттердің жолын кесу іс жүзінде мүмкін болмай отыр.
Инспекция қызметкерлерінің иығына түскен ауыр жүктеме мен техникалық жабдықталудың жетіспеушілігіне қарамастан, мекеме 2025 жылы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Ұзақ мерзімді рейдтер мен қағазбастылықтың қатар жүруіне қарамастан, табиғат жанашырлары өз міндеттерін адал атқарып келеді.
– Осындай қиындықтарға қарамастан, өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштеріңіз бізге жаман еместей көрінеді.
– Иә, ресурстардың шектеулігіне қарамастан, біздің мамандар өз ісіне адал. Өткен жылы инспекция тарапынан 540 рейдтік іс-шара және 102 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде жалпы саны 191 заң бұзушылық анықталды. Нақты айтқанда, аңшылық саласында 63, орман қорын қорғау бойынша 124, балық шаруашылығында 4 дерек тіркелді. Осы заң бұзушылықтардың нәтижесінде 89 әкімшілік хаттама толтырылып, 174 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, аса ірі қылмыстар бойынша жыл басынан бері 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Табиғатқа зиян келтіргендерге жалпы сомасы 5373,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынды және бұл сома толығымен өндірілді. Табиғатқа келтірілген зиян көлемі 1 190,1 мың теңге деп бағаланса, оның 1 094,3 мың теңгесі мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ, заңсыз әрекеттер кезінде браконьерлерден 14 қылмыс құралы тәркіленді.
Жалпы, инспекция табиғатты қорғау бағытындағы түсіндіру жұмыстарымен де белсенді айналысады. Әлеуметтік желілерді есепке алмағанда, бұқаралық ақпарат құралдарында аңшылық заңдылықтары мен орманды қорғау мәселелеріне қатысты 22 мақала мен сюжет жариялаған.
Инспекцияның өткен жылғы қызметі тек әкімшілік шаралармен шектелген жоқ. Құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 11 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 10 іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 337-бабы, яғни, заңсыз аңшылық бойынша қозғалса, біреуі 339-бап – өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз жұмыс істеу бойынша қозғалды. Бұл көрсеткіштер өңірдегі браконьерлікпен күрестің ымырасыз сипатын көрсетеді.
– Биылғы жылдың басы қалай басталды? Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Биылғы жылдың басынан бері инспекция жұмыс қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Бүгінгі күнге дейін 13 рейдтік іс-шара өткізіліп, аңшылық ережесін бұзудың 4 дерегі анықталды. Нәтижесінде 4 әкімшілік материал толтырылып, ескерту жасалды, сондай-ақ, заңсыз аңшылықтың 1 құралы тәркіленді. Мамандар санының аздығына және материалдық-техникалық базаның ескіргеніне қарамастан, Ақмола облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы негізгі көрсеткіштер бойынша Қазақстан Республикасының барлық облыстары арасында алғашқы орындарға ие болды. Бұл жетістік – ұжымның жоғары кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығының тікелей дәлелі. Шектеулі ресурс жағдайында жұмыс істей отырып, инспекция қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз етіп, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін нық күзетіп келеді. Алдағы уақытта техникалық базамызды жаңартып, штат санын көбейту мәселесі шешілсе, жұмысымыз бұдан да тиімді болар еді. Біз үшін Ақмола өңірінің жасыл желегін келер ұрпаққа аман-есен тапсыру – басты міндет.
– Әңгімеңізге көп рахмет. Табиғатты қорғау ісіндегі қиын да қадірлі жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
![]()

