Отбасы, ошақ қасының тыныштығы – елдің берекесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту шеңберінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді басты міндеттердің бірі ретінде қойған болатын. Әсіресе, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды заңнамалық тұрғыда қатаңдату туралы берілген тапсырмалар бүгінде құқық қорғау органдары жұмысының негізгі темірқазығына айналды. Осы орайда, Ақмола облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және оның жолын кесу бағытындағы жүйелі жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасуда.

Жалпы, мұндай қылмыстар тек бір отбасының қасіреті емес, тұтас қоғамның іргесін шайқалтатын әлеуметтік кесел екені даусыз. Жыл басынан бері Ақмола облысының учаскелік полиция инспекторлары мен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері тұрмыстағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 125 құқық бұзушыны жауапқа тартты. Профилактикалық жұмыс аясында полицейлер аулаларды аралап, агрессивті мінез-құлыққа бейім адамдармен бетпе-бет сөйлесу арқылы заңның қатаңдығын түсіндіруде. Әлеуметтік осал жағдайдағы отбасылар мен есепте тұрған азаматтарға ерекше назар аударылып, оларға құқықтық қорғау шаралары мен көмек сұраудың тетіктері егжей-тегжейлі жеткізілуде.

Ықтимал қайғылы салдардың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары тарапынан мінез-құлыққа 37 ерекше талап қойылып, 125 қорғау ұйғарымы шығарылды. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар агрессорлар үшін жәбірленушімен байланысқа түсуге тыйым салу сынды уақытша шектеулерді енгізу арқылы азаматтарды физикалық және психологиялық қысымнан қорғауға мүмкіндік береді.

Тәжірибе көрсеткеніндей, профилактикалық шараларды уақытылы қолдану және учаскелік инспекторлардың тұрақты бақылауы көп жағдайда отбасылық қатынастардың оңалуына септігін тигізеді. Мұның жарқын мысалы ретінде Атбасар ауданындағы бір отбасының тағдырын айтуға болады. Полицейлердің сөзінше, бірнеше жыл бұрын алкогольге салынып, қоғамға жат өмір салтын ұстанған ерлі-зайыптылардың соңы үлкен қасіретке ұласқан еді. 2021 жылы туындаған жанжал барысында әйелі жұбайының денсаулығына ауыр зиян келтіріп, төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда, осы кезеңде полицияның тұрақты бақылауы мен жүргізілген түсіндірме жұмыстары оң нәтижесін берді. Бүгінде бұл отбасы жат әдеттерден арылып, жұмысқа орналасып, салауатты өмір салтына көшті.

Ақмола облысының полиция департаменті отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу полиция жұмысының басым бағыты болып қала беретінін мәлімдейді. Отбасындағы агрессия мен қоқан-лоққының кез келген түрі заң назарынан тыс қалмайды. Сондықтан, құқық қорғау органдары азаматтарды мұндай фактілерді жасырмай, уақытылы көмек сұрауға шақырады. Себебі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабы тек физикалық жарақатпен шектелмейді, ол өскелең ұрпақтың психикасына нұқсан келтіріп, қоғамның болашағына балта шабады.

Президент қойған міндеттерге сәйкес, тек ортақ күш-жігер мен бейжай қарамау арқылы ғана біз әрбір шаңырақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қайғылы жағдайлардың алдын ала аламыз. Зорлық-зомбылықсыз қоғам құру – әрбір азаматтың парызы.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

сурет ruh.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар