ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында елдің дамуы ең алдымен ауылдан басталуы қажеттігін үнемі айтып келеді. «Ауыл – елдің алтын қазығы» дейтін болсақ, Астрахан ауданында да ауылдарды дамыту жұмыстары нақты істермен ұштастырылуда.
Өткен 2025 жыл аудан үшін оңай жыл болған жоқ, десе де, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде біршама өсімдерге қол жеткізілген, келешекке бағыты айқындалған жыл болды.
2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Астрахан ауданында 18 137 адам тұрады. Өткен жылмен салыстырғанда халық саны 790 адамға азайған. Бұл көбіне жастардың жұмыс іздеп басқа өңірлерге көшуімен байланысты. Дегенмен, аудан өмірінде оң үрдіс те бар. Мәселен, биыл 151 сәби дүниеге келіп, 148 адам қайтыс болды, яғни, табиғи өсім сақталып отыр.
Адам ауылда қалу үшін алдымен жұмыс, таза су, жарық, жол, мектеп пен аурухана қажет. Президент өз Жолдауларында демографиялық саясатты күшейту, ауылдық жерлерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасау қажеттігі жөнінде жиі айтады. Осы бағытта ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысы, медицина мен білім беру саласын жақсарту бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.
2025 жылдың қаңтар-қараша айларында аудан бойынша өндірілген өнеркәсіп өнімі 4,2 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз көрсеткіш. Бұған аудан экономикасын ұстап тұрған екі ірі кәсіпорында тапсырыстың азаюы негізгі себеп болып отыр. Мәселен, «Миллхауз» зауыты былтырғы 2,5 миллиард теңгенің орнына биыл 1,5 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Ал, «AZAM KC» кәсіпорнында да осындай жағдай байқалды. Өнеркәсіпте төмендеу бар. Бірақ бұл тоқырау емес. Алдағы уақытта өңірде жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы тұрақты өсімге қол жеткізу қажеттігі сияқты тапсырмаларына орай, ауданда жаңа өндірістер ашу және қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту бағытында ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мәселен, Жалтыр ауылында «Frescanto» ЖШС-нің ірі диірмен кешені салынуда. Бұл кешен 70 мың тонна астық сақтайтын элеваторды, тәулігіне 2 мың тонна ұн тартатын диірменді және сағатына 20 тонна құрама жем өндіретін цехты қамтиды. Жобаның жалпы құны 19 миллиард теңге, іске асырылған кезде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып, индустрияландыру картасына енгізілді. Сондай-ақ, Ақбейіт кен орнында «Aina Resources» ЖШС бағалы металдарды байыту және алтын өндіру кешенін салу жұмыстарын жалғастыруда. Қажетті жер телімдері бөлініп, су қоймасының құрылысы толық аяқталды. Қазіргі уақытта электр желілері тартылып, өндірісті кеңейту және алтын өндіру фабрикасын іске қосу үшін қажетті құжаттар дайындалуда. Жоба толық іске асқан соң аудан экономикасына елеулі үлес қосады деп күтілуде.
Сонымен қатар, «AZAM KC» ЖШС астық сақтауға арналған сүрлемдер шығаратын зауытын жаңғыртып жатыр. Жобаға 340 миллион теңге инвестиция салынып, 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын жылына 20 бірлік сүрлем өндіреді және элеваторлық жабдықтардың кең түрін шығарады. Өндіріс қазіргі заманғы шетелдік технологиялармен жұмыс істейді.
Өткен жылыАстрахан ауылында жеке кәсіпкер А. Тулеева монша кешенін салды. Жобаның құны 300 миллион теңге, кешен бір уақытта сағатына 12 адамға қызмет көрсете алады. Қазіргі уақытта нысан жалға беріліп, кейін сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Нұр-А» ауыл шаруашылығы кооперативі 50 басқа арналған сүт-тауар фермасын салуда. Жобаның құны – 300 миллион теңге, 10 жұмыс орны ашылады. Ферма тәулігіне 7 тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік береді. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алынып, асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынды. Жоба 2026 жылы толық іске қосылады.
Новочеркасск ауылдық округінде «Compani City Media» ЖШС картоп өсіруге арналған суару жүйесін орнатты. Жоба 89 гектар жерді қамтиды, құны – 100 миллион теңге. Суару жүйесінің арқасында өнім көлемін арттыру жоспарланып отыр. Жоба аясында 3 жаңа жұмыс орны құрылды.Первомай ауылдық округінде «Камышенка 1» кооперативі сүт өңдеу цехын ашуда. Жобаның құны – 20 миллион теңге, тәулігіне 3 тоннаға дейін сүт өңдеуге мүмкіндік бар. Бұл жоба да «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы қолдау тауып, ауылда 3 жаңа жұмыс орнының ашылуына жағдай жасайды.
Астрахан ауданы нағыз егінді өлке. 2025 жылы бұл сала аудан экономикасын алға сүйреген негізгі күш болды деп айтуға толық негіз бар.
Өткен жылдың қорытындыларына сәйкес, 1 желтоқсанға дейін ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 67 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 миллиард теңгеге көп. Биыл аудан диқандары 367 мың гектар алқаптан астық жинады. Орташа өнімділік гектарына 15,8 центнерден болды. Нәтижесінде, 579 мың тоннадан астам астық қамбаға құйылды. Бұл диқандарымыздың маңдай терімен келген өнім деп санаймын. Әр тонна астықта әрбір диқандардың зор еңбегі бар. Ал, мал шаруашылығы саласында да өсім байқалды. Ауданда өткен жылы ірі қара, қой, жылқы, шошқа мен құс саны артты. Сүт өндіру көлемі 12,3 мың тоннаға жетті. Президент тапсырмасымен жүзеге асырылған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Өткен жылы осы бойынша 96,6 миллион теңгеге 13 жоба қаржыландырылды. Бұл қаржыға біреу сүтті сиыр алса, біреу техникалық қызмет көрсету орнын ашты, енді бірі жылыжай салды. Нәтижесінде ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, адамдар өз нәпақасын таба бастады.Маңыздысы сол аудан тұрғындарының әрқайсысының өз ісін ашуға деген сенімі артты деп ойлаймын.
2025 жылы ауданға тартылған инвестиция көлемі 13 миллиард теңгеден асты. Бұл қаржы зауыт, ферма, жол, су құбыры, аурухана сияқты маңызды нысандарға жұмсалды. Ауылда су мен медицина болса, халықтың көңілі де орнықты болатыны рас. Президенттің «Адами капитал – ел дамуының басты байлығы» деген ұстанымы ауданымыздың білім беру саласында да нақты іске асырылуда. 2024-2025 оқу жылында ауданда 30 мектеп жұмыс істеп, 3 348 оқушы білім алды. Мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Денсаулық сақтау саласында 31 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетті. Негізінен, жыл санап ауданда құрылыс саласы айтарлықтай артып келеді. Өткен жылы атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 5,8 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір өсті.
Аудан бойынша бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар толық аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Старый Колутон ауылында денсаулық сақтау нысанына қажетті инженерлік-коммуникациялық желілер салынды. Сонымен қатар, осы ауылда жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Лозовое, Первомай, Камышенка және Жамбыл ауылдарында жаңа су құбыры желілері салынды. Ал, Жарсуат ауылында ескі су жүйелері толық жаңартылды. Бұл жобалар тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.
Жеке тұрғын үй құрылысы да өсуде.Ауданда жеке тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. 2025 жылы 3 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Жалпы, құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар ауыл инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және ауданның әлеуметтік әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, өткен жылы аудан бойынша 1 174 жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыссыздық деңгейі небәрі 2 пайызды құрады. Орташа айлық жалақы 316 мың теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға 45,9 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Атаулы әлеуметтік көмек, біржолғы төлемдер, емделуге жолдамалар берілді.
«Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылға келген жас мамандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Жоба бойынша мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие беріледі. Сондай-ақ, ауылға келген мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 393 200 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу үшін аудан орталықтарындағы ауылдарда 9,8 миллион теңгеге дейін, ал басқа ауылдық елді мекендерде 7,8 миллион теңгеге дейін бюджеттік несие алу мүмкіндігі бар. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 80,6 миллион теңге көлемінде несие берілді. Ал, жергілікті бюджеттен 48 жас маманға 18,9 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Қазіргі уақытта 12 маман тұрғын үй несиесін алуға, ал 1 маман көтерме жәрдемақы алуға кезекте тұр.
2025 жылғы көктемде болған су тасқыны кезінде аудан бойынша 62 отбасы зардап шекті. Мемлекет оларды қиын жағдайда жалғыз қалдырған жоқ. Үйлер сатып алынды, жөндеу жұмыстары жүргізілді, қаржылай көмек көрсетілді. Бұл Президенттің «халықты қиындықта қалдырмау» деген нақты тапсырмасының орындалуы деп санаймын.
Қорыта айтқанда, 2025 жыл Астрахан ауданы үшін еңбекпен, сынақпен, сонымен бірге нақты нәтижелермен есте қалды. Біздің мақсат – бір күндік көрсеткіш емес, тұрақты даму. Халықтың тұрмысы жақсарса, біз өз жұмысымызды дұрыс атқардық деп есептейміз. Алдағы жылдары да аудан Президент Жолдауында айтылған бағытпен жүріп, ауылды дамыту, жұмыс орындарын көбейту, халықтың өмір сапасын арттыру жолында жұмыстарды жалғастыра береді.
Талғат ЕРСЕЙІТОВ,
Астархан ауданының әкімі.
![]()

