Бағдарлы бағыт – баянды болашақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ағымдағы жылдың 15 наурызында жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты еліміздегі үлкен жаңғырулардың басы болғаны белгілі. Одан бері Сыр елі – Қызылордада Ұлттық Құрылтайдың V отырысы өтіп, онда Парламенттік реформа туралы айтылды. Кейін ол Жаңа Конституция жобасына ұласып, қазір еліміз бойынша осы маңызды құжатты талқылау жүргізілуде.

«Түркістан» газетінің биылғы алғашқы санында жарық көрген Мемлекет басшысының сұхбатына қайта оралсам, өз басым жыл басында Үкімет пен Президенттің алдағы жоспарлары туралы осындай ақпаратқа толы сұхбаттың шығуын өте дер кезінде жасалған қадам деп есептеймін. Бұл сұхбат бізге алдағы үш жылға арналған даму бағытын айқындап берді. Мақалада атқарылған жұмыстарға толыққанды талдау жасалып қана қоймай, ең маңыздысы – алдағы жылдарға арналған мақсаттар мен міндеттер белгіленген.

Ақмола облыстық мәслихатының бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде маған онда айтылған бюджет саясаты мен салықтық көрсеткіштердің даму тенденциялары мен басым бағыттарын білу өте маңызды болды. Себебі, Президент пен Үкіметтің ел дамуындағы басты ұстанымдарын терең сезіну жұмысымыздың негізгі тетігі болып табылады.

Барлық жоспарлар мен мақсаттардың үш жылдық кезеңге негізделуі өте орынды шешім деп есептеймін. Бұл 2026-2028 жылдар аралығын толық қамтитын, жан-жақты салмақтанған құжат қалыптастыруға және қажет болған жағдайда оған жедел әрі тиімді түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.

Біз, ақмолалықтар 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ортақ табысына қомақты үлес қостық. Бұл ретте облыс диқандарының дәнді-дақылдардан орташа өнімділікті гектарына 16,3 центнерден асырып, рекордтық 7,6 миллион тонна астық жинауы үлкен жетістік әрі мақтан тұтарлық нәтиже. Сонымен қатар, инвестиция тарту бағытындағы көрсеткіштеріміз де айтарлықтай жоғары. Облыстың инвестиция тарту бойынша республикада бірінші орынға шығуы өңіріміздің экономикалық әлеуеті мен тұрақты дамуының айқын айғағы.

Мемлекет басшысы өз сұхбатында жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды алдағы уақытта ұстап тұру және дамыту мәселесіне қатысты өзінің алаңдаушылығын білдірді.

Меніңше, бұл бағытта жан-жақты талдау жасап, жіберілген олқылықтармен жұмыс жүргізу өте орынды. Білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жеке инвесторлармен жүйелі диалог орнатып, бұған дейінгі жұмыстарға тиісті түзетулер енгізу алдағы уақытта осы салалардың ілгері басуына септігін тигізеді деп санаймын.

Шын мәнінде, біз бұл салаларды қаржыландыруда жеке инвесторлардан үлкен белсенділік пен жауапкершілік күтуге толық құқылымыз. Өкінішке қарай, бизнестің өз міндеттемелерін орындаудан гөрі, бюджет қаражатын игеруге ғана құштар болып отырғанына жиі куә болудамыз. Бұл бағыттағы тепе-теңдікті қалпына келтіру – кезек күттірмейтін мәселе.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елдегі саяси архитектураны өзгертуге, атап айтқанда, бір палаталы Парламентке көшу мүмкіндігіне қатысты сауалдарға да тұшымды жауап берді. Қазір бұл мәселе жаңа Конституция жобасына түбегейлі еніп отыр.

Степногорск қаласының бұрынғы басшысы қызметін атқарған азамат ретінде, маған биліктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика саласындағы реформаларына қатысты іс-қимылдарын білу өте маңызды еді. Қазақстанның энергетикалық кешені мен инженерлік желілерінің жай-күйіне тура қарап, шынайы баға беру алға жоспарланған міндеттерге жетуге деген ұмтылыстың маңызды бір қадамы. Бұл – көпшілікке бірден ұнай қоймайтын, бірақ, ел болашағы үшін аса қажетті үдеріс.

Мұндай тәсілді мен әбден дұрыс деп санаймын. Сонымен қатар, елімізде үш атом электр станциясын салу перспективасы да дер кезінде көтерілген мәселе. Қазақстан уран өндіруде жоғары нәтижелерге ие бола отырып, тек шикізат жеткізуші позициясынан шығып, атом энергетикасының толық циклін қалыптастыратын уақыт келді.

Биліктің энергия кешені мәселелеріне жіті көңіл бөлуінің алғашқы нәтижесі де жоқ емес. Қауіптің «қызыл» аймағында тұрған Жылу электр орталықтары саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түсері анық.

Түйіндей келе айтарым, Президенттің бұл сұхбаты тек есеп беру ғана емес, ел болашағының нақты бағдарына айналуда. Оны соңғы кездегі еліміздің жаңа саяси реформаларынан да көріп отырмыз. Мемлекет басшысы белгілеп берген осы реформалар мен міндеттер әрбір мемлекеттік қызметші мен халық қалаулысынан жоғары жауапкершілікті талап етеді.

Біз, Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары, өңірлік бюджетті жоспарлау мен бақылау барысында Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтарды басшылыққа алудамыз. Әсіресе, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, инвесторлармен ашық диалог құру және әлеуметтік саланың сапасын арттыру басты назарымызда болады. Бірлескен жұмыс пен жүйелі реформалар және оны қолдау ғана елімізді жаңғырудың жаңа белесіне көтеретіні анық. Біздің ортақ мақсатымыз қуатты экономика мен әділетті қоғам құру десек, сол жолда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай ұйымшыл іс-қимыл танытуымыз керек.

Марат ҚОЙШЫБАЕВ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты,
экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар