Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыстық мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен әкімдік мәжілісінде 2025 жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қорытындылап, 2026 жылға жоспарланған жобалар бойынша есеп берді.
Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қорытындыланған алқалы мәжіліске облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісті облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов ашып, конституциялық реформаның саяси маңызына азырақ тоқталды және ағымдағы жылдың наурыз айында өтетін референдум жөнінде мағлұмат берді. Өткен жылдың даму көрсеткіштерінің нәтижелері бойынша баяндама жасаған облыс әкімі алдымен елімізде жүргізіліп жатқан реформа – жаңа Конституцияның маңызына тоқталды.
– Біздің бүгінгі кездесуіміз ел үшін маңызды тарихи сәтте өтіп жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды конституциялық реформалар басталды. Президент атап өткеніндей, Ата Заң жобасы – мемлекетіміздің дамуының жаңа деңгейін нақты белгілейтін тұжырымдамалық жаңа құжат. Бүгін азаматтар мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстар негізінде республикалық комиссия халық арасында кеңінен талқыланған Жаңа Конституцияның жобасын әзірледі. Біздің өңірден республикалық комиссияның құрамына облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов кірді. Комиссия мүшелері келіп түскен мыңдаған ұсыныстарды қарастырып, ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өткен жөн. Осылайша, бұл реформа Негізгі Заң мәтінінің 80 пайыздан астамын қамтыды. Бұл – шын мәнінде Жаңа Конституция, – деген аймақ басшысы негізгі баяндамасына ойысты.
Сонымен, 2025 жылы облыста шығарылған жалпы өңірлік өнім көлемі 5,1 триллион теңгеге жетіп, 2024 жылғы көрсеткіштерден едәуір асты. Өңір басшысының айтуынша, өнім мен қызмет көрсету көлемінің ұлғаюы, нысандар құрылысы, жұмыспен қамтудың және жалақының артуы, осының барлығы экономикалық өсімге жол ашқан.
– Облыс бойынша орташа айлық жалақы 13 пайыздан астам өсіп, 372 мың теңгеге жетті. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 2023 жылдан бері 2 еседен астам өсіп, 692 миллиард теңгеге жетті. Бұл табысты өсімге жергілікті аграршылардың, өңірге тартылған белсенді инвестициялардың және құрылысқа жергілікті мердігерлерді қатыстырудың үлесі зор. Осы жерде бір атап өтерлігі, мәселен, 2022 жылы жергілікті мердігерлермен жасалған барлық келісім-шарттардың үлесі 18,5 пайыз ғана болса, былтыр бұл көрсеткіш 87 пайызға жетті. Яғни, өз ақшамыз өз өңірімізде қалып отыр, – деп ерекше атап өтті Марат Ахметжанов.
Өткен жылы облыс ауыл шаруашылығы саласы бойынша да елде бірінші орынға шыққаны белгілі. Жалпы өнім көлемі 1,2 триллион теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға артты. Осылайша, елдің басты астықты өңірі мәртебесін дәлелдей түсті. Былтыр орташа өнімділігі гектарынан 16,3 центнерді құрап, 7,6 миллион тонна астық жиналды, бұл – елдегі жалпы өнімнің төрттен бірінен астамын құрайды.
Облыс әкімінің баяндамасына сүйенсек, өңірде экспорт та белсенді дамуда. Бүгінгі күні 22 елге 3,6 миллион тоннадан астам астық жөнелтілген көрінеді. Эстониядағы Muuga Grain Terminaal астық терминалымен ынтымақтастықтың арқасында облыс өнімі Еуропа нарығына шығып отыр. Сондай-ақ, Эстониямен 1 тонна майлы дақыл жеткізуге меморандум жасалған. Сол сияқты Норвегия, Алжир, Марокко және Вьетнам елдері жаңа экспорт бағыттары ретінде айқындалып отыр. Ақмола өңірі мал шаруашылығына қолайлы. Былтыр бұл сала көрсеткіштері 4,8 пайызға артқан, ет өндірісі 7,4, сүт өндірісі 2,2 пайызға ұлғайған. 2025 жылы 3 сүт-тауарлы фермасы және 1 бордақылау алаңы салынды. 2026 жылы 2 ірі сүт-тауарлы фермасын, 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қосу және құс фабрикалары желісін кеңейту жоспарланып отыр.
Аграршыларды қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» және «Игілік» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары жалғасуда. 2026 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 1,35 триллион теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, елді мекендерді дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің рөлі зор. Бизнес мемлекеттік бағдарламаларды жай ғана пайдаланып қоймай, ауыл келбетін жақсартуға да қаржы бағыттауы тиіс. Осы ретте, облыс әкімі:
– 2026 жылы басымдық тау-кен саласы мен құрылыс индустриясын дамытуға беріледі. «Altyntau Kokshetau» компаниясы аумағы 590 гектар болатын кен орнының жаңа учаскесін игеруді бастады. Ал, Бурабай ауданындағы «RG Gold» базасында құны 500 миллион АҚШ долларын құрайтын, 1 мың жұмыс орнын ашатын жаңа алтын өндіру фабрикасын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Казахалтын Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік нысандарын жаңғырту көзделіп отыр, – деді.
Құрылыс саласында бес кірпіш зауытын іске қосу жоспарланған. Бұл жылына 650 миллион дана кірпіш өндіруге мүмкіндік беріп, тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылысты қолдауға жол ашады.
Сонымен қатар, өңірге тартылған инвестициялар да рекордтық деңгейге жетіп отыр. Былтырғы тартылған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 927 миллиард теңгені құрады, оның 71 пайызы жеке инвестициялар. Инвесторларды тартудың негізгі орталықтары республикалық және өңірлік маңызы бар «Aqmola», «Kokshe Industry» және «Stepnogorsk Industrial Park» индустриялық аймақтары болып отыр. Мұнда терең өңдеу және дайын құрылыс материалдарын өндіру жобалары іске қосылуда.
Бұдан әрі аймақ басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, халықты ауыз сумен, газбен, жылумен қамту бағыттарына да ерекше назар аударды. Соның ішінде, жылумен қамтуда соңғы үш жылда желілердің тозуы 41 пайыздан 37 пайызға төмендетілгенін, электрмен жабдықтау саласында 125 шақырымды құрайтын желі салынғанын, қазіргі уақытта 25 елді мекен газдандырылғанын атап өтті.
– Көкшетау қаласында ЖЭО құрылысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Облыс орталығы 2029 жылға дейін толық жылумен қамтамасыз етіледі. Жоба бойынша заманауи инфрақұрылымы бар станция салынады, бұл жылу және электр энергиясының тапшылығын шешуге, энергиямен қамтамасыз етуді арттыруға және қала тұрғындарының тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді, – деп, орталықты салатын Сингапурлық компаниямен Меморандум жасалғанын атап өтті өңір басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі әлеуметтік салалар бойынша да жекелей тоқталып, осы бағытта жылдар бойы салынып келе жатқан сақалды құрылыстардың барлығы былтырғы жылы сәтті аяқталғанын айтты. Соның ішінде Бұланды ауданының Макинск қаласында 30 жыл бойы салынған бассейн құрылысының да былтыр жазда тапсырылғанын жақсы білеміз.
Аймақ басшысы биыл Қосшы қаласы өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтетінін, қаланы әрі қарай дамыту аясында толық газдандыру, жаңа индустриялық аймақ ашу жоспарланып отырғанын, онда алғашқы жоба ретінде Көкшетау сүт зауытының филиалы іске қосылатынын, сондай-ақ, жеңіл рельстік көлік (LRT) жобасы, эко-парктердің және үш заманауи демалыс аймағының құрылысы жүзеге асырылатынын атап өтті. Сонымен қатар, Көкшетау қаласы бойынша 2026 жылы Сарыарқа шағын ауданын дамытуға үлкен көңіл бөлінетінін, ол қаланың жаңа мәдени-спорттық және әкімшілік орталығы болатынын тілге тиек етті. Мұнда былтыр заманауи «Көкше Арена» спорт кешені және үш мектеп салынды. 630 төсек орындық жаңа көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр, сондай-ақ, жаңа тұрғын үйлер, 10 мың көрерменге арналған футбол стадионы, театр және Азаматтық қорғау академиясының құрылысы жоспарлануда. «Бәйтерек» паркі заманауи экопаркқа айналатын болады. Онда амфитеатр, спорт және балалар алаңдары, экотроптар және шағын сәулет нысандары салынып, қала сәулет концепциясы жалғасады.
Жалпы, Ақмола облысы экономикалық өсім, ауыл шаруашылығы және жергілікті бизнесті қолдау бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Алдағы 2026 жылға арналған жоспарлар ірі өндіріс орындарын ашуға және қалалардың инфрақұрылымын заманауи деңгейге көтеруге бағытталған.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

