ЗАМАНХАТ
Балуан Шолақ қазақ әдебиетінің тарихында «Шолақтың назы» аталып жүрген әнінің «Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен» деген шумағында ғашығының есімін әлемге әйгілей отырып өзінің ата тегінен де дерек бере кетуді ұмытпапты.
«Нұрмағамбет Баймырзаұлы, менің атым. Бар елге мағлұм болған асыл затым. Нағашым жалпақ Қанай деп айтады, Болады Ұлы-ай жүздік арғы затым».
Әндегі дерек әншінің жеке басының өмірбаянынан хабар берген тарихи құжат болуымен қатар, қазақ халқының ұлттық біртұтастығына қызмет етіп келе жатқан байырғы нағашы-жиен құқықтық институтын ұрпақ жадына еске салуымен құнды.
Шолақтың атасы Жарықшақтың әкесі Қазанғап, ұлы жүздің Дулат руынан шыққан Есентай ердің төрт ұлының кенжесі ертеде Арқаға қоныс аударып, атығай, қарауыл ауылдарымен қатар қоныпты (Шежіредегі дерек: Бәйдібек-Кенжесары-Домбауыл-Қырықсары-Жүсіп-Жүнбас-Жиенбай-Таңбай-Қыдыралы- Өте- Есентай).
Көрнекті жазушы әрі зерттеуші Естай Мырзахметұлының дерегіне қарағанда, Шолақтың өз нағашысы Қарауылдың қараша тармағынан шыққан тарихтан белгілі, Абылай ханның атақты Қанай биінің өте тапқыр да шешен баласы Бекболаттан тарайтын Жетпіс деген кісі.
Жаңағы Жетпістің қызы Қалампырдан Нұрмағамбет дүниеге келген, бала жігіт ержеткен, өсіп-өніп Балуан Шолақ атанған, үйлі-баранды болып, өзінің де үкідей балақтаған құсы, ел ішінде Бәтен балуан деген аты шыққан жалғыз қызы Бәтиманы Атығайға ұзатар кезі де келген.
Бұл кез Көкшенің алыбы, сөз асырмас бастан оңай, атына күллі қазақ қанық Балуан Шолақтың ел сотының отына салынар сәті еді. Ол не сот, оны ақын Қуаныш Оспанның «Бәтен Балуаны» жеткізсін:
«Ойында Балуанның күдік басым, Малсыздың көрер күні құрып қалсын. Жалғызын атына сай ұзатпаса, Дәстүр мен ата салты, ғұрыпқа сын. Осы жай көңіліне мұң қашады, (Бұл тойдың дабырасы қырды асады). Бәтенін қиып беру оңай емес, Одан да қиын бірақ – қыз жасауы.
Серіге байлық пен мал тұрақтап па, Салдықпен өткен күнге кінә артпақ па?! Болмаса ағайыннан жылу жинап, Жалғызын масқарамен ұзатпақ па?!
Шөкеңе жол емес қой соқпақ ондай, Ал, бірақ, жүйрік жетер жоққа қандай?! …Шақырды Бәтен қызын әңгімеге, Ер Шөкең бір байламға тоқтағандай:
– Шырағым, айналайын, жаным Бәтен, Алғаш рет таршылыққа шағынды әкең. Бұл жолы жүк ауыры саған түспек, Әйтпесе абыройым сабынға тең.
Жосын бар келе жатқан ертеректен, Жөн шығар оның жайын шерте кеткен. Жиенін ұзатарда нағашы жұрт, Жасауын сайлап беріп еркелеткен.
Елміз ғой жөнмен жүрер салт аттамай, Дәстүрге бас иетін шалқақтамай. Әжеңнің бауыры бар – Жәнібектей, Бабасы – Қарауыл би жалпақ Қанай!
Сен де бар аруақ атап нағашыға, Жан еді кең шабылған шарасы да. Түсінер өзі-ақ сосын арғы жағын, Жете алса жиеншардың бағасына.
Жиен деп, бағар сенің қабағыңды, «Қош» дерде сұрап қалар қалауыңды.
«Бас көлік–Күркіреуік күрең айғыр, Болсын» деп сен де айтып қал талабыңды!
Айтқам жоқ тектен-текке оны саған, Нағашың адам еді қолы сараң.
Бермесе жалынбассың, берсе алып қайт, Жағдайдың байланысты көбі соған…»
Қуаныш Оспанды қазақтың ақыны деп ардақтауымызды ғадалет ғылымына жол шығарып беруші Алаштың адақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың дерегі талап етуде.
Шоқан «Сот реформасы туралы» жазбасында қазақтың әділет аңыздарына қолданған ««юридические предания» сөзінің арғы тегі латыннан шыққан «juridicus», қос сөзден құралған «jus» – құқық, әділет, «dicere» – айту, деу. Яғни, «juridicus» – әділетті сот, әділет сөзі, әділет ісі, ақиқат, ғаділетті ғылым.
Ғұмыр ақиқатын бізден анығырақ сезген ақын Қуаныш: «Аңызда ақиқат бар жаңылмайтын, Ақиқат уақытқа да бағынбайтын»деп пайымдайды.
Қуаныш ақын жырлаған қазақтың құқықтық аңызы халықаралық құқықта өзіндік орны бар нағашы мен жиен арасындағы қарым қатынасты реттеуші ежелгі «аванкулат» нормасына еске салуда. Латын тілінде «Avunculus» – кіші ата, шешесінің бауыры; арғы мағынасы- қамқоршы, қорғаушы.
Ағасы үшін қарындасының ұлы өзінен туған ұлдан жақын саналған, жиені үшін нағашысы өзін жауапты деп есептеген. Ата-ана үйінде ағасы қарындасына тәрбиеші, ақылшы ретінде қызмет көрсетсе, қарындасы тұрмыс құрғанда нағашысы жиені үшін аталық рөлін атқара отырып, әрдайым оған көмекке келген.
Жиеніне қатысты нағашының ұстанған заңы – түп иеге ұқсамақтық, соның жолында болмақ, көне латында түп иеге ұқсамақтық «conqeniality» делінеді.
Бұл біздің Абайдағы: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті.» деген жаратылыс заңының нормасы.
Жаратушының заңы – үш сүюдің сүйегі, негізі, бастауы, қайнаркөзі өз қазағыңа махаббатың! Ел азаматы, қазақ ұлтын ерекше сүймесек, біздің елге иманигүл біртұтастыққа жол мәңгі жабылмақ.
Балуан Шолақтың нағашысы, шешесі Қалампырдың туған бауыры Жәнібек те намысқа шауып жиенінің жасауын толық түгендеп беріп, енді қоштасар сәт те келді-ау дегенде Бәтешке «Қалауың не? Айта ғой, тауып беру маған міндет!» деп сұрау береді.
Бәтеш «Сіз берген жасауым мен мүлкіме құт, Қалауым – Күрең айғыр Күркіреуік! Бас көлік-Күрең болса, кемдігім жоқ,
…Бұл сөзге Жәнібек бай тұр түнеріп. «Мал басы-Күркіреуік күрең айғыр, Тұрғанын нені қалап білеме-ай бұл?! Жиенге жетектетсе ертеңгі күн, Малдан – құт, әруақтан – тілеуі айныр!».
Деп іштей, Жәнібек бай күбірлеген, Жиеннің калауы–ауыр дігірлеген. Ол күрең- Қанай жауға мінген күрең. Тұқымы-Күркіреуік үзілмеген! Ол күрең – ұлы ерліктен қалған сорап, Ал, қызда, басқасы емес, талғам сол-ақ!
Осы тұс Жәнібектің сыналары, Сұратқан әкең шығар – Балуан Шолақ! Ер Шөкең бір ісіне қолқа салып, Ренжіп қайтқан, бетіне ол да салық. Бұл жолы Бәтиманың қолын қақса, Жиеннің бұнымен ел болмасы анық!
Балуан Шолақтың нағашысы Жәнібек әкесі Жетпістің қара шаңырағына ие болып қалған, Шолақтың анасы Қалампырдың бірге туған бауыры. Шыны сол, күрең айғырды бермесе, жиені Балуан Шолақтың өзімен ел болмасы анық. Шолақ кетсе елдіктен Жәнібек жапа- жалғыз қу сояудай қалмақ. Ел кетсе қорған болар қол да кетпек. Сын сағатта намысқа шабар ер-азамат тұрғысынан айырылар. Топ түгіл, тобыр да жоқ болар. Не көмекке, қай керекке жарайды жалғыз қалған кісі. Жиеншарды сылдыр сөзбен шығарып сап, пендешілікпен алдай алмас. Ертең өзі өлгенде алыстан ат қойып «Ойбай, бауырым» деп шабатын жиен елі табылмас.
Қазақ жиені ұстап алып кеткен малын қылмысқа санамайды. Бұл жолы Бәтен балуан Күркіреуік күрең айғырды бұғаулап алып қайтқан.
Жәнібек нағашы мен Шолақ жиеннің бірлігі ел тұтастығын қамтамасыз ететін саяси-құқықтық ежелгі заң нормасына негізделген. Қазақтың Үш жүзінің бірлігін, ел біртұтастығын берік ұстап келген норманың атауы – Дос.
Әлемдік «Avunculus» ережесіндегі екінші түбірі «Kuli» сөзінің арғы, алғы мағынасы «дос.» Абай айтатын қазақтың кәдімгі дос ұғымы: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос.» Өйткені, жалғаны жоқ тәңірім дүниені кәмалатты шеберлікпен һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек.
Байырғы римдік жеке құқық ғылымында «Dos» термині қалыңдықты ұзатарда қызға берілетін жасау, дүние- мүлік. Хет тіліндегі «Dos» сөзі «қол» ұғымын береді. Бұл «қол» сөзі де қазақтың заң саласында бар нәрсе, ілкі мағынасы – жөн, салт, дәстүр-әдет, ғұрып, жол-жора.
Қазақтың ескі жолының нормаларына сәйкес төркіндеп келген қызды құр қол қайтармаған. Төркіндеудің де өзіндік жолы, жөні тиісті заң нормаларымен реттелген. Қазақ жолына сай патша қатынға да, кәріп қатынға да өмірінде бір рет болса да төркіндеуге құқық берілген.
Төркінінен бір жауыр айғырды жетелеп қайтып келе жатқан бір қатынның оқиғасын Абай да суреттеген: «Кім екен деп келіп ем түйе қуған, Қатын ғой күлдәрімен белін буған. Төркінінің бергені жауыр айғыр, Бауырыңды ұрайын бірге туған».
Абайдың 1855 жылғы өлеңінің ішкі сырына ақынның бауыры Шәкәрім қажының «Адам немене» өлеңінің мына екі жолы тым-ақ ұқсас шыққан ба, қалай: «Тамам жан өзін-өзі «мен» деседі, Өзгелерді жатырқап «сен» деседі. «Біз» дейтұғын бір елді таба алмайсың, Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі? Ойласаң, барша адамзат – туған бауыр, Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр.»
Расында да, ақ жолдан адасып, ар ашаршылығының алдында тұрған біздің уақыттың төркінінен жауыр айғырды жетелеп қайтқан кәріп қатыннан несі артық?
Марат АЗБАНБАЕВ,
ҚР судьялар одағының мүшесі,
әдебиетші, абайтанушы.
сурет encrypted-tbn0.gstatic.com сайтынан
![]()

