Менің құрметті дәрігерім

ІЛТИПАТ

Бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған ақ халатты абзал жан Райхан Ерғалиқызымен асқазаным ауырып, 1999 жылы Ақмола облыстық ауруханасына гастроэнтерология бөлімшесіне түскенде таныстым. Мені емдейтін дәрігерім екен.

Өз жұмысына бар ынта-жігерін салып, жауапкершілікпен  қарайтын Райхан Ерғалиқызы асқазанымдағы жараны емдеп, қатарға қосылуыма себепші болды. Одан кейінгі жылдары да ұлтабар, ұйқы безі, өт қабының қабынуы бойынша ем-дом алып жүргеніме біраз уақыт болып қалды. Бір кездегі жап-жас, талшыбықтай дәрігерім осы күнде еңбек жолы кейінгі жас дәрігерлерге үлгі болатын, салиқалы да салмақты, айналасына айтары да, берері де мол тәжірибелі маман.

Осыны түсіндіру үшін Райхан Ерғалиқызының өмірбаянына тоқтала кетейін. Ол 1961 жылы мамырдың 29-ы күні Көкшетау қаласының тұрғындары, соғыс және еңбек ардагері Ерғали Мұқатұлы мен тыл еңбеккері Гүлзейнеп Әділбекқызының шаңырағында дүниеге келеді. Соғыс басталғаннан аяғына дейін десанттық бригадада болып, талай қанды қасап шайқастармен Венгрияға дейін жеткен ержүрек майдангер, алты баланың әкесі Ерғали аға «Райханым дәрігер болса екен» деп армандайды екен.

Осылайша, әкенің қалауы мен Райханның ойы бір жерден шығып, 1978 жылы Көкшетау қаласының №5 орта мектебін бітірген Райхан Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, ондағы «емдеу» факультетін 1984 жылы қызыл дипломмен бітіріп шықты. Одан әрі интернатураны Көкшетау облыстық ауруханасының гастроэнтерология бөлімшесінде өтті. Бұл бөлімшенің меңгерушісі Галина Павловна Колтунова   жас қыздың тиянақты біліміне, жұмысқа деген ынтасына риза болып, оқуын бітіргесін өз бөлімшесінде дәрігер болып қалуын көздеді. Содан аурухана басшылығы жоғары оқу орнына сұрау салып, осында алдырып, Райхан Ерғалиқызы 1985 жылы еңбек жолын сол өзі интернатурадан өткен емдеу орнының гастроэнтерология бөлімшесінде дәрігер-ординатор болып бастады.

2001 жылы Г.П.Колтунова гастроэнтерология бөлімшесін өз қолынан білікті де білімді маман деп Райхан Ерғалиқызына сеніп тапсырды. Әрі қарай Райхан Ерғалиқызы өз жұмысында асқазан-ішек жолы аурулары бойынша жаңа әдістемені қолданысқа енгізді. Қазақстанның алдыңғы қатарлы клиникаларында, бұрынғы Одақтың Мәскеу, Запорожье қалалары мен әлемнің Амстердам, Афины қалаларында оқулардан өтіп, Астана, Санкт-Петербург, Испанияның Барселона қалаларында халықаралық конференцияларда ғылыми баяндамалар жасап, тәжірибесімен алмасты. 2012 жылы осы Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің емхана жұмысы бойынша орынбасары болып тағайындалды. Одан бұрын 2006-2008 жылдары Қарағандының «Фемида» заң академиясын сырттай оқып, екінші мамандыққа да ие болғанын тағы да бір ізденісі десек болады.

Бұл күнде қоғамдық денсаулық сақтау және  гастроэнтерология мамандықтары бойынша жоғары санатты маман, Қазақстан Республикасы аккредиттеу орталығының тәуелсіз сарапшысы атанып келе жатқан Райханның омырауында осы салаға сіңірген елеулі еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», Халықтық медициналық қауымдастығының «Мамандығына адалдығы үшін» төсбелгілері мен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл», «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медальдары жарқырайды. Бір ғана емдеу мекемесіндегі толассыз қажыр-қайратына орай, «Облыстық аурухананың құрметті азаматы» атанған Райхан Ерғалиқызы 9 жылдан бері осында амбулаториялық-емханалық көмек қызметінің басшысы.

Өзім ширек ғасырдан астам уақыттан бері білетін құрметті дәрігерімнің көпке үлгі еңбек жолы міне, осындай. Ол өмірде білікті дәрігер болса, үйде аяулы жар, асыл ана. Бір ғажабы, қос қанаты, сүйікті ұлдары Руслан мен Дамир де дәрігерлік мамандықты таңдаған. Асыл жары Михаил Алексеев те дәрігер. Сондықтан, бұл шаңырақты дәрігерлер әулеті десек артық болмас.

Райхан Ерғалиқызының бойындағы кісілік, кішіпейілділік сияқты  асыл қасиеттерді жастайынан ата-анасының  өз балаларының санасына құйған тәлім-тәрбиесі, берген үлгі-өнегесі деймін. Оған дәлел әкесі Ерғали Мұқатұлының Екінші дүниежүзілік соғыста алған бірнеше әскери марапаттары. Оған кейін мерейтойлық медальдар мен Украина Президентінің және Мәскеу мэрінің медальдары қосылған. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан әке бейбіт өмірде де абырой биігінен көрініп, зайыбы, тыл еңбеккерлері, ардақты ана Гүлзейнеп Әділбекқызымен бірге өзінен өрбіген ұрпақтарына ізгілік, парасат дәнін кеңінен дарыта білді.

Осындай тәрбиелі отбасынан шыққан дәрігер  Райхан Ерғалиқызы өз мамандығына адал, әр науқасты ұлтына, түр-түсіне, лауазымына қарамастан, барлық ынта-жігерін салып, емдеп, сауықтырып, Гиппократ антын мүлтіксіз орындап жүрген жан.

Олай болса, талай науқастың жүрегінен жылы орын алған осы бір аяулы жанды келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да алдыңа үмітпен келген адамдарға жасаған емің мол шипасын бере берсін деймін. Бұл жалғыз менің емес, өзіңді білетін, білім-білігіңе риза көптің де тілегі. Ал, көп тілегі әрқашан қабыл болса керек!

Нұржәмилә ӘЛІБЕКОВА,
ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері,
«Ерен еңбегі үшін», «Мағжан Жұмабаев», Ы.Алтынсарин медальдарының иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар