Адам тағдырын тәлкекке ұшыратқан

ЛУДОМАНИЯ

Бүгінгі қоғамның ең басты қасіретіне айналған, отбасылардың берекесін қашырып, жастардың санасын улаған кеселдің бірі – лудомания. Ғылыми тілде патологиялық ойынқұмарлық деп аталатын бұл дерт қазіргі таңда әлеуметтік, кәсіби және материалдық құндылықтардың құлдырауына әкеліп соқтыратын қауіпті құбылысқа айналды.

Азартты ойындар адамды тек қаржылық тығырыққа тіреп қана қоймай, оның рухани әлемін әбден азғындатып, қоғамнан оқшаулайды. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қадағалауына алынды. Президент Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында лудоманияның ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін деңгейге жеткенін қадап айтып: «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деген болатын. Осы бағытта 2024 жылғы 8 шілдеде қол қойылған жаңа Заң аясында құмар ойындарға қатысты шектеулер күшейтіліп, халықтың оған тәуелділігін төмендетуге бағытталған нақты қадамдар жасала бастады.

Лудомания – тән ауыртпаса да, сананы улап, шаңырақты ортасына түсіретін көрінбейтін індет. Бүгінде еліміздегі ажырасу оқиғаларының 40 пайызы дәл осы жеңіл ақшаға құмартудан туындап отыр. Бұл – цифр ғана емес, мыңдаған тағдырдың қасіреті.

Лудоманияның зардабы еліміздің әр өңірінде, соның ішінде Ақмола облысында да анық сезілуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 36 мыңнан астам адам ресми түрде осы дерттен зардап шексе, соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсаған. Бұл – сұмдық көрсеткіш. Ақмола облысы бойынша да қылмыстық құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі дәл осы ойынқұмарлық негізінде жасалып жатқаны жасырын емес. Республикалық көрсеткіш бойынша әрбір бесінші суицидтің себебі құмар ойынмен байланысты болса, бұл трагедия біздің аймақты да айналып өткен жоқ. Оңай олжа іздеген жастардың соңы қарызға батып, тығырықтан шығар жол таппай, өз өміріне балта шабуы – қоғам болып дабыл қағатын жағдай.

Мамандардың пікірінше, лудоманияның белең алуына бірнеше фактор әсер етеді. Бірінші кезекте – отбасындағы кикілжіңдер мен тыныштықтың болмауы. Жастар іштегі ыза мен күйзелісті басу үшін виртуалды әлемге қашады. Екіншіден, қаржылық сауаттылықтың төмендігі мен «тез байып кетсем» деген қате түсінік халықты тәуекелге итермелейді. Үшіншіден, өмірге деген қанағатсыздық пен рухани бостық адамды құрдымға бастайды. Әсіресе, қазіргі технология заманында казиноға барудың қажеті болмай қалды; смартфондағы онлайн-казинолар мен букмекерлік кеңселердің агрессивті жарнамалары кез-келген жерде, кез-келген уақытта жастардың алдынан шығады. Психологтар лудомандардың 95 пайызы дәл осы онлайн платформалардың құрбаны екенін растап отыр.

Әрбір бесінші суицид – құмар ойынның зардабы. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 триллион теңгеден астам қаражат салған. Бұл – ұлт болашағына салқынын тигізген ауыр құбылыс.

Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ақпараттарына сенсек, елімізде ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады.

Бұл мәселемен күресу тек мемлекеттің немесе құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Отбасы институтының күйреуі, ажырасу фактілерінің 40 пайызының ойынқұмарлықпен байланысты болуы – ұлттық қасірет. Сондықтан, мектеп табалдырығынан бастап баланың смартфонға тәуелділігін бақылау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және рухани құндылықтарды бойына сіңіру өте маңызды.

Лудомания – жай ғана әуестік емес, бұл – тағдырды талқандайтын, болашақты бұлыңғыр ететін ауыр дерт. Бұрын құмар ойын казино мен автоматтарда болса, қазір ол әр баланың смартфонында жүр. Бесігімізді түзейміз десек, баланың қолындағы телефонның ішінде не барын бақылайтын кез келді.Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір азамат өз жауапкершілігін сезініп, ортақ қауіпке қарсы жұдырықтай жұмылуы қажет.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар