Өңірлерді дамыту
Облысымызды сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуде үлкен жұмыс атқарып отырған «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өткен жылдың қорытындыларын шығарып, жаңа 2026 жылдың міндеттерін белгілеген басты жиналыс болып өтті.
Құрылымдық бөлімшелердің басшылары, олардың орынбасарлары мен бас инженерлері, сондай-ақ, орталық әкімшілік-басқару аппараты қатысқан отырысты аша отырфып, компанияның бас директоры Досымхан Аралбаев кәсіпорынның әртүрлі бағыттар бойынша, соның ішінде Инвестициялық бағдарламаны іске асыру және нысандарды жоспарлы жөндеу аясында атқарған жұмыстарының ауқымдылығын атап өтті.
Жалпы алғанда, кәсіпорын өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтағаны айтылды. Атап айтқанда, инвестициялық бағдарламаның көлемі шамамен 3,4 миллиард теңгені құрады. 10/0,4 кВ электр беру желілерінің 50,42 шақырымы қайта жаңғыртылды, 10/0,4 кВ кернеулі 23 трансформатор реконструкцияланды, Щучинск АЭЖ радиожелісі жаңартылды, 32 автотехника сатып алынды.
Стратегиялық маңызы бар жобалар қатарында Көкшетау қаласындағы 110/10/6 кВ «Жылу» қосалқы станциясын жаңарту, 35 кВ «Степняк – Жүкей» әуе желісін салу, тағы басқалары бар.
Жалпы, 2021-2025 жылдарға арналған бесжылдық Инвестициялық бағдарламаны іске асыру шеңберінде кәсіпорын инфрақұрылымға шамамен 10,5 миллиард теңге инвестиция салды.
Бас директордың айтуынша, 2026 жылы атқарылатын жұмыс көлемі былтырғыдан да арта түседі. 2026-2030 жылдарға арналған жалпы сомасы 24 миллиард теңгеден асатын жаңа инвестициялық бағдарлама әзірленді. Оның ішінде шамамен 4 миллиард теңге ағымдағы жылы желілерді қайта жаңғыртуға, арнайы техника сатып алуға, диспетчерлік жабдықтар мен АСКУЭ жүйесінің құралдарын жаңғыртуға, қосалқы станция жабдықтарын жаңалауға бағытталады.
Сонымен қатар, 2026 жылы энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру басталады. Осы жоба аясында «Көкшетау Энерго» ЖШС бойынша 2026 жылға жалпы сомасы 20,6 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба бекітілген.
Отырыста күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының қорытындылары, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, кәсіпорынның автопаркін ұстау және жаңарту, диспетчерлік пункттердің жедел басқару мәселелері, өндірістік бақылау, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, сату қызметінің және құқықтық мәселелердің жай-күйі, өндірістік-техникалық қызметтің жұмысы, электр энергиясын бөлуді бақылау, экономикалық мәселелер мен салықтық өзгерістерді ескере отырып бухгалтерлік есепті жүргізу, кәсіподақ комитетінің жұмысы туралы баяндамалар тыңдалды.
Жиынды қорытындылай келе, бас директор ұжым мүшелерін алдағы кезеңге белгіленген міндеттерді шешуге үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырып, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыс көлемінің өте ауқымды екенін, сондықтан, мұның бәрі осы бастан жіті қимыл, үлкен күш-жігерді талап ететінін тағы бір еске салып өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

