Өңірлік коммуникациялар қызметінде Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Ербол Оспановтың баспасөз конференциясы өтті.
Жиын барысында департаменттің 2025 жылғы жұмыс қорытындылары мен өңірдегі мемлекеттік бақылау нәтижелері жария етілді. Өткен жылы департамент жұмысы ішкі нарықты сапасыз өнімдерден қорғауға және әлеуметтік маңызы бар салалардағы өлшемдердің дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталды. Жыл бойы өңірдегі үш жүзден астам кәсіпкерлік нысаны мемлекеттік бақылаумен қамтылып, нәтижесінде заң бұзушылықтардың анықталу көрсеткіші біршама жақсарды.
Техникалық реттеу саласы бойынша жүргізілген жұмыстар өнімдердің қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін айқындады. Мәселен, арнайы жүргізілген шаралар барысында іріктелген тауарлардың басым бөлігі белгіленген талаптарға сай болмай шықты. Әсіресе, тұрмыстық электр техникалары мен құрылыс материалдарында адам өміріне қауіп төндіретін ақаулар тіркелген. Кейбір техникалық құрылғылардың зертханалық сынақтар кезінде қатты қызып, өрт қаупін тудырғаны анықталды. Сонымен қатар, тауар таңбаларында мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы сияқты олқылықтар да жиі кездеседі.
Метрологиялық бақылау бағытында да ауқымды істер атқарылды. Департамент басшысының айтуынша, облыс аумағындағы автожанар май құю бекеттерінде отынның толық құйылмауына қатысты шағымдар негізінде тексерулер ұйымдастырылған. Нәтижесінде мемлекеттік тексеруден өтпеген және тиісті сертификаты жоқ өлшем құралдарын пайдаланған кәсіпкерлер анықталып, оларға қатаң тыйым салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұтынушылардың құқығын қорғап, қаржылық шығындардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен білім беру ошақтарындағы тағам сапасы мен өлшем дәлдігі де бақылауда болды. Мәселен, мектеп асханаларында пайдаланылатын таразылардың тексеруден өтпеуі балалардың тамақтану нормаларына әсер етуі мүмкін екендігі ескеріліп, тиісті шаралар қабылданды. Зергерлік бұйымдар нарығы мен «Сапалы өнім» жобасы аясында ішкі нарықты қорғау жұмыстары да өз нәтижесін беруде.
Брифингті қорытындылай келе, Ербол Оспанов кәсіпкерлерді техникалық регламенттер мен метрологиялық нормаларды қатаң сақтауға шақырды. «Біздің басты мақсатымыз – тек айыппұл салу емес, нарықты сапасыз тауарлардан қорғап, әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деп түйіндеді өз сөзін департамент басшысы.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

