КƏСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС
Бүгінде Ақмола облысы тек елорданың маңындағы айтулы өңір ғана емес, экономикалық өсімнің жаңа моделі қалыптасып келе жатқан қарқынды дамушы аймақ. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың осы облысқа жұмыс сапары кәсіпкерлермен диалог орнату, өндіріс орындарын аралау және іскерлік ортаға тікелей әсер ететін жүйелі өзгерістерді талқылау арқылы бұл үдерісті ішкі жағынан көруге мүмкіндік берді.
Халқы 787,3 мың адамды құрайтын өңірде 62 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Жалпы өңірлік өнім 4,2 триллион теңгеден асып, 15 пайызға өсті. Инвестициялар 64,7 пайызға ұлғайып, 926,9 миллиард теңгеге жетті. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы екі таңбалы өсім қарқынын көрсетуде. Бұл көрсеткіштердің астарында жүйелі жұмыс пен ауқымы артқан кәсіпкерлік белсенділік тұр.
Облыс өзінің географиялық орнын тиімді пайдаланып, елорданың азық-түлік белдеуі әрі маңызды көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасты. Мұнда аграрлық әлеует пен туризм, өнеркәсіп пен қайта өңдеу салалары қатар дамып, экономиканың әртараптануына жол ашуда.
Бұл үдерісте Ақмола облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы маңызды рөл атқарады. Ол бизнес пен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Құрамында 39 қызметкер және Қуаныш Рақышев жетекшілік ететін 25 кәсіпкерден тұратын Өңірлік кеңес бар мұндай құрылым әртүрлі бизнес өкілдерінің мүддесін ескеріп, теңгерімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Төралқа төрағасы сапарының негізгі өзегі бизнеспен ашық диалог болды. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілуде:
–Біз шешімдер бизнестің қатысуымен алдын ала қабылданатын жүйелі модельге көшіп жатырмыз. Бұл тәуекелдерді азайтып, экономикалық саясатты болжамды етеді, – дейді ол.
Өңір инвестиция тарту бойынша тұтастай елімізде көш бастағанына қарамастан, кәсіпкерлер оларды мазалап отырған бірқатар жүйелі кедергіні атап өтті. Олардың қатарында жер қатынастары мен жер қойнауын пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, туризмдегі шектеулер, инфрақұрылым мен кадр тапшылығы, сондай-ақ, қаржыландырудың қолжетімділігі бар.
Мұндай диалогтың практикалық маңызы нақты нәтижелермен дәлелденуде. Кездесу барысында Туризм және экология жөніндегі салалық кеңестің бастамасы нәтижесінде ұлттық парктерге кіру ақысы бойынша жеңілдіктер тізімі кеңейтілгені айтылды. Енді бұл норма 18 жасқа дейінгі барлық балаларға қолданылады. Бұрын жеңілдік тек мектеп жасына дейінгі балаларға ғана берілетін, бұл ерекше қорғалатын аумақтардағы балалар лагерьлеріне қосымша жүктеме түсірген еді.
–Туризм саласында тағы бір маңызды жеңіске қол жеткіздік. Түзетулер Мәжіліс пен Сенат депутаттарының бірауыздан қолдауына ие болды, – деп атап өтті Туризм және экология кеңесінің төрағасы Қайрат Сұлтанов кездесуде.
Қабылданған мұндай өзгерістер балалар демалысы саласындағы бизнес шығындарын азайтып, ішкі туризмнің қолжетімділігін арттырады.
Қанат Шарлапаев өз сөзін қорытындылай келе, бизнеспен тікелей диалог орнату өзекті мәселелерді жедел анықтап, нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Барлық ұсыныстар Үкімет деңгейіне шығарылып, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге және ішкі инвесторларды қолдауға басымдық берілмек.
Сонымен қатар, «Атамекен» палатасының трансформациясына ерекше назар аударылуда. Талдау функциясы күшейтіліп, бизнесті қорғау құралдары жаңартылуда, нақты экономикалық нәтиже басты назарға алынуда. Жаңа инвестициялық модель қалыптасып жатыр: жобалар пулы жасақталып, «бір терезе» қағидаты енгізілуде және прокуратура органдарының қатысуымен инвесторларды превентивті қорғау күшейтілуде.
Инвестициялық белсенділік энергетика, қайта өңдеу, денсаулық сақтау және туризм салаларында ірі жобалармен де расталуда. Олардың қатарында Көкшетауда жылу электр орталығын салу, астықты терең өңдеу зауыты, көпсалалы аурухана және курорттық аймақ құру жобалары бар. Бұл бастамалар өңірдің жаңа экономикалық архитектурасын қалыптастырып, жұмыс орындарын ашуға және өндірістік тізбектерді кеңейтуге ықпал етеді.
Облыста шағын және орта бизнес экономиканың негізгі тірегі болып қала береді, оның үлесі жалпы көлемнің шамамен үштен бірін құрайды. Одан түсетін салық түсімдері 69 пайызға өсіп, 33,7 миллиард теңгеге жетті. «Іскер Аймақ» сияқты мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлерге жобаларын кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беруде.
Бұл үдерістердің нақты көрінісі «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі болды. Онда крафт өнімдерден бастап халықтың қолөнер бұйымдарына жергілікті брендтер дейін ұсынылды. Бұл өңір экономикасының тек ірі жобалар есебінен ғана емес, жергілікті бастамалар арқылы да дамып келе жатқанын көрсетеді.
Жұмыс сапары өңір кәсіпорындарын аралаумен жалғасты. Бұл кәсіпорындардың қатарында «Көкшетау минералды сулары», «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және ТМД үшін бірегей толық циклді ағаш өңдеу өндірісін ұсынатын «Блэк» компаниясы бар. Бұл кәсіпорындар жергілікті бизнестің сыртқы нарықтағы әлеуетін айқындаумен танымал.
Осының қорытындылай, Ақмола облысы инвестиция, мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлік бастаманың тиімді үйлесуі арқылы өңір тек өсіп қана қоймай, тұрақты әрі әртараптандырылған жаңа экономикалық үлгіні қалыптастыра алатынын айқын көрсетуде.
![]()

