Атқарылған жұмыс барда, көктемгі су тасқыны орын ала қоймас

ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласында су тасқынына қарсы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін нысандарда болып, олардың жұмысын пысықтады. Өңір басшысы Шағалалы су қоймасын аралап, гидротехникалық құрылыстың ағымдағы жағдайы, су деңгейі және суды төгуді реттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

– Су қозғалысы 23 наурызда басталды. Су қоймасына 2,6 миллион текше метр еріген қар суы келді, оның 550 мыңын біз төктік. Қазір су қоймасы 56 пайызға толған, су келу және төгілу жылдамдығы секундына 10 метрді құрайды. Қардың аздығын ескерсек, үлкен ағыстар күтілмейді, барлық жұмыстар жоспар бойынша жүргізілуде, – дейді Шағалалы су қоймасы учаскесінің бастығы Арман Уәлиев.

– Биылғы жылғы су тасқынына қарсы жұмыстар осы жағдайдың алдын алуға бағытталған. Қазір бұл жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Бірақ, бейқамдыққа жол беруге болмайды, жағдай мен су қозғалысын тәулік бойы бақылау қажет, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, облыс әкімі қала іргесіндегі Садовое елді мекені мен Краснояр ауылына барды. Ауыл округінің әкімі Серікжан Мақыштың мәліметінше, жағдай бақылауда, қажетті материалдар мен техника қоры жасалған, оның ішінде аумақты су тасқынынан қорғау үшін Шағалалы өзенінің арнасын 1 шақырым тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 900 метрден астам су ағызу арналары тазартылған, 1 900 метр инертті материалдар мен қап қоры дайындалған.

Өңір басшысы Краснояр ауылында су тасқынының алдын алу үшін көп жұмыс атқарылғанын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына оң баға берді.

– Жылда көктемде Заречная көшесі суға батып, су алған жерлерді айналып өтуге тура келетін. Түнде ұйықтай алмай, үйді су басады деп қорқатынбыз, ауылда құтқарушылар кезекшілік ететін. Қазір су арықтарға ағып жатыр, жер кеуіп қалды, – дейді ауыл тұрғыны Гүлсара Қанурова.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов су деңгейін бақылауды күшейтуді, жауапты қызметтердің тәулік бойғы кезекшілігін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар