ҒҰМЫР-ҒАЙЫП
Байлықтан артық достық бар,
Достықтан артық байлық жоқ.
Халық даналығы.
Қызметің өрге басып, дәулетің шалқып, абыройың асқақтағанымен, сырыңды ұғатын, ойыңды түсінетін адал досқа кім жетсін?! Жасымыздың кішілігіне қарамастан төрге шығарып, туған бауырындай қамқорлық құшағына бөлейтін арда азамат, Көкшетау-Ақмола өңіріне танымал білікті кәсіпкер Кеңесбек Бектастың біз үшін орны бөлек еді-ау, шіркін!
Сыйластығымыз да, еркелігіміз де, әзіліміз де жарасқан Кен-ағадан, енді міне, қапылыста көз жазып, күйзеліске түскен жайымыз бар. Өйткені, өмірде арын таза сақтап, дүниеден өткен текті тұлға Кеңесбек біздің ақылшымыз, сүйенішіміз, тілеуқорымыз болатын. Бектасовтар әулетімен біте қайнасып, дәмдес болған 40-50 жылдың ішінде Кең-ағаның менменсу, өркөкіректік сияқты қисынсыз қылық танытқанын, дауыс көтеріп, айбат сөз айтқанын көрмеппіз ғой.
Мұндай биязылық, парасаттылық, кішіпейілділік сияқты адамгершіл асыл қасиеттер оның бойына бәлкім шыққан тегінен, ата-ана тәрбиесінен дарыған болар-ау, шамасы. Көне тарихтан сыр ақтарғанда Кеңесбек Бектастың Кіші жүздің Тама руынан тарайтындығы жайлы құнды деректерге көз жеткізуге болады. Ұлы тұлға Ахмет Яссауи әулиенің шапағатымен 1123 жылы Арыстан баб мешітінде дәріс алып, Бұхар қаласындағы Шайхы қожа Юсуп Хамадани медресесінде жеті жылдай оқып, он тоғыз жасында Сайрам қаласының бас әзірет мүфтиі болған Ахет Тама ұстазы Қожа Ахмет мазарында шырақшы болған көрнекті дін қайраткері.
ХІХ ғасырға ойыссақ, Шымыр атасы Тойтақ, Мәлібек, Ыбырай есімді ұлдарын ертіп, шалғайдағы Ұлытауға найман еліне барып қоныстанады. Осы жерде ұлдарын үйлендеріп, өсіп-өнеді. Арабша сауатты, оқығаны-тоқығаны мол Тойтақ атаның Әбілдә ұрпағынан 1898 жылы Бектас, 1900 жылы Қашаған ұлдары дүниеге келеді. Бұған дейін өмірге келген сәбилері жастайынан шетінеп кете бергендіктен, Бектаспен Қашағанды ырымдап, нағашыларының тәрбиесіне берсе керек. Сол кездегі адамдардың наным-сенімімен түсінігі тұрмыстық жағдайдан биік тұрғаны ғой.
1923 жылы Ұлытау өңірінде колхоздастыру науқаны өріс ала бастағанда, емін-еркін көшіп-қонуға дағдыланған Тойтақтың Бармақбай ұрпақтары көштің басын Түркістан өңіріндегі Шорнақ ауылына бұрады. Жергілікті тұрғындармен тез тіл табысқан олар ауылдағы карьерден тас шығарысып, атақты Түрксіб темір жол торабын салуға да өз үлестерін қосыпты. Колхоздың жұмысқа жарамды азаматтары киіз үйлерін теңдеп, жайлауда мал өсірумен айналысқан. Үйлері жоқтар ойпаңдау жерді тереңдете қазып, төбесін шыммен жауып, соны пайдаланған. Ауыр тұрмыс. Нан тапшы. Әйтеуір, ауыл адамдары өлместің күнін кешіп, сүт тағамдарын талғажу етіп, күнкөріс жасаған ғой.
Ағаштан ыдыс-аяқ, түрлі аспап жасап, темірден түйін түйген қолөнер шебері Бектас ақсақал Торғай жақтан келген Мәлике есімді қызға үйленіп, шаңырақ көтереді. Қолының ептілігінің арқасында ол соғысқа алынбай, колхоз шаруашылығында броньмен қалдырылған екен. Адал еңбегімен осылай ел ілтипатына бөленген қария 1948 жылдың көктемінде 60-қа қараған жасында түйеден құлап, қапылыста қаза табады. Ал, Мәлике анасы болса, дала қосындағы ауыл еңбеккерлері үшін тағам дайындайтын аспазшы болыпты. Шешесінің бойындағы салиқалы қасиеті – сыпайлығы. Үй ішімен киім-кешегі таза, зиялы жан болған.
1939 жылдың 10 ақпанында өмірге келген Кең-ағаның туу туралы құжат алуының өзі қызық оқиға. Ауылдық кеңестің төрағасы: «Жаңа совет өкіметінің тұсында туған перзент екенсің, есімің Кеңесбек болсын», – деген куәлікті жазып беріпті. Сол құжат әлі күнге Бектасовтардың үйінде сақтаулы. Балғын балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен, көрген азабы аз болған жоқ. Бес-алты жастағы өрімдей балаларға жүктелген міндет, бидайдың сабақтарын атпен бастырып, уатып, дәнін түсіру болатын. Кейін өгізге жегілген соқамен дән де септі. Тылдағы ауыр жұмыс өршіл өреннің осылай жігерін шыңдады.
Жасөспірім Кеңесбектің өмірінде айшықты із қалдырған айтулы оқиғаның бірі 1947 жылы мектеп табалдырығын аттауы. Бұл соғыстан кейінгі елдің тұрмысы әлі оңала қоймаған ауыр кезең болатын. Ашқұрсақ жүрген балалардың киетін дұрыс киімі де болған емес. Тар мектептің бір партасында үш бала отырып, керосинмен жанатын ондық шамның жарығымен сабағын оқыды. Осындай ауыртпашылықты бастан кешірсе де, Кеңесбек оқу озаты атанып, құрбыларының алды болды.
1954 жылы Атымтай ағасының Талдықорған қаласында екі-үш жылдай оқып, машина-трактор станциясына агроном болып келуі Бектасовтар отбасының өміріне елеулі серпіліс туғызды. Жас маман ретінде екі бөлмелі пәтер алысымен, ол туғандарын өзіне көшіріп алады. Күзге қарай үйленіп, ағайындарды тағы бір қуанышқа бөлейді. Алғыр, зерек азамат Атымтайдың қолдауымен келесі жылы Бектасовтар өздеріне жеке баспана салады. Ол кезде он алтыға келіп қалған жасөспірім Кеңесбек құдық қазу, балшық илеу, кесек кірпіш құю жұмыстарын өз мойнына алады.
Уақыт алға жылжып, Кеңесбектің де орта мектепті тәмамдайтын шағы таяп қалады. Ауылдағы инженер жігіттей білікті маман болуды армандағанымен, орыс тілін жетік білмегендіктен институтқа түсе алмаса да, өмірден күдер үзбеген өршіл өрен 1957 жылы Түркістан қаласындағы үш айлық шоферлік курста оқиды. Кез-келген қара жұмысқа икемі бар талапкер жігіт екі жылдай жергілікті шаруашылықта «ЗИЛ-150» машинасымен жанармай тасумен айналысады.
Жасы 19-ға толып, әскер қатарында азаматтық борышын өтейтін уақыт келгенде селолық Кеңесте істейтін жақын туысы: «Жұмыста абыройлысың, ертең-ақ институтқа түсесің, армияға бармай-ақ қойшы, саған тиісті құжатты өзім-ақ жасап беремін» – депті. Кең-ағаң болса бұл ұсынысқа көнбей, әскерге барсам алдымен жер көріп, тәртіпке машықтанып, тым болмаса орыс тілін үйренемін деген уәж айтады.
Сол кездегі әскери қызметтің бір артықшылығы – жауынгерлік және саяси дайындықтан үздік шыққан солдаттарды даярлық курсына қабылдап, институтқа түсу үшін мерзімінен бұрын босату жөнінде Үкімет қаулысының шығуы. Осы мүмкіндікті пайдаланған Кеңесбек Шымкент химия-технология институтына түсу үшін өтініш береді. Сөйтіп, әскерден келген 1961 жылы емтихандарды ойдағыдай тапсырып, студент атанады. Конкурстан сүрінбей, тез өтуіне үш-төрт жылдық еңбек өтілінің де пайдасы көп тиді. Шымкент технология институты тек химия мамандығы бойынша оқытатын болғандықтан, үшінші курстан кейін оқуын Жамбыл қаласында жалғастырады.
Каникулға келген сайын: «Қашан үйленесің? Қызық көретін уақытым болды ғой», – деп шешесі назын айтып, мазалай берсе керек. Анасын, бауырларын көп күттірмей, жар таңдауға бел буған Кең-аға көктемнің жайма-шуақ бір күнінде Шымкенттің орталық саябағында екі бойжеткенді кездестіреді. Олар кооператив техникумының үшінші курс студенттері екен. Ал, сұлу жігіт Кеңесбектің бір көргенде-ақ ұната қалған қызының есімі Күлбибі болып шықты. Сүп-сүйкімді жас қыздың адамды өзіне тарта білетін жылылығы, адамгершілігі, бірқалыпты салиқалы мінезі қатты ұнайды.
«Шешінген судан тайынбас», – дегендей, 1963 жылдың күзіне қарай үйленуге бел буғандықтан, ол «Жданов» совхозында тұратын Атымтай ағасының отауына жас келінді түсіріп, некесін қидырып, әуелі үлкендердің батасын алады, желтоқсан айында комсомолдық тойын жасайды. Міне, содан бері махаббаттары жарасқан Кең-аға мен Күлбибі Қамбарбекқызы жеңгеміздің алпыс үш жылдық жұбайлық ғұмыры туған-туысқандарымен бірге біздің де көз алдымызда сән-салтанатымен өтіп жатты.
Оқуын бітірер сәтте Жамбыл технология институтының 5-курс студенті Кеңесбек Бектас арнайы комиссияның талқысынан өтіп, қызметке Бурабай өңіріндегі Щучье ет комбинатына баруды ұйғарады. Сөйтіп, қуаттылығы 50 тонналық ет комбинатының технологиялық қызметі жайлы жазған дипломдық жұмысын ойдағыдай қорғап, Қазақ КСР Ет-сүт өнеркәсібі министрінің орынбасары, мемлекеттік комиссияның төрағасы Тарасенконың тарапынан жоғары баға алған Кеңесбек аталған оқу орнын үздік бітіріп шығады.
Қуанышы қойнына сыймай шаттанып тұрған шақта Щучье қаласынан мынадай жеделхат алады: «Бізде кадр тапшылығы жоқ, бос орын болмай тұр». Жүрегі дүрсіл қағып, қобалжуы басылмаған Кеңесбек Бектас комиссия төрағасына болған жағдайды мүдірмей баяндап береді. Жас маманның алған беттен қайтпайтын қайсарлығына риза болған министрдің орынбасары: «Бір айдың ішінде бұл мәселені шешіп беремін, алаң болма», – деп басу айтады.
Қалтасында көк дипломы бар Кеңесбек Бектас уәде бойынша 1965 жылдың 1 ақпанында Щучье ет комбинатына келеді. Келгенімен, қыңыр директор бірден жылы шырай таныта қоймайды. Алайда, Кең-аға тайсалмастан: «Онда бізде жұмыс жоқ деп жолдамаға қол қойып беріңізші», – дейді. Министр орынбасарының нұсқауын орындамауға жүрегі шайлыққан директор екі-үш күннен кейін амалсыздан оны тоңазытқыш цехына мастерлік жұмысқа тағайындайды.
Бірден іске құлшына кіріскен жас маман өндірістің қыр-сырын жетік меңгеріп, әріптестерінің сеніміне ие болады. Сөйтіп, цех бастығынан комбинаттың бас инженері дәрежесіне дейін көтерілген Кеңесбек Бектасұлы 1980 жылы Пески ет комбинатына директор болып тағайындалады. Дербес кәсіпорынға басшы болу үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Ғылыми негізделген озық әдістерді өндіріске енгізіп, еңбек тәртібін нығайтудың арқасында алты жылдың ішінде бұл ет комбинаты алдыңғылардың қатарына қосылады. Жоспарлы тапсырмалар ойдағыдай орындалып, шығарылатын өнім ассортименті молайып, сапасы да жақсарды. Сол себепті мұнда өндірілетін ет-шұжық өнімдері тікелей Ленинград қаласының сауда орындарына жөнелтілді. Бұл – қазақ даласының шалғайындағы шағын комбинат жұмысына көрсетілген үлкен құрмет еді. Осылай іскерлік қабілетімен танылған Кең-аға 1986 жылы «Мясомолторг» кәсіпорнына директор болып тағайындалып, өзінің ұйымдастырушылық қасиетін тағы да жаңа қырынан көрсете білді.
Кеңес Одағы ыдырап, шаруашылық тоқыраған сәтте ұлдары Сәкен мен Еркеннің көмегімен ашқан «Арасан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кейіннен «Хладокомбинат» деп аталды. Бұл кәсіпорынға жүктелген міндет те ет комбинатына ұқсас болатын. Сойылған мал етінен түрлі өнімдер жасап, сатумен айналысты. Көреген, іскер басшы мұнымен шектелмей, банктен несие алып, 2002 жылы құрылысы аяқталмаған 24 пәтерлі үйді аяқтап, 2004 жылы тағы да 48 пәтерлі үйдің құрылысын жүргізеді. Жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан бұл игілікті істің нәтижесінде 72 отбасы өздерінің тұрмыстық жағдайын жақсартты.
Облыс орталығында шағын кәсіпкерлікті өркендету мақсатында 2008 жылы жалпы аумағы 4320 шаршы метр сауда алаңы бар «Жібек жолы» базарын салып, іске қосады. 2006 жылы Қазақстан Республикасының СТ КСО 9001-2001 халықаралық сапа стандартына сәйкес етті сүрлеу жөніндегі озық тәжірибені өндіріске енгізеді. «Шаңырақ-10» республикалық конкурсында «Алтын белгі» дипломын алып, жетпіс жасқа толуына орай, «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атануы оның мерейін өсірген өмірінің айшықты бір белесі болды.
Иә, жер жәннаты Бурабай баурайында өткен 25 жылдың ішінде Бектасовтар өмірінде сындарлы сәттер көп болды. Қыстың қақаған аязында келген жас маманға ет комбинатының дайын баспанасы болмағандықтан, ол осы кәсіпорында қызмет істейтін жерлесі Амангелді Момышевтың екі бөлмелі тар пәтерінде 2-3 ай бірге тұрды. Қазақ елінің нар тұлғалы азаматы, Щучье ет комбинатының директоры, одан әрі Көкшетау обкомының бөлім меңгерушісі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Парламент депутаты болған, студенттік шақта бір үзім нанды бөлісіп жеген қимас досы Амангелдінің жомарттығын Кең-аға да, Күлбибі жеңгеміз де әрдайым ризашылықпен айтып отыратын.
Қардың шеті сөгіле бастағанда ғана от жағатын жер үйден шағын пәтерге қол жеткізген сәтте екі жасар ұлы Сәкенді жетектеп, бір жасар қызы Ләззатты бауырына басып, Күлбибі Щучье қаласына біржола көшіп келеді. Мамандығы бойынша қаржы мекемесіне қызметке орналасады. Түркістанда түлеп, Арқада қанаттанған Бектасовтардың Көкшетаудағы бақытқа, шаттыққа толы ғибратты ғұмыры осылай бастау алады.
«Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, Кеңесбек те, Күлбибі де өздерінің кішіпейіл, биязы мінезімен үлкенмен де, кішімен де сыйлас болды. Үшінші перзенті Еркен дүниеге келгенде Бурабай баурайын шаттыққа бөлегендей дүркіретіп той жасағандары да әлі есімізде. «Орнында бар оңалар» демекші, Көкше топырағында өсіп, ер жеткен ұл-қыздары ата-анасына қолғанат болып, Бектасовтар әулетінің кәсіпкерлік саласындағы өміршең істерін абыроймен жалғастырып келеді. Келіндері Ләззат пен Дина, күйеу баласы Мұрат та отбасы дәстүріне адалдық танытып, Кең-ағаның жеті немересі мен бір шөбересіне текті әулеттің өнегесіне сай тәлім-тәрбие беруде.
Өңірдің өркендеуіне елеулі ықпал етіп, өндірістің жетекші саласына табаны күректей алпыс жыл басшылық еткен Кеңесбек Бектастың да шалыс басуы мүмкін еді. Алайда, адалдықтың ала жібін аттамаған, ары таза азамат біреуге қиянат жасаудың орнына құқық қорғау органдары мен кейбір шенеуніктер тарапынан көп қысым көрді. Тырнақ астынан кір іздегендей тексерістер жүргізіп, жүйкесін жұқартқанымен, сағын сындыра алмады. Өйткені, заңдылықтан таймағандықтан, оның ел алдындағы жүзі әрқашан жарқын болды.
Сол себепті де ол үнемі ізденіс танытып, алға қойған мақсатына жете білді. 2000-жылдары Германия, Австрия, Қытай, Польша, Италия мемлекеттеріне іссапармен шығып, ондағы өндіріс орындарының озық технологиясы мен ғылыми жаңалықтарымен танысып, алған әсерлерін әріптестерімен бөлісті. Мәселен, Қытайдан шұжық жасайтын жабдықтар сатып алса, немістерден үйренген тәжірибеге сүйеніп балық цехын ашты, италияндықтардың құс ет өндірудегі озық әдістерін кеңінен пайдаланды.
Бүгінде Көкше өңірін Кең-ағасыз елестету мүмкін емес шығар. Жаны жайсаң, ардақты азамат мұндай дәрежеге алысты жақындататын, жақынды бауырына басатын байсалды мінезімен, өзіне де, өзгеге де әділ талап қойып, қолынан келгенше айналасына қайырымдылық жасауының арқасында қол жеткізді. Осы қасиеттерінің шапағатымен ол өз өмір жолында елдің игі жақсылары: халық қалаулылары, генерал шеніндегі азаматтар, өнер адамдарымен, құда-жекжатпен емін-еркін қатынаста бола білді.
Кеңесбектің ағайын арасында да сыйлы екендігіне 2024 жылдың сәуірінде Түркістан қаласы мен Шорнақ ауылында 85 жылдығы тойланған сәтте айқын көз жеткізген болатынбыз. Қайнысының осы қуанышын бөлісіп, мерейтойын өткізуге тікелей ұйытқы болған Нәзипа жеңгесінің, немере ағасы Еркінбек көке мен Сәуле апаның айтқан жүрекжарды тілектеріне тебіренбеген жан қалмаған-ды сонда.
Иә, «Рахат» дәмханасына жиналып, Кең-ағаңмен бильярд ойнаған сәттегі текті әулеттің ардақты перзентінің жарқын бейнесін көз алдымызға елестеткен сайын бойымызды сағыныш сезімі билері хақ. Қимас досымызға арналған осы мақаламызды асыл жары Күлбибі Қамбарбекқызының тілегімен айшықтауды ұйғардық.
Ерінбейтін еңбекқорым – Кеңесім,
Игілікті адалдықтан тересің.
Аңқылдаған көңіліңді ақтарып,
Абыройды асқақтатып келесің.
Қос өлкеде ізің жатыр, Кеңесім,
Елің үшін теріңді көп төгесің.
Құрметті бір азаматы атанып,
Көкшетаудың биіктеттің төбесін.
Еске алушылар, Көкшенің игі-жақсылары, достары Аманжол Сейітжанов, Сапарбек Құнанбаев, Төлеген Рақымжанов, Төлеген Махметов, Өмірбек Серкешов, Амангелді Қаймолдин, Жасболат Хасенов, Тілепберген Әйкенов, Сағындық Кенжетаев, Бақытжан Боқанов, Көшек Сәменов.
![]()

