Жастарды Әскеріміз шақырады

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ!

Ақмола облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталып, биылғы жұмыс барысы мен негізгі міндеттері түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, қазіргі әскер – тек міндет емес, сонымен бірге жастарға жол ашатын мүмкіндік.

Брифингте сөз сөйлеген қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Қанат Омаров әскерге шақыру жұмысы ашық әрі әділ өтетінін айтты. Алдымен азаматтардың деректері тексеріліп, дәрігерлік комиссиядан өткеннен кейін әскерге жіберіледі.

Соңғы уақытта бір жақсы өзгеріс байқалып отыр. Он сегізге толған азаматтардың көпшілігі шақырту қағазын күтпей-ақ, өз еркімен келіп, әскерге баруға ниет білдіруде. Бұл  олардың ел алдындағы жауапкершілікті түсіне бастағанын көрсетеді.

Соңғы жылдары Ақмола облысынан екі мыңнан астам жас әскер қатарына қосылған. Олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі сияқты құрылымдарда өздерінің әскери борыштарын өтеп жүр. Сондай-ақ, олардың кейбірі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметі қатарында еңбек етуде.

Биылғы көктемгі шақыру да басталып кетті. Наурыз айынан бері алғашқы 100 сарбаз ҰҚК Шекара қызметі қатарына аттанып үлгерді. Биылғы көктем мен күз айларындағы науқан барысында  барлығы 2000-ға жуық азамат Отан алдындағы әскери борышын өтейді.

Қазіргі әскердің тағы бір ерекшелігі жастарға берілетін жеңілдіктер. Бұл туралы департаменттің заң қызметінің бастығы Бауыржан Есполов айтып өтті.

Мысалы, әскери қызметте өзін жақсы көрсеткен сарбаздарға жоғары оқу орындарында тегін оқу мүмкіндігі беріледі. Өткен жылы осындай мүмкіндікті 20 жас пайдаланыпты. Ал, әскерден келген соң, бір жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ, ақылы бөлімге оқуға түсуге болады.

Сонымен қатар, денсаулығына байланысты жарамсыз немесе заңды түрде кейінге қалдыруға құқығы бар азаматтар әскерге шақырылмайды. Бұл  заң бойынша қатаң сақталатын талап.

Әскер тек бір жылдық қызметпен шектелмейді. Егер сарбаз қаласа, алты айдан кейін келісім-шартқа отырып, әскери қызметті әрі қарай жалғастыра алады. Бұл тұрақты жұмыс пен мамандық алуға мүмкіндік.

Қазір облыста әскерге шақыру жұмыстары қалыпты жүріп жатыр. Барлық мекемелер дайын, жұмыс жоспарға сай орындалуда.

Жалпы айтқанда, бүгінгі әскер  тек борыш емес. Бұл тәртіпке үйрететін, өмірлік тәжірибе беретін және болашаққа жол ашатын маңызды кезең екені даусыз. Сондықтан, мамандар жастарды бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар