Ардагерлер – ел мен қоғамның біріктіруші күші

ЕСЕП БЕРУ — САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Көкшетаудағы  Достық үйінде Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген XI есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Бұл маңызды жиынға облыс әкімі Марат Ахметжанов, республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев қатысты.

Аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен делегаттар қатысқан келелі басқосуда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ардагерлердің қоғамдағы рөлі және олардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында сөз сөйлеген аймақ басшысы Марат Ахметжанов елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға тоқталып, олардың басты мақсаты  халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған бұл өзгерістер елдің жаңа даму кезеңіне жол ашуда.

Бүгінде Ақмола өңірі тек аграрлы аймақ қана емес, ол біртіндеп индустриалды орталыққа да айналып келеді. Ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі драйвері болып қала берсе, өнеркәсіп саласын дамыту уақыт талабы болып отыр. Облыс басшысы атап өткеніндей, ендігі басты міндет те, облысымызда қуатты өнеркәсіптік базаны қалыптастырып, экономиканы өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жеткізу екені белгілі.

– Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып, егіншілікте рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, диқандарымыз 7,6 миллион тонна астық жинады. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласында да айтарлықтай өсім байқалып отыр. Ақмола облысы еліміздегі алтын құрамды кен өндірудің жартысынан астамын қамтамасыз етеді. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделіп отыр,– деді аймақ басшысы жиындағы өзінің алғашқы кіріспе сөзі барысында.

Осылайша, облысымыздың ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалардағы өзгерістер мен жетістіктерге тоқталып өткен аймақ басшысы аталған жиынның негізгі мазмұнына ойысты. Жиында ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері де кеңінен сөз болып, олардың қоғамдағы орны ерекше атап өтілді.

– Қазақ халқы қай кезде де үлкенін құрметтеп, алдыңғы аға буынның пікіріне құлақ асып, ақсақалдарымен ақылдасып, кеңестеріне құлақ түріп отырған. Бүгінгі кездесуімізде атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, алдағы қызметтің басым бағыттарын айқындап, билік органдары мен ардагерлер ұйымдарының өзара іс-қимылын нығайтуға мүмкіндік беретін жолдарды қарастыруымыз қажет. Қасиетті де, киелі Көкше жері Алты алашқа атақты сал-серілерімен, батырларымен, өнерпаздарымен танымал. Бұл киелі мекеннен сол бір ата дәстүрі, өнер жолы, кісілік жолы үзілген емес. Сіздер сол керемет дәстүрдің куәсі одан әрі жалғастырушысыздар. «Қарты бар елдің қазынасы бар» дегендей, бізге және өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа сіздердің өмір жолдарыңыз өнеге, еңбек жолдарыңыз үлгі болып қала бермек, – деді Марат Ахметжанов одан әрі жиында сөйлеген сөзінде. – Бүгінде Ақмола облысында 119 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Осы ардагерлерімізді қолдау мақсатында жүйелі түрде көптеген шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан кейін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов өз баяндамасында соңғы жылдары бұл салада оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Мәселен, ардагерлерді қолдауға бөлінетін қаржы көлемі бірнеше есе өсіп, санаториялық-курорттық емдеуге, Көкшетау қаласы бойынша қоғамдық көлікте тегін жүруге және мерекелік жәрдемақылар төлеуге мүмкіндік берілген.

Сондай-ақ, өңірде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары ашылып, қарттардың бос уақытын тиімді өткізуіне барынша жағдай жасалуда. Қазіргі таңда мұндай орталықтар Көкшетау қаласы мен бірқатар аудандарда жұмыс істеп тұр, ал, болашақта барлық өңірді қамту жоспарланған.

Облыс ардагерлерінің басты жиналысында осы шараның қадірлі қонағы, республикалық Ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев сөз сөйлеп, ардагерлер ұрпақ сабақтастығының алтын көпірі екендігін атап өтті. Ол өз кезегінде бүгінде Президенттіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынып, жаңа Ата Заң қабылданып, әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құрудың нақты қадамдары айқындалғанын айта келе, барша қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.

– Еліміздегі ардагерлер қауымы өмірлік тәжірибесі мол, ел дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан аға буын өкілдері екені сөзсіз. Әсіресе, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүріміздің сабақтастығын сақтауда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Бүгінгі жиынға қатыса отырып, баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар, конференция аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлер Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында ғылым мен білім, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қоғамдық қызмет салаларында ұзақ жыл еңбек еткен ардақтыларымыз бар.

Марапат иелері  ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қоғамда белсенділігімен танылған тұлғалар. Бұл да болса аға буын еңбегіне көрсетілген лайықты құрметтің белгісі деп ойлаймыз.

Жиын соңында қатысушылар Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғымановқа дауыс беріп, осы қызметке қайта сайлап, ел дамуы жолындағы бірлік пен ынтымақты арттыра беретініне сенім білдірді. Содан соң, жиналғандар Ардагерлер ұйымының республикалық съезіне Ақмола облысынан 10 делегатқа дауыс беріп, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің құрамына тағы екі ардагерді мүше етіп сайлады. Сөйтіп, жиын барысында қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуі  әр ардагердің, әр отандасымыздың жауапкершілігіне байланысты екені баса айтылды.

Шара барысында атап көрсетілгеніндей, бүгінгі жетістіктер өткен күннің жемісі, ал, ертеңгі табыс  бүгінгі еңбектің нәтижесі. Сондықтан, ардагерлер мен билік арасындағы өзара байланыс нығайып, бірлескен жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермекші.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар