Қазақстан Республикасының Вице-премьері – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қосшы қаласында Ақмола облысының фермерлерімен кездесті. Вице-премьердің жұмыс сапарында облыс әкімі Марат Ахметжанов бірге болды. Ақмола облысы – еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі.
Ел өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі – шамамен 15 пайыз. 2025 жылы мұнда рекордтық – 7,6 миллион тонна астық өнімі жиналды. Бұл республикалық көлемнің төрттен бірінен асады.
Өңір сонымен қатар, дақылдарды әртараптандыру динамикасын да ұлғайтуда. 2025 жылы майлы дақыл алқабы алғаш рет 500 мың гектарға жетіп, 2,5 есе ұлғайды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атап өткеніндей, биыл бұл егіс көлемін 580 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Ал, жалпы бүкіл егіс алқабы 5,6 миллион гектарды құрайды.
Кездесудің негізгі тақырыбы – Салық кодексінің жаңа нормалары және мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин атап өткеніндей, кешенді жоспар саланың жүйелі мәселелерін, бүкіл өндірістік тізбек бойынша қолжетімді қаржыландыру тапшылығын шешуге бағытталған. Оны жүзеге асыруға 374 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
Наурыздың басынан бері жылына 6 пайыздан аспайтын белгіленген мөлшерлемемен «Игілік» және «Береке» жаңа несиелік желілері іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталып отыр.
«Игілік» – 100-ден 500-ге дейін ірі қара және 500-ден 1000-ға дейін ұсақ мал шаруашылығы үшін, «Береке» – 500 бас ірі қара және 1000 бас ұсақ мал ұсталатын ірі шаруашылық үшін қарастырылған. Жақын арада ауыл шаруашылығы жануарларының басқа түрлері бойынша кредит беру бағдарламалары кеңейтіледі.
Серік Жұманғарин импортқа тәуелділік сақталатын азық-түлік өндірісін дамыту, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді тереңдету басымдық ретінде қалып отырғанын баса айтты. Мемлекет бүгінде саланы қолдау құралдарын күшейтуде. Бұл ретте, 2026 жылы мал шаруашылығын еліміздің бәсекелестік артықшылығы ретінде дамытуға басты назар аударылды.
Кездесу барысында диқандар бірқатар ұсыныстар айтты. «Родина» Агрофирмасы» ЖШС басшысы Иван Сауэр жер ресурстарына байланысты тиімділіктің нақты көрсеткішін белгілеуді және оны мемлекеттік қолдау көрсету кезінде ескеруді ұсынды. Сондай-ақ, жыл бойы жайылымдық мал шаруашылығын дамыту қажет, бұл оның рентабельділігін сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кездесуде аграрлық селекциялық жұмыстарды, атап айтқанда, қолдан ұрықтандыру ісін дамытуға, отандық және импорттық асыл тұқымды малды субсидиялау шарттарын теңестіруге баса назар аударылды. Оның айтуынша, отандық асыл тұқымды мал сырт жердікінен кем түспейді және жергілікті жағдайға толықтай бейімделген.
Бизнес өкілдері нақты мәселелерді қозғады. «Логос грейн» тобының директоры Арман Құдайбергенов ауыл шаруашылығы өнімін экспорттаушыларға қосымша құн салығы өтеу тетігі бойынша сұрақ қойып, астықты экспортқа жеткізуге көліктік субсидия төлеу мерзімін нақтылады.
«Agro Milk Projekt» ЖШС директоры Юрий Швец 2024 жылы ӘКК арқылы жеңілдетілген несиеге сүтті мал сатып алып, 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы құрылымын өз бетінше тұрғызғанын айтты. Жақын арада кәсіпорын кеңейтіліп, тағы 300-ге жуық сүтті мал басын сатып алуды жоспарлап отыр. Құрылыс-монтаж жұмысын жеңілдікпен несиелеу мүмкіндігіне қатысты мәселе де көтерілді. Жиында сондай-ақ, аграршылар барлық сұраққа толық жауап алды.
Жұмыс сапары шеңберінде Серік Жұманғарин бірқатар кәсіпорындарға барды. «Алтын Қазық» ЖШС шикізатты өсіруден бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі өңдеудің толық циклін жүзеге асырады. Кәсіпорын құрылымына бордақылау алаңы, сою цехы, ветеринарлық зертхана, көкөніс қоймасы, шұжық цехы кіреді. Ауыл шаруашылығы алқабының жалпы көлемі 12 мың гектар. Оның 1 мың гектары суармалы. Қайта өңдеу көлемі жылына 10 мың тонна ет өнімін қамтиды. Кәсіпорын Катарға қой экспорттап, Біріккен Араб Әмірліктері нарығына шығуды пысықтауда.
Сондай-ақ, «IL-TOV» ЖШС (Aitas тобы) зауытында да мұздатылған жартылай фабрикаттарды қоса алғанда, тауық етін тереңдей өңдеу жолға қойылған. Шығару көлемі жылына 3346 тонна. Алдағы үш жылда кәсіпорын өндірістік қуатын арттыруды жоспарлап отыр.
![]()

