БІЛІМ БАҒБАНЫ
Педагог болу оңай емес. Бұл мамандық жүрек қалауымен таңдалатын жауапты кәсіп. Осы бір жауапкершілігі мен сауабы мол жолда аянбай еңбек етіп, осы саланың дамуына, әсіресе6 қазақ мектебінің беделін арттыруға өлшеусіз үлес қосқан парасатты тұлға, білікті басшы және ғалым-ұстаз Гүлнәр Бүркітбайқызы Күшпаева дер едім.
Жұмыс кеңсеміз көрікті Көкшенің орталығындағы Сәтпаев көшесімен өтетін аллеяның бойында орналасқан. Күн сайын болмаса да, күнара жұмыс арасында осы аллеяға таза ауамен дем алуға шығамын. Сонда осы аумақта тұратын Көкшенің зиялы қауым өкілдері мен бұрынғы партия, кеңес қызметтерінде еңбек еткен, қазіргі уақытта зейнет демалысында жүрген азаматтарды жиі көремін. Ара-тұра қолына портфель тәрізді сөмкесі мен небір папкаларын ұстап, облыстық білім басқармасына қарай бет алған, сырттай қарап отыратын адам киім киісі мен жүріс-тұрысынан-ақ оның бірден педагог екенін аңғаратын Гүлнәр Бүркітбайқызын байқаймын. Жаңа бір педагогикалық әдістерді зерделеп, үнемі бір ізденістің үстінде жүретіндігі оның қимыл-қозғалысы мен мінез-құлқынан да, ғылыми атағы барынан аңғарылады. Білетіндер оның ішкі мәдениеті мен адамгершілігінің де өте жоғары екендігін жоғары бағалайды.
Сөйтіп, бір күні редакторым маған «оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, бар саналы өмірін педагогика мен ағарту саласына арнаған жан туралы жазуды қолқалады. Содан Гүлнәр Бүркітбайқызымен кездесетін күнімізді белгілеп, келісімін алдым. Білімі терең, мәдениеті жоғары жанмен сөйлесу, сұхбаттасу деген қандай ғанибет. Мінезі ашық әрі қарапайым педагог бар атқарған жұмысын, өмір жолын бүге-шігесіз, жіпке тізгендей айтып берді.
Гүлнәр Күшпаева 1956 жылы 6 сәуірде Көкшетау қаласында білім саласы майталмандарының отбасында дүниеге келген. Әкесі Бүркітбай Күшпайұлы әуелі білім, кеңес және партия органдарында одан әрі сауда саласында жауапты қызметтер атқарса, анасы Рахима Темірбекқызы 40 жылдан астам уақытын өзі сауат ашып, білім алған, сол кездегі қаладағы жалғыз қазақ орта мектебінде шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз әрі басшы еді. 1973 жылы Көкшетау қаласындағы №1 орта мектепті бітірген Гүлнәр Күшпаева анасының педагогикалық ісін жалғамақшы болып, Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түседі. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі дипломын иеленген соң жас маман еңбек жолын ата-анасының тағдырлары тоғысып, қызмет жолдары өрбіген әрі маңдай терлері сіңген Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы №3 орта мектепте қарапайым мұғалім болудан бастапты.
Гүлнәр Бүркітбайқызының бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті мен белсенділігі «жас келсе – іске» дегендей, әр игі іске белсене атсалысып, көшбасшылық танытуынан ерте байқалды. Содан 1981-1991 жылдар аралығында партиялық қызметке шақырылып, облыстық партия комитетінің Саяси ағарту үйінде және облыстық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы қызметтерінде жастық жалынмен білек сыбана еңбек етеді. 1991 жылдан бастап М.Ғабдуллин атындағы №3 орта мектеп директорының тәрбие, ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді, ал, 1998-2012 жылдар аралығында он төрт жыл бойы аталмыш білім ордасының директоры қызметін абыроймен атқарады. Заманауи білім беру трендтерін алдын ала болжай білетін нағыз реформатор Гүлнар Бүркітбайқызы осы М.Ғабдуллин атындағы №3 орта мектепті облыстың ғана емес, республиканың үздік білім ордаларының қатарына қосады. Талапшыл әрі жауапкершілігі жоғары басшының жетекшілігімен мектеп «Мектептерге арналған гранттар», «Мектептегі экономикалық білім» бағдарламалары бойынша 3 халықаралық гранттың иегері, «Дарынды балалармен жұмыс жүйесі» республикалық конкурсының I дәрежелі дипломының иегері атанады. Сонымен бірге, ол жетекшілік еткен уақытта білім ұясы «Өзін-өзі тану», «Үштілділікті енгізу» бағдарламалары бойынша пилоттық жобаларды жүзеге асырғаны тағы бар. Облыста оқыту бағдарламасына оқушыларға «Математика» және «Биология» пәндерін алғаш рет ағылшын тілінде оқыту тәжірибесі де осы мектепте ол басшылық қызмет атқарған тұста енгізілді. Жыл сайын мектеп оқу сапасының мониторингі нәтижелері бойынша жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді.
Өзіне сеніп тапсырылған директорлық қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шыққан соң да тыншымай, еңбектен қол үзбеді. Ақмола облыстық білім басқармасының білім берудегі жаңа технологиялар өңірлік орталығының ғылыми-әдістемелік және эксперименталды жұмыс секторының меңгерушісі болды. Кейін 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап Ақмола облысы білім басқармасының жанынан жаңадан құрылған «Оқу-әдістемелік орталығының» директоры болып тағайындалды. Қазіргі таңда Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінде әдіскер лауазымында жемісті еңбек етіп келеді.
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар ғалым ұстаздың осы күнге дейін қазіргі педагогиканың әртүрлі бағыттары бойынша 20-дан астам ғылыми мақаласы, 5 әдістемелік ұсынымы жарық көрген. 2012 жылы оның есімі «Мұғалімнің даңқы» республикалық жинағына енген. Білім саласындағы көп жылғы адал еңбегі үшін көптеген грамоталармен және төсбелгілермен марапатталған. Облыстың педагогикалық білім саласы және мұғалімдер қауымы арасында әрқашан үлкен беделге ие болып жүр.
«Үштілділік моделін білім жүйесіне енгізіп жатқанда оны пилоттық жоба ретінде облыста алғашқылардың бірі болып сіз басқарған М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясы қолға алды. Сөйтіп, математикалық бағыттағы пәндер үш тілде оқытылды. Біздің жас ұрпаққа бұл қаншалықты маңызды еді?» деген сауалыма:
– Ол кезде біз, М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп жұмыс істедік. Сол уақытта қоғамда қазақ мектептерінің білім сапасы төмен деген екіұдай пікірлер жиі айтылатын. Содан өз тарапымыздан қазақ мектептерінің білім сапасының жоғары екендігін дәлелдеуіміз керек болды. Сол себепті, біздің ұжым осы орайда не істеуіміз керек деп біраз ойланды. Жалпы, қазақ балалары өте алғыр, талапты, танымдық белсенділігі жоғары, дарынды болып келеді. Содан шәкірттеріміздің одан әрі ғылым-білімге құштарлықтарын ұштау, қарым-қабілеттерін арттыру үшін не істеуге болады деп осы мәселені зерттеп, зерделей бастадық. Сол академияның мамандарымен ақылдасып, сараптай келе, әртүрлі бағыттар бойынша қарым-қабілеті бар оқушылардың кәсіби бағыттарын дамытуды қолға алдық. Сөйтіп, оларға түрлі ғылыми жобалармен айналысуға мүмкіндік аштық. Осылайша, бірталай додаларға қатысып, ғылыми жобалар қорғап жүрдік. Содан кейін бізге академия үштілділік жобасын ұсынды. Ол кезде үштілді меңгеру саясаты да дүрілдеп тұрған кез еді. Жылдағы Жолдаудан басталған осы жобаны қолға алып, математика бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыта бастадық. Кейін биология, информатика пәндері де ағылшын тілінде оқытылды. Бұл балалардың олимпиадаларға, ғылыми жобаларға көбірек қатысуына жол ашты. Түрлі гранттарды ұтып алып, оқу кабинеттерін де заманға сай материалдық тұрғыдан жаңартып алдық. Ақыры, осынау күш-жігерімізбен қазақ мектептерінде оқитын оқушылардың да білім сапасы мен деңгейі жоғары екендігін дәлелдеп шықтық, – дейді өз ісінің білгірі Гүлнәр Бүркітбайқызы.
Әдетте, әріптестері мен шәкірттері үшін Гүлнәр Бүркітбайқызы талапшылдық пен биязылықты, терең білім мен адами қасиетті тең ұстаған аяулы жан. Көп жылғы адал, көшбасшылық еңбегінің арқасында ол жоғарыда айтқанымыздай, өңірдегі мұғалімдер қауымы арасында үлкен сый-құрметке ие. «Жақсы мұғалім – бұл жай ғана білім беруші емес, ол – баланы болашаққа жетелейтін шамшырақ» деген қағида ұлағатты ұстаздың өмірлік берік ұстанымына айналған. Нағыз ұстаз болу үшін жаратылған жанның ардақты есімі Ақмола облысының білім шежіресінде алтын әріптермен жазылып қала бермек.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

