Су ресурстары  ұқыптылықты талап етеді

Ақмола облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезектен тыс жиырма сегізінші сессиясында облыстың бюджет тұрақтылығы, инфрақұрылым қауіпсіздігі, құқықтық жүйенің өзектілігі және табиғи ресурстарды тиімді басқару сияқты маңызды мәселелер депутаттар қарауына ұсынылды.

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтің төрағалығымен өткен жиында ең алдымен, облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер қаралды. Ақмола облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ібікенов  ұсынылып отырған өзгерістердің қатарына  Степногорск қаласындағы «Гидроузел» учаскесін жаңғырту жобасын қосуды және оған депутаттардың назар аударуын сұрады. Оның айтуынша, бұл нысан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын, 1963 жылы пайдалануға берілген. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген стратегиялық нысан бүгінде әбден тозып, апатты жағдай шегіне жақындаған.

– Біз айтып отырған нысан  тек инженерлік құрылыс емес. Ол бүтін бір қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған маңызды жүйе болып табылады. Егер ол тоқтаса, Степногорск сусыз қалады. Бұл тек тұрмыстық қиындық емес, әлеуметтік және экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін жағдай деп есептейміз, – деді басқарма басшысының орынбасары сессия барысында.

Оның айтуынша, су тарату нысанының тәуліктік қуаты 168 мың текше метрді құрайды және ол халықты ғана емес, жылу электр орталығын және өндірістік кәсіпорындарды да сумен қамтамасыз етеді. Сондықтан, бұл жобаны кейінге қалдыруға болмайды.

Жаңғырту жұмыстарына қажетті 2,7 миллиард теңге қаражат мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы тартылмақ. Бұл тәсіл бюджетке бірден ауыртпалық түсірмей, шығынды ұзақ мерзімге бөлуге мүмкіндік береді.

Сессия барысында кейбір кадрлық мәселелер де қаралды. Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесін тағайындау туралы ұсыныс депутаттардың талқысына салынып, тиісті шешім қабылданды.

Ал, жиынның құқықтық және экологиялық аспектілерін қамтыған бөлігі депутаттардың ерекше назарын аудартты. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишев өз баяндамасында су ресурстарын басқару саласындағы жаңа талаптарды егжей-тегжейлі түсіндірді.

Оның айтуынша, 2025 жылы қабылданған жаңа Су кодексі өңірлік деңгейдегі барлық нормативтік актілерді қайта қарауды міндеттейді. Осыған байланысты «Ақмола облысында ортақ су пайдалану қағидаларын бекіту туралы» жаңа жоба әзірленген.

– Бұл құжат жай ғана ережелер емес. Ол су ресурстарын әділ, тиімді және жауапкершілікпен пайдаланудың нақты тетігі, – деді ол.

Жаңа қағидалар республикалық деңгейде бекітілген үлгілік ережелерге толық сәйкес келеді және қосымша құқықтық қайшылықтарға жол бермейді. Сонымен қатар, аталған жоба  ақпарат порталында жария талқылаудан өтіп, қоғам мен бизнес өкілдерінің қолдауына ие болған көрінеді.

Осы ретте, бұрын қабылданған 2016 және 2021 жылдардағы шешімдердің күшін жою мәселесі де көтерілді. Себебі, олар қазіргі заңнама талаптарына сәйкес келмейді және жаңа нормалармен қайшылыққа түседі. Жалпы, бұл өзгеріс өңірдің құқықтық базасын жаңартып, оны заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, сессия барысында қабылданған маңызды шешімдер Ақмола облысының даму бағытын айқындауға және тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Су тіршілік көзі десек, сол тіршілік нәрінің үзілмеуі үшін жасалып жатқан бұл қадам да уақыт талабынан туындаған нақты әрекет екені сөзсіз. Ал, бюджет саясаты мен құқықтық жаңғыртуды қайта қарастыру мәселелері осы мақсатқа жетудің негізгі бір жолы.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар