Сот жүйесі
«Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 29-бабына сәйкес жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттер және мiнсiз бедел судьяларға қойылатын негізгі талаптардың бірі болып табылады.
Осыған байланысты бұдан бұрын қабылданған Судья әдебі кодексі жаңартылып, 2024 жылғы 4 қазанда Қазақстан Судьялар одағының кезекті ІХ съезінде жаңа Судья әдебі кодексі қабылданған болатын. Судья әдебіне қатысты нормалар бұдан бұрын өткізілген съездердің де күн тәртібіне енгізіліп, қабылданып, заманға сай өзгертіліп отырғанын ескеретін болсақ, Қазақстан Судьялар одағы да судьялардың әдепті сақтау мәселелеріне өз тарапынан көңіл бөліп отырғандығына көз жеткізуге болады.
Кодекстің мақсаты судьялар қоғамдастығының қызметтік және қызметтен тыс іс-әрекеттерде әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету екенін айта кеткен жөн. Бұл үшін судьялар қоғамдастығы органдарын құру және олардың жұмыс істеу құқығын іске асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу алдыңғы лекте тұрмақ.
Аталған кодекстің 3-бабының 1) тармақшасына сәйкес судьяның беделін айқындайтын судьяның адалдығына, шыншылдығына, әділдігіне, бейтараптылығына, тәуелсіздігіне қоғамда қалыптасқан сенімділік деген түсінік берілген.
Ал, әдеп нормалары дегенді судьялар қоғамдастығы қызметтік және қызметтен тыс іс-әрекеттерді сақтау үшін ерікті түрде қабылдаған қоғамда жалпыға танылған құндылықтар мен мінез-құлық қағидаларының жүйесі деп тануымыз қажет.
Судья әдебі кодексінің 4-бабына сәйкес судья қызметтік міндеттерін атқару кезінде әріптестері, қызметкерлер мен сотқа келушілер арасында заңдар мен әдеп нормаларын сақтауға, кеңсешілдік пен қағазбастылыққа жол бермеуге, сол арқылы қоғамның сот билігіне деген сенімін нығайтуға ықпал етуге міндетті.
Ал, сот төрелігін іске асыру барысында судья заң үстемдігін, әділдік пен сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.
Сот талқылауы барысында судья этикетті, сыртқы келбетін, сот отырысын тиісінше жүргізу мәдениетін сақтауға, сондай-ақ, тәртіпті сақтауға, процестің барлық қатысушыларына және сот қызметкерлеріне құрмет білдіруге тиіс. Бұл ретте, процеске қатысушылардан, сот қызметкерлерінен және басқа да қатысып отырған адамдардан сондай мінез-құлықты талап етуге тиіс.
Судьяның сот төрелігін іске асыру кезінде өзінің бейтараптылығына, адалдығына және әділдігіне күмән келтіруі мүмкін әрекеттерді жүзеге асыруына жол берілмейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кез келген iсті соттың заңды, тәуелсiз, құзыреттi және бейтарап құрамы ғана қарай алады, яғни, ол нақты iстердiң соттылығын айқындау, нақты iстердi қарау үшiн соттың құрамын жасақтау, судьяларға қарсылық білдіру, iстi шешу функциясын айыптау және қорғау функцияларынан бөлектеу қағидаларын сақтау арқылы қамтамасыз етiледi.
Ал егер, заңнамада көзделген негіздер бойынша істі заңды, объективті қарауға кедергі туындайтын болса, онда ол судья істі қарауға негіздер жоқ екеніндігін білдіреді.
Мысалы қылмыстық істі қарау барысында, судья, егер ол қылмыстық iс соттылығына жатқызылған судья болып табылмаса, немесе қылмыстық іс бойынша тергеу судьясы ретінде қатысқан болса, тергеу судьясының қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қараған болса, қаралып жатқан iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса, iс бойынша iс жүргiзуге сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, күдіктінің, айыпталушының заңды өкілі, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердiң өкiлi ретiнде қатысса, жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, күдіктінің, айыпталушының немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы не процеске қатысушылардың қайсыбіреуінің жекжаты болса, сондай-ақ, егер судья қаралып жатқан iске жеке, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп санауға негiз болатын өзге де мән-жайлар болса, iстi қарауға қатыса алмайды.
Қаралып отырған мәселе тек біздің елде ғана емес, олар халықаралық деңгейде қабылданып, күнделікті жұмыста пайдаланатын қағидалар қатарына жатқызылған нормалар.
Сондай-ақ Судья әдебі кодексіне енгізілген нормалар халықаралық тәжірибеге сәйкес келетіндігіне көз жеткізуге болады, себебі, кодексте Бангалор қағидаттары енгізілген.
Сол себепті, құқықтық мемлекетте сот жүйесіне сенім деңгейі маңызды рөл атқарады, осы ретте, ол судьяға, оның жеке басына және шығаратын сот актілеріне деген сенімді білдіреді.
Судья өзінің мәртебесіне сәйкес жоғары кәсіби шеберлік көрсетуге, қажетті іскерлік пен жоғары моральдық-этикалық қасиеттерге ие болуға міндетті.
Бангалор қағидаттары бұл халықаралық деңгейде мойындалған этика стандарты, ол алты негізгі қағидатты қамтиды: тәуелсіздік, объективтілік (бейтараптық), адалдық, этикалық мінез-құлық, теңдік және құзыреттілік.
Олар халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған және судьялар өз міндеттерін орындау кезінде міндетті болып табылады.
Тәуелсіздік: Судья істі әділ шешудің кепілі болып табылатын сот билігінің жеке және институционалдық тәуелсіздігі принципін қолдайды.
Объективтілік: Бейтараптық – судьяның алғы шарты. Судья артықшылықтардан, бейтараптықтан немесе теріс пікірден ада және басқалардың өз шешімдеріне ықпал етуіне жол бермейді.
Адалдық: Судьяның мінез-құлқы мінсіз болуы, халықтың сот жүйесінің адалдығына деген сенімін сақтауы керек.
Этикалық мінез-құлық: Судья сенімге кепілдік беретін жоғары мінез-құлық стандарттарын көрсетеді.
Теңдік: барлық тараптарға кемсітусіз тең қатынасты қамтамасыз ету.
Құзіреттілік пен еңбекқорлық: Судья өзінің кәсіби міндеттерін адал орындайды, олардың жоғары сапасына қол жеткізуге ұмтылады.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы судьяның заңдарды қатаң сақтауға, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ, адалдық, әділдік және бейтараптық қағидаттарына сәйкес әрекет етуге міндетті екенін белгілейді.
Судьяның мінез-құлқы қоғамға не рұқсат етілгенін, не рұқсат етілмегенін, құқық пен озбырлықтың арасындағы шекараны қай жерде өтетінін көрсетеді.
Ал егер судья, не мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын бұзатын іс-әрекеттерді жасайтын болса, онда мемлекеттік органға деген сенім төмендейді, әділдікке күмән пайда болады, құқықтық негилизм пайда болады, азаматтардың құқықтық мәдениеті әлсірейді.
Осылайша, судьялық қызмет қоғамда тек заңдылықты орнату ғана емес, сонымен қатар, этикалық миссияның тетіктерін орнату негіздерінің бар екеніне көз жеткіздіре алады.
Дархан БЕЙІСОВ,
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.
![]()

