Біздің атамыз Жүніс Жүсіпұлы туралы бұған дейін ешбір баспасөз бетінде жазылмаған. Ол кісі туралы басқаны айтпағанда, бүгінгі ұрпақтарының өзі көп біле бермейді.
Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында осы бір ақтаңдақтың орнын толтырғымыз келіп, қолымызға қалам алдық. Өйткені, өзінің қысқа ғұмырында жұлдыздай ағып өткен ата өмірі соған жетелейтіндей. Өз әулетімізде әрқашан аузымыздан тастамайтын, солай болса да ғұмырының ана тұсы мен мына тұсы өзімізге де беймәлімдеу көрінетін атамызды басқалар да білсін деген ой санамызда сыналап тұрып алатын сияқты.
Қолымызда қалған жалғыз ғана суретін медет тұтатын Жүніс атамыз ескіден жеткен кейбір жеке басының құжаттары бойынша 1899 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Красноармеец ауданының Ынталы ауылында дүниеге келген. Қазір жылдан жылға тарап, жағдайы бапты болмаған бұл елді мекен Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарайды. Атамыз сол маңда жиірек қоныстанған Атығай-Құлансу руынан тарайды.
Кезінде әлді болған әкесі Жүсіп бертін ондайларды түре қуған кеңес өкіметіне жақпайды. Сондықтан, 1927-1928 жылдардағы әйгілі тәркілеу науқаны мен қуғын-сүргін кезінде басына түскен нәубеттен Омбы облысына қарай өтіп кетуге мәжбүр болды. Өйткені, басқа амалы да жоқ еді. Барлық малы мен дүние-мүлкі тәркіленіп, отбасы күнкөріссіз қалды. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен ұлдары Жүніс пен Төлеу, Айтмұханбет, қызы Күлішті аман сақтау, соларды қанаттыға қақтырмау, тұмсықтыға шоқтырмау мақсатында сол кеткеннен Омбы жағында тұрақтады.
Онда Жүніс атамыз мал дәрігерінің көмекшісі мамандығы бойынша білім алып, сол өңірде біраз жұмыс істеп, соғыс басталар алдында елге оралады. Ал, әкесі Жүсіп пен інісі Төлеу бұрынғысынша сол Омбы жағында қала береді. Содан колхозда трактор-егіс бригадасының бригадирі болып жұмыс істеген Төлеу ата елге, яғни, өз туған жері Көкше өңіріне отбасымен алпысыншы жылдардың басында ғана оралды. Содан Көкшетау қаласының іргесіндегі Қарағай, одан Ортақ ауылдарында тұрып, қашан бертін көз жұмғанша белсенді түрде шаруашылық жұмыстарына араласты. Өзінің ет тірлігі, адамгершілік жоғары қасиеттерімен үлкен-кішіге сыйлы болды.
Ал, осы үш ағайындының бірі Жүніс атамыз болса, 1942 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылды. Ол Калинин майданының 334-інші атқыштар дивизиясының 1122-інші атқыштар полкында зұлым жаудан ерлікпен елімізді қорғап, сержант шенінде Беларуссияны, басқа да қалалар мен елді мекендерді неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты.
Өкінішке орай, кейін ұрпақтарының іздестіріп, анықтағанындай, 1943 жылдың қазан айында Витебск облысының Сураж ауданы, Карпеничи деревнясының маңындағы шайқаста қаза тауып, сол жерде жерленеді. Сөйтіп, ұрыс даласынан елге оралмай, басында хабарсыз кетті деген хабар алынған атамыз осылайша беларусь жерінде мәңгілік тұрақ тапқаны белгілі болды. Бұл аздай, сол соғысқа үйленбей, тым жас аттанып, майданда снайпер болған інісі Айтмұханбет атамыз да қан майданнан оралмады.
Ал, Жүніс атамыз бен оның зайыбы Зилянің Ғазисқан, Олжабай және Барлыбай атты үш ұлдары мен Айша атты қыздары болады. Олардың тағдырына да тоқтала кетсек, небары 32 жасында дүниеден өткен Ғазисқан атамыздан Қуанышпай атты ұлы, Гүлжиян мен Күләш атты қыздары қалады. Ғазисқан атамыздың бұл өмірден тым ерте озуының да өзіндік себебі бар. Әке-шешелері қуғынға ұшырағанда анасы, Зиля әжеміз жарты жылдай ұлымен Петропавл түрмесіне қамалып, сонда жас бала ауыр дертке шалдығады.
Зеренді ауданының «Ленин жолы» кеңшарында бас инженер болып, кейін облыс орталығында жетекші қызмет атқарған осы Ғазисқан атамыздың ұлы, біздің Қуанышпай әкеміз де жастай дүние салды. Жүніс атамыздың екінші ұлы Олжабайдан тараған балалар Рәшид, Асқар, Гүлнәр және Қымбат. Ал, атамыз соғысқа аттанғанда іште қалған Барлыбай ағамыздың Марат есімді ұлы мен Айгүл есімді қызы бар. Бірақ, кезінде Көкшетау қаласында ПМК бастығы сияқты жауапты қызметтерде болған Барлыбай ағаның өзіне де бұл күнде өмірден өткеніне жиырма жыл толып отыр.
Міне, біз аяулы есімін ардақтап, көп назарына ұсынғымыз келген бір тағдырдың Екінші дүниежүзілік соғыста үзілген тұсы да, ұрпақтарымен әрі қарай жалғасқан екінші ғұмыры да осы. Бүгінгі таңда осы Жүніс атамыз, оның әкесі Жүсіптен тараған үрім-бұтақтың өзі біразға барып қалады. Бәріміз де жер басып, бүгінгі бейбіт заманның қызығын көріп жатқанымыз үшін әрине, сол қанқұйлы соғыста еліміз бен жерімізді зұлым жаудан қорғап қалған барлық аға ұрпақ өкілдеріне, соның ішінде өзіміздің Жүніс атамызға да мәңгі-бақи қарыздармыз. Сол айтып жеткізгісіз үлкен қасіреттің зардабын татқан миллиондаған адамдар сияқты біз де енді ондай зұлмат қайталанбаса екен дейміз. Сол оймен атамыздың соғыс жалмаған аз ғұмырын шамамыз келгенше, жақсы істерімізбен жалғай түсеміз. Неге десеңіз, бұл да біздің парызымыз.
Немерелері мен шөберелері атынан Абай ЖҮНІСОВ.
![]()

