Жуырда Астанада тұрғындардың көптен күткен LRT жүйесі іске қосылды. Түркістандағы Түркі ұйымына мүше мемлекеттердің саммитінен оралған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашылу салтанатына қатысып, вагондарды аралап көрді.
Еліміздегі тұңғыш LRT жүйесінің іске қосылу шарасына біз де «Арқа ажары» редакциясы ұжымының атынан барып қатысып, алғашқы жолаушылардың қатарында болып қайтқан едік.
Әрбір LRT құрамы 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған. Пилотсыз жүретін пойыздарда басқару, жеделдету, тежеу және есіктерді ашу сияқты үдерістермен қатар, төтенше жағдайлар кезінде іске қосылатын тетіктер автоматтандырылған. Сондай-ақ, қосымша бақылау үшін қолмен басқару және диспетчермен байланысу мүмкіндігі бар.
«Сығанақ» стансасының ауысым жетекшісі Зарина Оразбайқызымен сұхбаттасқанымызда, ол жалпы LRT тоқтайтын 18 станса барын, әр ауысымда 5 адамнан кезекшілік атқаратындарын алға тартты. Әр вагонның сыйымдылығы шамамен 150 адамды құрайды екен.
– Қытайда оқып, осында жұмыс істеп жатырмыз. Көлік құралы Әуежайдан – Нұрлы жолға дейін 45 минут уақыт жүреді. Бекеттердің аралығы шамамен 6 минуттан, – дейді Тимур Бижанов атты LRT қызметкері.
Жоғары технологиялармен жабдықталған жеңіл рельсті көліктің қауіпсіздік жүйесінде жол ақысын төлеудің бірнеше тәсілдері қарастырылған. Жол жүру құны 200 теңге, ал, жеңілдетілген санатқа жататын азаматтар тегін қатынай алады. Жолаушылар сапарды кез келген ыңғайлы тәсілмен атап айтқанда, банктік немесе көлік картасы, QR, Apple Pay, Samsung Pay немесе Face Pay қосымшасы арқылы төлей алады.
Бірінші кезеңде LRT-де төлем автономды болады, кейінірек ол автобустардағы жалпы қалалық төлем жүйесімен біріктіріледі.
Ұзындығы 22 шақырымды құрайтын желіде 15 құрам бар. Аталған жол инфрақұрылымы толық заманауи талапқа сай жасақталған. Орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 50-60 километр. LRT жүйесі іске қосылғалы бері оны 180 мыңға жуық жолаушы тамашалаған.
Сонымен қатар, жауаптылар қажеттілік туындамаса, төтенше түймелерді баспауды, есіктерді өз бетінше ашпауды ескертеді. Мұндай жағдайлар жолаушылар үшін қауіпті деп саналып, вагондар мұндай жағдайда тоқтап қалады, себебі, жүйе толық автоматтандырылған. Еске салсақ, елордада бұған дейін журналистер үшін арнайы баспасөз туры ұйымдастырылған еді. Мамандар рельстерді, станцияларды, жылжымалы құрамды, байланыс желілерін, басқару және қауіпсіздік жүйелерін тексерді. Енді міне, LRT-ның өзі де пайдалануға берілді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астана.
Сурет akorda.kz сайтынан.
![]()

