Алаяқтан абай бол!
Бүгінгі таңда киберқылмыс пен алаяқтықтың белең алуы қоғамның үлкен бір бас ауруына айналып отыр.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және алаяқтықтың кез келген түріне қатаң тосқауыл қоюды тапсырған болатын.
Президенттің алаяқтықтың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі осынау тікелей тапсырмасы аясында Ақмола облысында кезекті ірі қылмыстың беті ашылды. Көкшетау қалалық полиция басқармасы қазіргі уақытта шетелде жұмысқа орналастыруды уәде етіп, ондаған адамды сан соқтырған алаяқтық фактісі бойынша ауқымды қылмыстық істі тергеп жатыр.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Көкшетау қаласының тұрғыны 2023 жылдан бастап 2026 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта «Instagram» әлеуметтік желісін пайдаланып, еш күдік келтірмейтін өзіне тиімді және өзгелер қызығарлық жарнамалар таратқан. Оның құрығына іліккендер Ұлыбритания Біріккен Корольдігінде жоғары жалақылы жұмысқа орналасамыз деп үміттенген. Күдікті азаматтардың сеніміне кіру үшін виза ресімдеу, медициналық сақтандырудан өткізу, биометриялық құжаттарды дайындау және басқа да ілеспе қызметтерді сылтау етіп, қомақты қаржы талап еткен. Өкінішке қарай, арман қуып, тұрмысын түзегісі келген азаматтар ақшаны банктік аударымдар арқылы да, қолма-қол түрде де еш күдіксіз ұстата берген. Алайда, уақыт өте келе уәде етілген жұмыс та, құжат та қолға тимей, аяғы құрдымға кеткені белгілі болды.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша 80-ге жуық адам жәбірленуші деп танылып, келтірілген шығын көлемі 40 миллион теңгеге жуықтаған. Бүгінде күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, тергеу амалдары жалғасуда.
Бұл жағдай Мемлекет басшысы айтқанындай, қоғамда «заң мен тәртіп» қағидатының мүлтіксіз орындалуы қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Полиция қызметкерлері азаматтарды қырағылық танытуға шақырып, алаяқтықтың негізгі белгілерін еске салады. Егер делдал ресми тіркеусіз және лицензиясыз жұмыс істесе, тек әлеуметтік желілер арқылы сөйлессе, ресми органдарды айналып өтіп, құжат ресімдеуді ұсынса немесе шешім қабылдауға асықтырып, алдын ала қомақты төлем талап етсе, бұл – айқын қауіптің белгісі.
Есіңізде болсын, заңды түрде жұмысқа орналастыру үдерісі ешқашан күмәнді делдалдар мен көлеңкелі сұлбалар арқылы жүзеге аспайды. Өз қаражатыңыз бен болашағыңызға бейжай қарамай, кез келген қызметтің заңдылығын алдын ала тексеру алаяқтардың арбауына түспеудің жалғыз жолы.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

