Қосшы қаласында Түркі жазуы күніне арналған «Көне түркі жазбалары: тарих пен тағылым» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға белгілі ғалымдар, сарапшылар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен жастар қатысты.
Конференция басталар алдында қонақтар көне түркі жазбаларының көшірмелері мен тарихи-танымдық жәдігерлер қойылған көрмені тамашалады. Көрмеде түркі өркениетінің рухани мұрасын танытатын сирек материалдар ұсынылды.
Жиын басында Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкей қатысушыларды Түркі жазуы күнімен құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова көне түркі жазбалары ұлттың тарихи жады мен рухани негізінің ажырамас бөлігі екенін айтты.
– Осындай мұралар арқылы біз ата-бабаларымыздың дүниетанымын, елдік ұстанымын, мемлекет құрудағы даналығын тереңірек түсінеміз. Бұл – жас ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды, – деді ол.
Сондай-ақ жиында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан сөз сөйлеп, көне түркі мұрасының ұлттық бірегейлікті сақтаудағы маңызына тоқталды.
Конференция барысында ғалымдар түркі өркениетінің тарихы, көне жазу мәдениеті мен рухани сабақтастық туралы мазмұнды баяндамалар жасады.
Тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Законұлы көне түркі ескерткіштеріндегі мемлекеттілік идеясы туралы баяндап, Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк жазбаларындағы ел бірлігі мен тәуелсіздік мәселелеріне тоқталды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Талғат Молдабайұлы көне түркі бітіг жазуының қалыптасуы мен жазу тарихының даму кезеңдері жайлы айтты.
Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы көне түркі жазулары мен жыраулық дәстүр арасындағы байланыс туралы сөз қозғап, халықтық дүниетаным мен батырлық рухтың ежелгі мұраларда кең көрініс тапқанын атап өтті.
«Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров түркі халықтарының дәстүрлі күш мәдениеті мен рухани сабақтастығы жайында баяндама жасады.
Ал Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры Бақтыгүл Шағырбаева көне түркі жазуларындағы ұлттық дүниетаным мен мәдени жад мәселесіне тоқталды.
Шара соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, көне түркі мұрасын насихаттау мен жастардың тарихи танымын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.
Конференция концерттік бағдарламамен қорытындыланып, дәстүрлі әндер орындалды.
![]()

