Есімі — ел есінде
Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында осы білім ордасының алғашқы директоры Нұрмұхамбет Көшімұлының туғанына 140 жыл толуына арналған «Саналы ұрпақтың сәулетшісі» атты еске алу кеші өтті.
1919 жылы Көкшетау өңірінде алғашқы қазақ мектебінің іргетасын қалап, қарапайым бастауыш мектептен бастап, оны іргелі білім ордасына айналдырған бұл ұстаздың еңбегі шын мәнісінде атап өтуге тұрарлық. Кеш барысында алғашқы қазақ мектебінің тарихы баяндалып, ұлағатты ұстаздың өңірдегі өмір жолы мен ерен еңбегі кеңінен насихатталып, оқушылардың әсерлі прологы, жүрекке жеткен өлең жолдары мен сахналық қойылымдары көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бейнематериалдар арқылы өткен мен бүгіннің сабақтастығы көрсетіліп, ұстаздар мен шәкірттердің рухани үндестігі көрініс тапты.
Шараға Нұрмұхамбет Көшімұлының шәкірті, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ардагер ұстаз Аманжол Есмағұлов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құрметті профессоры Нұртас Ахат, Көкшетау қаласы білім бөлімінің басшысы Айгерім Қошанова, Мәлiк Ғабдуллин музейiнің директоры Мұхаммед Қоңқаев, Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері Нұрлан Ысқақов және Нұрмұхамбет Көшімұлының ұрпақтары қатысып, естеліктерімен бөлісті.
Осы мектепте оқыған батыр музейінен естелік ретінде мектеп-гимназия музейіне «Мәлік Ғабдуллин. Ғибратты ғұмыр», «Тұғыры биік тұлға» атты кітаптар сыйға тартылды.
Кеш бүгінгі өнерлі оқушылардың ән-күйімен жалғасып, тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор рухани шара өз мән-маңызымен баурады.
Нұрлан ТЕМІРХАН.
![]()

