Астана іргесіндегі Күлшін ауылы өндіріс орталығына айналмақшы

Әкім – ел ішінде

Аталған елді мекен тұрғындары жуырда таза ауыз суға қол жеткізді. Бұл туралы аймақ басшысы Марат Ахметжановтың Шортанды ауданына жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Өңірде өндірістік қуатты арттыруға бағытталған екі ірі стратегиялық жоба іске асырылмақ. Біріншісі, Күлшін ауылындағы тағам өнеркәсібін дамытуға арналған минералды су зауыты. Екіншісі, экспорттық әлеуеті жоғары Q-TEC кешені. Бұл кәсіпорын сорғы жабдықтары мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығару арқылы тек ішкі нарықты ғана емес, сыртқы нарықты да қамтуды көздеп отыр. 600-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтитын жоба облыс экономикасына жаңа серпін бермек.

– Ауыл шағын болғанымен, болашағы зор деп айтуға болады, себебі, қаланың жанында орналасқан. Үлкен өндірістер де, инвестициялар да келіп жатыр. Су бар жерде өмір бар. Менің білуімше, осы ауылда 520 адам тұрады. Баршаңызға да жұмыс табылады, үй салынады. Бұл ауылға жаңа серпін береді деп айтуға болады, – деген аймақ басшысы тұрғындардың бірінің үйіне кіріп, судың үйге дейін жеткендігін өз көзімен көріп шықты.

Минералды су зауыты Күлшін ауылында 2028 жылға дейін салынады. Мұнда бөтелкедегі ауыз су және шырынды сусындар шығарылады. Q-TEC өнеркәсіптік кешені ауыл шаруашылығы техникасы мен сорғы жабдықтарын өндіреді. Өнімдері Әзірбайжан, Өзбекстан және Түрікменстан елдеріне экспортталатын зауыт 2032 жылы толық қуатына енеді.

– Ұзындығы 41 шақырым жалпы магистраль құрылысы 2023 жылы басталған. Сонымен бірге, ауылішілік 9 шақырым су желісі тартылды. Орнатылған резервуарлардың жалпы көлемі 500 текше метр. Бұл ауыл тұрғындарының қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, – деді «Альянс Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Аманқос Исағалиев.

Таза судың дәмін татып, тұрғындарды құттықтаған облыс әкімі келесі кезекте ауыл шаруашылығы өкілдерімен кездесті. «Сағым-Бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабында шаруашылық жетекшісі Бауыржан Есілбаев аймақ басшысын көктемгі егіс науқанының барысымен таныстырды. Егіс алқабы 15 мың гектар. Негізінен, бидай, сондай-ақ, жасымық, зығыр, күнбағыс өсіріледі.

– Техниканы жаңартуға 40 миллиард теңге қаржы бөлінді. Мал шаруашылығы саласында да шешімін күткен мәселелер бар. Бұл бағытта тиісті бағдарламалар әзірленуде, қазіргі таңда жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Мал азығы жеткілікті, сондықтан, осы саланы дамытып, молырақ өнім алуға баса мән беруіміз қажет. Мал шаруашылығы қолға алынса, қыста да жұмыс тоқтамайды, ауыл өмірі жанданады. Сонымен қатар, қазір астықты терең өңдеу зауыттары салынып жатыр. Аршалы ауданында жылына 3 миллион тонна астықты тереңдетіп өңдейтін кешеннің құрылысы жүргізілуде. Онда тек натрий глутаматына қоса, басқа да құнды өнімдер өндіріледі, – деп Марат Ахметжанов Ақмола облысының ауыл шаруашылығындағы іргелі жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

Ал, аудан әкімі Сағындық Шабаров өңір басшысына көктемгі егіс жұмыстары аяқталып қалғанын, егіс алқабы 300 мың гектарға жуықтап, майлы дақылдар алқабының ұлғайтылғанын баяндады. Мемлекеттік қолдауға уақытылы қол жеткізіп отырған 32 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі «Кең Дала — 2» бағдарламасы аясында 5,6 миллиард теңгеге қаржыландырылған.

Келесі кезекте облыс әкімі реновация бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан нысандардың бірі Шортанды вокзалын аралап көрді. Пайдалануға берілуіне аз қалған ғимарат сырты жаңарған, іші жарық та жайлы. Ең бастысы, өңір тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасалуда.

– Ғимараттың тек қаңқасы ғана қалдырылып, бәрі қайтадан жаңартылды. Қазір жұмыс көлемі 90 пайызға орындалып тұр. Маусым айының соңына дейін толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Вокзал перронын, жағалау мен басқа да желілерді қайта жаңартып жатқанымызды ескерсек, мұның бәрі үлкен, ауқымды жұмыс, – деді облыстық «Интегра Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Арман Нұрмұқанов.

Осылайша, біз көрген ауданның тыныс-тіршілігі бүгінгі уақыт талабымен қабыса түсіп, алдымызға бірқатар жаңашыл өзгерістерді көлденең тартқан жайы бар. Облыс әкімі осы жұмыстарды одан әрі пысықтап, алға жаңа міндеттер қойды және оларды  уақытылы, сапалы орындау баршамыздың да ортақ парызымыз екенін және бір еске салды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар