Ел ардағы
Аға дос, қадірлі ақсақал, зиялы тұлға, ізденімпаз өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлы 80 жасқа толды. Оның өнегелі өмір жолы, «халқыма тамшыдай болса да игі септігім тисе» деген ұмтылысы сүйсіндірмей қоймайды.
Әр сөздің астарынан мағына-мазмұн іздеген ықыласы, қазақтың жақсы дәстүр, киелі қасиеттерін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, ұғындырсам деген ізгі тілегі де орасан. Кім болса да халық алдында кіші ғой. Оны әлі күн сергек қалыпта сақтап, аттан түсірмей алып келе жатқан да сол халық алдындағы кішілігі шығар, бәлкім. Алатаудың қар басқан алып шыңындай сексен деген сеңгірді бағындырып, ту тіккен Мұрат ағаның осынау салтанатына риза боласың! Қашан көрсең ізденіс үстінде. Қазақ тарихының ұмыт қалған бір қалтарысына үңіліп, қазақтың ұмыт қалған жаңа бір сөзінің сырын іздеп, сол сұңғыла бастамаларына дүйім жұртты жұмылдырып жүргені. Өзгеге емес, халқыңа керек шаруа болған соң қалай шет қалмақсың. Қазақ тек қана Мұрат қажыға керек емес қой…
«Абылайдың қара жолы» экспедициясы да сондай, қазақтың жоғын іздеуден басталған жоба еді. Бұрын болған, қолданылған, халық білген. Бір қарасаң бар сияқты, екінші жағынан қарасаң жоқтай. Ұмытылған. Естен шыққан. Әсіресе, жазуда. Ауыз-екі әңгімеде кездесіп қалар. Алайда, тым сирек. Демек, сөйте-сөйте ұмытылмақ. Міне, Мұрекең сонда тәуекелге бел буып, атқа қонған. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» демекші, тәуекелі текке кеткен жоқ. Еліміздің әр түкпіріне, тіпті Моңғолияға дейін сапарлады. Бұл идеясына еліміздің атақты тарихшылары, археологтары, ғалымдары тартылды. Мұрекең ұйымдастырған бес экспедиция жұмысынан керемет төрт том кітап шығарылды. Сол төрт томнан тарихтың тереңіне жол ашқан керемет мақалалар оқыдық. Ең бастысы, «Абылайдың қара жолы» деген ұғым ғылыми айналысқа енді. Міне, ниеті алға жетелеген ұлтжанды бір азаматтың атқарған шаруасы!
Тоқтала кетсек, бұл экспедициялар 2018 жылы «Абылай ханның қара жолын жаңғырту», 2020 жылы «Бетпақдала. Абылай ханның қара жолы», 2021 жылы «Абылай ханның жорық жолдары және Ұлы Даланың ұлы тұлғалары», 2022 жылы «Алтын Орда-750 ж. Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл», 2023 жылы «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» тақырыбымен ұйымдастырылды. Ол экспедициялардан кейін келісті конференциялар өткенінің куәсіміз. Сол ойталқыларда ғылым докторлары Жамбыл Омаров, Тұрсынхан Зекенұлы, Бүркітбай Аяған, Серік Негимов сияқты бірегей ғалымдардың баяндамаларын тыңдадық. Ғылыми орта қарым-қатынаста шығар, ал, қарапайым тұрғындар ол ғалымдардың пікірлерін екі күннің бірінде ести бермейді ғой. Міне, Мұрекең өз экспедициясы арқылы биіктегі ғылым мен қарапайым тұрғындар арасына алтын көпір салды десек, артық болмас.
Мұрекең өткен жылы жетпіс тоғыз жасында тағы бір есімі елеусіз қалған ақмолалық тұлғаны – 1938 жылы жазықсыз жала жабылып, ату жазасына кесілген Әлжанов Шәрапи Есмұханұлын бүгінгі ұрпаққа жете таныстырды. Ол 1901 жылы бүгінгі Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында дүниеге келген азамат. 1914-1918 жылдары Омбы қаласында «Бірлік» қазақ жастары ұйымының төрағасы болып, Мағжанмен бірге «Алаш» партиясын қолдаған, «Бірлік» ұйымының төрағасы ретінде «Балапан» журналын шығарған, атты әскер полкін басқарған, Н.К.Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясын бітірген, 1929-1930 жылдары Қызылордадағы халық ағарту институтының директоры болған, тағы басқа толып жатқан жұмыстар атқарған тұлғаның еңбектерін анықтау үшін «Шәрапидің ізімен» деген жобаны қолға алды. Оның еліміздегі бүгінгі іргелі жоғары оқу орны Абай атындағы қазақ мемлекеттік университетінің іргетасын қалаушылардың бірі, қазақ педагогика ғылымының көрнекті өкілі екендігі жерлестері үшін мақтаныш емес пе?! Міне, осы бір аяулы тұлға атқарған ұлан-ғайыр істер зерттелу үстінде болса, Алматы қаласынан 40 шақырым жердегі ол атылған Жаңалық ауылындағы саяси қуғын- сүргін құрбандары жерлегенген жерге «Асыл азаматтың 125 жылдық құрметіне Көкшетау, Біржан сал елінен» деп құлпытас орнатуы тағы бір тебірентерлік ісі.
Мұрат Ыдырысұлының тындырымды ұйымдастырушылық қабілетіне, мігірсіз ізденіс үстінде атқарып жүрген шаруасына қарап, «осы мен не бітіріп жүрмін» деп өзіңе, сыбай-салтаң жай жүрген айналаңдағы адамдарға қарайсың. Уақыт болса, зырылдап өтіп жатыр… Біреулердің «үлкен жұмыстарды қайрат-жігерің тасыған жас кезде атқару керек» дейтіні бар. Бірақ, білімің де, ақыл-тәжірибең де толығып, жетілген, ұлғайған шақта ел-жұртқа пайдалы бір іс тындырсаң тіпті дұрыс болмай ма? Жас адам кейде ненің қымбат, ненің қадірлі, ненің сауап екенін аңғармайды да ғой. Үлгі керек болса, міне, Мұрекең!.. Игіліктің ерте-кеші жоқ деген де осы. Алайда, Мұрекең жас кезінде де олқы болмаған. Мектептерде директор, Еңбекшілдер аудандық, Көкшетау облыстық партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарған. Қазақ педагогикалық училищесінің директоры, Көкшетау облыстық мәдениет басқармасының бастығы да болған. 1994-1995 жылдары Көкшетауда Қазақстанның солтүстік аймағында тұңғыш рет оқушылар арасында ақындар айтысын өткізді. Бұл оңай шаруа емес еді. Бұл – бір. Екіншіден, сол додаға түскен оқушылар арасынан кейін Арман Бердалин, Қанат Қыдырмин, Ұлмекен Шаменова сияқты танымал ақындар шықты! Олар Көкен Шәкеев, Жұмабай Есекеев, Тыныштық Шаменов сияқты ел таныған өнерпаз аталарынан бата алды!.. Соның бәріне мұрындық болған Мұрат ағамыз бұл күнде «Еңбек ардагері», «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Үздік өлкетанушы» төсбелгілерінің иегері, Еңбекшілдер ауданының Құрметті азаматы, Ш.Уәлиханов атындағы, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің Құрметті профессоры. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің, Ақмола облысының және Көкшетау қаласы әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Туған ауылы Сәуледе сәулетті мешіт салып, «Гете-Абай» саябағын ашып, «Сәуле – менің ауылым», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Қазақ қазақты сағынса …», «Қазақтан қалған сөз бар ма?», «Шанышқылы Секен шешен», «Сағындым, әке, иісіңді» сияқты кітаптар шығарды. Осы кітаптардың бәрінде де ел мен ер тарихы, шежіре, шешендік сөздер, азаматтар атқарған өрелі істер, өнегелер сөз болады.
Мұрат Ыдырысұлы тек қана мақалалар емес, тебіренген-толқыған шақтарында өлең, толғаулар да жазады. Адам көп оқыса, көп ойласа, әрі-беріні саралап, маңызына ден қойса, өлең деген өрелі өнер қонбай қоймайтын болса керек. Мұрекеңнің де қаламынан туған жыр жолдары жеткілікті. Оны «Сағындым, әке, иісіңді» жинағынан, одан кейінгі уақыттағы баспасөз беттерінен де көруге болады. Оның туындылары негізінен, жас ұрпаққа өнеге, өсиет айту, халқына қадір-қасиеті артқан жандарды үлгі ету мақсатында жазылады. Өзінің ата-анасы, ардақтыларына деген сағыныш пен құрмет те осы өлең жолдарымен өріледі. Бес уақыт намазынан, отыз күн оразасынан жаңылмайтын, қажы атанған тақуа адамның ол машығы жүректен шыққан ақ адал ниетін өрнектеп жеткізуден туатын секілді. «Әу» демейтін қазақ жоқ демекші, бұл кісі де ақын халықтың бір перзенті емес пе? Сондықтан, өзін толқытқан мәселелер көңіл толқынында тербеліп-тербеліп келіп, толғау болып төгілетін болса керек. Болашақта да Мұрекеңнің ондай өлең-жырларын оқитынымызға сенеміз.
Маған Мұрекеңнің зиялылығы, дегдарлығы, ой әлемінің тазалығы, сыпайылығы ұнайды. Сондай-ақ, жас жігіттей зерек, сергек. Әңгімелескен адамының ойын, пікірін сыйлайды. Осынша жасқа келсе де оқып-үйренуден, білуден жалықпайды. Сынмен санасады. Қысқасы, Мұрекең мінезінде үйренерлік, үлгі тұтарлық қасиеттер көп. Сондай биязылығы, мәдениеттілігі, жібек мінезіне қарамастан тәуекелшілін айтыңыз! Алтай мен Атыраудың, Түркістан мен Ұлытаудың арасын жол қылып, Абылайдың табан ізін іздеп, шежіре мен тарихты түгендеп, түн қату оңай деп пе едіңіз!..
Сексеннің сеңгіріне осындай табыстармен, тасқынды еңбек үстінде жеткен Мұрат қажы ағамызға әлі де қажымас қайрат, тың бастамалар тілейміз!
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
![]()

