Көп мамандықтан жүрегіміз қалайтын бір кәсіп

Пайым

Адам өміріндегі ең жауапты кезеңнің бірі – өзіне өмір бойы өкінбейтіндей дұрыс мамандық таңдау. Бұл тек жұмыс түрін анықтау ғана емес, адамның өмірлік бағытын, мақсат-мұратын және қоғамдағы орнын айқындайтын маңызды шешім.

Қазіргі таңда мамандық түрлері көбейіп, таңдау мүмкіндігі артқанымен, дұрыс шешім қабылдау бұрынғыдан да күрделене түсті. Сондықтан, мамандық таңдауда ең алдымен адамның өз қызығушылығы мен қабілетін анықтауы маңызды. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп бекер айтпаған. Бұл сөз әр адамның қоғамдағы өз орнын табуы керектігін меңзейді. Егер адам өз қабілетіне сай кәсіпті таңдаса, ол тек өзі үшін емес, елі үшін де пайдалы маманға айналады.

Қазіргі заманда мамандықтар әлемі өте кеңейді. Бұрын тек дәрігер, мұғалім, инженер сияқты белгілі бір салалар болса, бүгінде ақпараттық технология, жасанды интеллект, цифрлық маркетинг, SMM, бағдарламалау сияқты жаңа бағыттар пайда болды. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік бергенімен, дұрыс таңдау жасауды қиындата түсті. Осыған байланысты көптеген жастар мамандық таңдауда түрлі қиындықтарға тап болады. Бірі өз қызығушылығын толық білмейді, енді бірі ата-анасының немесе қоғамның пікіріне сүйенеді. Мысалы, кейбір ата-аналар баласын беделді немесе табысы жоғары мамандыққа бағыттайды. Алайда, бұл әрқашан дұрыс шешім бола бермейді, себебі, әр адамның қабілеті мен мінезі әртүрлі. Біреуге медицина саласы сәйкес келсе, енді біріне шығармашылық немесе техникалық бағыт қолайлы болуы мүмкін.

Осы тұста маңызды сұрақ туындайды. Адам өз жолын өзі таңдауы керек пе, әлде үлкендердің кеңесіне сүйенгені дұрыс па? Ең дұрыс жол – тепе-теңдікті сақтау. Яғни, ата-ананың кеңесін тыңдай отырып, соңғы шешімді өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай қабылдау қажет. Мамандық таңдауда оқушы алдымен өзіне «Мен нені жақсы көремін?», «Қандай пәндерге қызығамын?», «Қандай іспен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын?» деген сұрақтарға жауап бере алса, бұл мамандықты дұрыс таңдауға жол ашады. Себебі қызығушылық пен қабілет үйлескен жерде нәтиже де жоғары болады.

Осы бағытта психолог Джон Голландтың «Тұлғалық типтер» теориясы ерекше орын алады. Ғалым адамдарды алты типке бөледі: реалистік, зерттеушілік, шығармашылық, әлеуметтік, кәсіпкерлік және дәстүрлі. Оның пікірінше, адам өз табиғатына сай мамандық таңдағанда ғана кәсіби жетістікке жетеді. Мысалы, адамдармен жұмыс істеуді ұнататын адам мұғалімдік немесе медицина саласына бейім болса, шығармашылыққа жақын жан журналистика, дизайн немесе өнер саласында өзін толық аша алады. Дұрыс таңдалған мамандық адамға тек табыс қана емес, рухани қанағат пен өмірлік мән әкеледі. Сондықтан, бұл қадамға жеңіл қарамай, өз мүмкіндігін, қызығушылығын және қоғамдағы сұранысты ескере отырып, саналы таңдау жасауы қажет. Өйткені, мамандық – жай ғана кәсіп емес, адамның өмірлік бағытын айқындайтын маңызды жол. Өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығы арқылы ғана адам шынайы жетістікке жетіп, өмірде өз орнын таба алады.

                                                                    Назерке ЕСЛЯМБЕК,
Тайтөбе жалпы орта білім беретін мектебінің
                                                              11 сынып  оқушысы.

Целиноград ауданы.

Сурет postupi.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар