Ақмола облысында жұмыс сапарымен болған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай әлеуметтік қорғау ұйымдарының жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті және азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Министрдің орынбасары қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік қызмет көрсету сапасына, халықты әлеуметтік қолдау шаралары және жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударып, саланы цифрландыру бағытындағы жұмыстарды тексерді.
Бұл үшін алдымен Шортанды ауданының Жолымбет кентіндегі психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедек азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Мұнда қызмет алушылардың тұрмыс жағдайымен танысып, орталықтың материалдық-техникалық базасын аралап көрді. Одан кейін Дамса ауылындағы осындай қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, мекеме ұжымымен және қызмет алушылармен жүздесті.
Одан әрі жұмыс сапары Бурабай ауданында жалғасты. Аудан орталығы Щучинск қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, жаңа тәсілдерді енгізу және саланы одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды. Әсіресе, соңғы жылдары әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелері сөз болды.
Содан соң, вице-министр облыс орталығы Көкшетаудағы «Достық» үйінде қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысты. Кездесу барысында Виктория Шегай елімізде әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен айтып берді.
– Мемлекет бұл орайда, барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр. Зейнетақылар мен жәрдемақылар уақытында төленуде. Президент тапсырмасына сәйкес әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасады. Біздің басты мақсатымыз азаматтардың әл-ауқатын жақсарту және нақты мұқтаж жандарға қолдау көрсету, – деді вице-министр кездесуде сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында республика бойынша 5,4 миллион адамға 2,3 триллион теңге көлемінде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер төленген. Ал, Ақмола облысында барлығы 225 мыңнан астам тұрғын 94,4 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдаумен қамтылған.
Вице-министр кездесуде зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселесіне де тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақы кезең-кезеңімен ұлғайтылып келеді. Бүгінде облыс бойынша орташа зейнетақы мөлшері 197,9 мың теңгені құрап отыр.
Жиын барысында көпбалалы отбасыларды қолдау мәселесі де сөз болды. Биыл Ақмола облысында осы мақсатқа республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат бала тууға және бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыларды, сондай-ақ, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған төлемдерді қамтиды. Виктория Шегайдың айтуынша, бүгінде облыста 13 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады. Сонымен қатар, алты мыңға жуық көпбалалы ана арнайы мемлекеттік төлемдермен қамтылған.
Кездесуде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мәселелері де талқыланды. Қазіргі таңда облыста 860 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл көрсеткіш бірнеше жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Ал, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жиын барысында өңірдегі әлеуметтік саясаттың нәтижелері туралы айта келе, соңғы сегіз жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 11,5 есеге қысқарғанын атап өтті.
– 2018 жылы облыста 9,9 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, бүгінде олардың саны 860 отбасыға дейін азайды. Бұл ең алдымен халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа өндірістерді іске қосу бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Біз үшін басты мақсат адамдарға тек жәрдемақы төлеу емес, олардың тұрақты табыс табуына жағдай жасау, – деді ол.
Бүгінде облыстағы 226 ауылдық округтің 125-інде атаулы әлеуметтік көмек алушылар мүлде жоқ. Бұл ауыл тұрғындарының табысы артып, жұмыспен қамтылу деңгейі жоғарылағанын көрсетеді. Сондай-ақ, Алтынай Әміренова «Отбасының цифрлық картасы»жүйесінің тиімділігіне де тоқталды.
– Қазіргі уақытта жүйеде облыс бойынша 269 мың отбасы туралы мәлімет бар. Әсіресе, әлеуметтік тәуекел деңгейі жоғары D және Е санатындағы отбасылармен мақсатты жұмыс жүргізілуде. Бұл нақты көмекке мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларды дер кезінде қолдауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жиында мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде Ақмола облысында 29,8 мың мүгедектігі бар азамат тұрады. Олардың әлеуметтік құқықтарын қорғау, қажетті қызметтермен және оңалту құралдарымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын таба береді.
Виктория Шегайдың айтуынша, әлеуметтік қызметтер порталы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті техникалық оңалту құралдарын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері облыста осы портал арқылы алты мыңнан астам техникалық құрал мен қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, мүгедектікті белгілеу рәсімдері де жеңілдетіліп келеді.
– Бүгінде азаматтардың едәуір бөлігі мүгедектікті сырттай, проактивті форматта рәсімдеп жатыр. Бұл артық құжат жинауды азайтып, адамдардың уақытын үнемдейді. Біз барлық мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі ыңғайлы болуына баса назар аударып отырмыз, – деді вице-министр бұл орайда.
Кездесуде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту мәселесі де сөз болды. Былтырдан бастап бұл салада ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарын лицензиялау енгізіліп, қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптар күшейтілді.
– Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы азаматтардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда болады. Әрбір қызмет алушы өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі тиіс, – деді одан әрі Виктория Шегай.
Халықты жұмыспен қамту мәселесі де кездесудің күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі болды. Биыл облыста бес мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған. Мыңнан астам азамат кәсіби білім алып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған.
Вице-министрдің айтуынша, еңбек нарығын цифрландыру бағытында да маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Электрондық еңбек биржасында жасанды интеллект элементтері енгізіліп, жұмыс іздеушілерге лайықты бос жұмыс орындарын тезірек табуға мүмкіндік жасалған.
Көкшетау қаласының тұрғындарымен жалпылама кездесуден соң, Виктория Шегайдың азаматтарды жеке қабылдауы ұйымдастырылды. Тұрғындар зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамту, мүгедектікті белгілеу және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Әрбір өтінішке тиісінше түсіндірмелер беріліп, көтерілген мәселелерді одан әрі қарап, шешу үшін жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

