Жылу электр орталығы 2028 жылы іске қосылуы тиіс

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде Көкшетау қаласында салынып жатқан жылу электр орталығын 2028 жылы іске қосу туралы тапсырма берді. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Марат Ахметжанов бірге болды.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Көкшетаудағы жұмыс сапарын Savory зауытынан бастады.  Жылына 120 мың тонна құрама жем өндіруге қауқарлы кәсіпорын еуропалық жабдықтармен және автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған. Зауыттың өнімдері ел аумағына таратылып, Өзбекстанға экспортталады. Айта кетсек, бұл ірі инвестициялық жобаға 5 миллиард теңге қаржы жұмсалған.

– Өнімнің әрбір партиясы өндірістің барлық кезеңдерінде сапа бақылауынан өтеді. Бізден өнім алатын фермерлер алдымен толық ақпарат алады, яғни, біздің мамандар тұтыну бойынша оларға тиісті кеңес беріп, логистикалық қолдау көрсетеді, – дейді зауыт директоры Руслан Кәкенов бізге берген сұхбатында.

Бұдан әрі бірінші вице-премьер облыс орталығында жөнделіп жатқан теміржол вокзалына ат басын бұрып, мұндағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ел бойынша 124 теміржол вокзалы жөндеуден өтіп жатса, соның 16-сы біздің Ақмола облысында екені белгілі. Бұған дейін де бірнеше рет жазғанымыздай, облыс аумағындағы осы вокзалдардың 9-ы жаңадан қайта салынып жатыр. Басым бөлігінде жұмыстар 90 пайызға аяқталған. Бүгінде тәулігіне 2 мыңнан астам жолаушы келіп-кететін Көкшетау вокзалы жоба аяқталған соң 3 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді деп күтілуде. Нысан ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс.

– Бұрын вокзал іші 9 мың шаршы метр болатын, қазір үстінен қосымша 300 шаршы метрге дейін ұлғайтылды, – деді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин.

1981 жылы салынып, содан бері күрделі жөндеу көрмеген вокзалдың қазіргі сыртқы келбеті жаңарып, ішкі жұмыстары да толық аяқталыпты.

Қазір мұнда сыртқы қосымша құрылыс конкорс нысаны мен перрон жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, Нұрлыбек Нәлібаев мұндағы құрылыс жұмыстарының  қарқынын сынға алып, қазіргі туристік маусым қызған шақта жөндеу жұмыстарының жолаушыларға ыңғайсыздық туғызатынын айтты.  Осыған байланысты жергілікті билік пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының» өкілдеріне және мердігерге нысанды тамыз айында пайдалануға беруді тапсырды.

– Вокзалдарды қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы. Әрбір қала, әрбір аудан және облыс орталықтары үшін теміржол вокзалы деген өте маңызды. Келіп-кететін жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауымыз керек. Өздеріңіз айтып жатқандай, оның үстіне 45 жылдан бері жөндеу көрмеген вокзал екен. Жұмысты ширатыңыздар. Сапасына назар аударып, созбалаңға салмай, 1 тамызға дейін тез арада аяқтауды қолға алыңыздар, қажет болса екі ауысыммен жұмыс істеңіздер, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер өңірде ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын жетекші кәсіпорындардың бірі – «Қазақстандық агроинновациялық корпорациясы» серіктестігіне барды. Аталмыш зауыт жыл сайын 5 мыңға жуық техника құрастырады. Мұнда астық жинайтын комбайндар, қуатты тракторлар, шағын ауыл шаруашылығы техникалары мен түрлі аспалы және тіркемелі жабдықтар шығарылады. Өнім еліміздің барлық өңіріне жөнелтіледі. Кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

– Компания 2010 жылы саудамен айналысатын кәсіпорын ретінде құрылып, 2016 жылдан бастап өндіріс бағытын қолға алды. Бүгінде біз ірі ауыл шаруашылығы машина жасаушы кәсіпорындармен стратегиялық әріптестік орнатып отырмыз. Ресейдің «Ростсельмаш», «Клевер» компанияларымен және Минск трактор зауытымен ынтымақтастық байланыс орнатылған, –деп баяндады серіктестік директоры Олег Балыбин.

«КАИК» серіктестігі алаңында агроөнеркәсіптік сектордағы инвестициялық жобалар да таныстырылып, шаһардағы маңызы бар «Kokshe Industry» индустриялық аймағын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде мұнда 300-ден астам жұмыс орнын құратын үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта тағы бес ірі жобаны жүзеге асыру және 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. 2030 жылға дейін жалпы саны 47 жаңа өндіріс орнын іске қосу көзделіп отыр.

Жұмыс сапарының соңғы нысаны «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы жүзеге асырып жатқан Көкшетау қаласындағы жаңа жылу электр орталығының құрылыс алаңы болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында салынып жатқан бұл стратегиялық нысанның қуаты 240 МВт және жылу өндіру көлемі сағатына 820 Гкал болады деп жоспарланған. 300 гектар аумақта салынып жатқан станцияның биыл негізгі нысандарының іргетасы қаланып, қажетті инфрақұрылым тұрғызылады деп күтілуде. Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін нысан аумағына теміржол салынып, асфальт төселеді. Мұнда газ тазарту жүйесі, күл үйіндісі, мазут шаруашылығы мен көмір қоймалары да бой көтереді. Құрылыс кезеңінде шамамен 2,5 мың адам жұмыспен қамтылса, станса пайдалануға берілгеннен кейін 400-ге жуық маман тұрақты жұмысқа орналастырылады.

–- Станцияның электр қуаты 280 МВт болады. 40 МВт станцияның өзін қуаттандырады. 240 МВт қаланы энергиямен қамтиды. Сонымен бірге, 800 Гкал жылу қалаға таратылады. Қазір Көкшетау қаласы бойынша жылу қажеттілігі 600 гигакалорийді құрайды. Облыс орталығы кеңейіп, өсіп келеді. Сондықтан, келешекте тағы да 200 Гкал қосымша жылу көзін береміз. Орталықты 2029 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған, – деді «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының инвестициялар жөніндегі бас директоры Аңсар Айдаров.

Бірінші вице-премьер жұмыс сапарын қорытындылай келе, барлық жобаларды уақытында аяқтаудың маңыздылығын тағы бір ескертті.

–ЖЭО құрылысы Мемлекет басшысының ерекше назарында. Үкімет басшысы да бақылауда ұстап отыр. Облыс орталығының тұрғындары бұл жобаның жүзеге асуын көп жылдан бері күтіп келеді. Барлық жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етіп, жұмыс қарқынын жоғары деңгейде сақтау қажет. Сіздер айтқандай, 2029 жылдың бірінші тоқсанында толық пайдалануға беріледі деген болмайды. Екі ауысыммен, қажет болса 3 ауысыммен жұмыс істеңіздер. Тездетіп 2028 жылдың жылу маусымында қосу керек, –деп сол «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен жауаптыларға тапсырма берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар