Зеренді ауданының әкімі Әсет Құрманғожин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты бойынша брифинг өткізіп, ірі ауданның бүгінг тыныс-тіршілігінен кеңінен хабардар етті.
Аудан басшысының айтуынша, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде ауданның инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын қолдау, инвестиция тарту және елді мекендерді абаттандыру бағыттарына басым назар аударылған.
– Жылу беру жүйесін тұрақтандыру бағытында нақты жұмыстар атқарылды. 261 миллион теңгеге 6 жаңа қазандық сатып алынып, оның 3-еуі орталық қазандыққа, 3-еуі Зеренді ауылындағы блокты-модульді қазандыққа орнатылды. Сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың жылу желісі жаңартылып, қосымша қуаттылығы 1,25 МВт болатын 2 қазандық іске қосылды. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы жалпы құны 11 миллиард теңгені құрайтын 12 су құбыры жобасы және Қонысбай ауылының су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде орталықтандырылған ауыз суға қолжетімділік 53-тен 72 пайызға дейін артты. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен 475 миллион теңге бөлініп, шағын ауылдарда 19 блокты-модуль орнатылды. Өткен жылы да Байтерек, Серафимовка және Қарағай ауылдарында су жүйелері жөнделген болатын, – дей келе, Әсет Асылбекұлы бұл бағыттағы жұмыстардың биыл Ақкөл, Исаковка, Жолдыбай, М.Ғабдуллин және Приречное ауылдарында жалғасып, Баратай, Ақан және Уголки ауылдарында да су ұңғымалары бұрғыланып жатқанын тілге тиек етті.
Аудан әкімінің мәліметінше, жол инфрақұрылымын дамыту бағытында өткен жылы жалпы құны шамамен 3 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылған. Ағымдағы жылы бұл бағыттағы жұмыстар кеңейтіліп, аудандық маңызы бар 16 автомобиль жолы орташа және ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Бұл мақсатқа шамамен 800 миллион теңге қарастырылған. Соның ішінде, негізгі ірі жобалар қатарында 4 шақырымды құрайтын Шағалалы ауылының кіреберіс жолын, Алтынтау-Қонысбай бағытындағы 1,6 шақырымдық жолды, Айдабол ауылына кіреберіс жолы мен Азат станциясының жол желісі және Молодежный ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстарын атап өтуге болады. Сонымен қатар, 11 елді мекенде көше жарығы жаңғыртылып жатса, оның 5-еуінде бұл жұмыстар толық аяқталған.
– Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау жалғасуда. Зеренді ауылында 75 пәтерлі тұрғын үй салынып, оның 71 пәтерін осал топтарға сатып алдық. Бүгінгі күнге дейін 61 пәтердің кілті тұрғындарға табысталды. Сонымен қатар, Шағалалы ауылында әлеуметтік осал топтарға арналған 10 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс аяқталған соң, бұл үйлерді де сатып алып, әлеуметтік осал санатқа жататын тұрғындарға бөлеміз. Ол үшін аудандық бюджеттен 500 миллион теңге қаржы қарастырылды, – деді Әсет Асылбекұлы.
Әкім брифинг барысында білім беру саласындағы жетістіктерге тоқтала келе, ауыл шаруашылығы саласының да тұрақты дамып жатқанына назар аударды. Өткен жылы ауданда 311 мың гектар алқаптан 500 мың тоннадан астам астық жиналып, көктен иіп, жерден берген береке дәні гектарынан 23 центнерден айналған еді. Биыл да көктемгі егіс науқаны уақытылы аяқталған. Мемлекеттік қолдау аясында шаруашылықтардан 31 кредиттік өтінім мақұлданып, 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен бірге, аудан бойынша жалпы құны 137,2 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Qazaq Kaolin жобасын» ерекше атап өтуге болады. Жоба биыл жылдың соңына дейін толық іске қосылса, онда 130-дан астам жұмыс орны ашылады,
– Инвестиция тарту және жаңа өндірістерді орналастыру мақсатында Қарағай станциясында индустриялық аймақтың бас жоспары бекітілді. Аймақтың жалпы аумағы 96 гектарды құрайды. Бұл бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасап, инвесторларды тартуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Индустриялық аумақта тәулігіне 500 тонна өнім өндіретін құрама жем зауытының құрылыс жобасы іске асырылды. Жоба құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын өнім шығаруды бастап, бұл экспортқа бағытталған өнімдер Қытай Халық Республикасына жеткізіледі, –деген аудан басшысы ірі серіктестіктердің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жасаған жобалары туралы кеңінен баяндады.
Брифингте БАҚ өкілдері аудан басшысынан Зерендінің танымалдығын арттыру бойынша туризм саласында қандай жоспарлар мен жобалар қарастырылғанын, халықты орталықтандырылған ауыз сумен толық қамту бойынша қандай шаралар ұйымдастырылып жатқанын сұрап білді.
Осы орайда, біз де газетіміздің 2025 жылғы 14 қазан күнгі №84 санында жарық көрген «Өз мұңымен өзі қалғандай болып отырған Ортақ ауылы» атты сын мақаламыздың негізінде аудан әкімінен тәуелсіздік алған жылдардан бері жөндеу көрмеген Ортақ ауылына баратын 8 шақырымдық жолдың мәселесін не болып жатқанын, сондай-ақ, осы ауылдағы орталықтандырылған ауыз су жүйесін жаңарту жобасы бойынша туындаған мәселелердің қалай шешілгенін қайта сұрап білдік.
– Ортақ ауылына бастап апаратын 8 шақырымдық жолдың бұрынғы жобалық-сметалық құжатын округ әкімі мен ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жыл соңына дейін түзетулер енгізіп, дайындап бергенімен, мемлекеттік сараптамадан өткенше жыл аяқталып, биылғы облыстық бюджеттен қаржы сұрауға мүмкіндік болмай, үлгермей қалдық. Бүгінгі таңда құжат сараптамадан өткізілген, дайын тұр. Қазіргі уақытта аудандық бюджет есебінен конкурс жариялауға қаржы қарастырып жатырмыз. Жақын арада конкурс жариялап, мердігерді анықтаймыз. Жоба екі жылдық болады. Биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Ал, су мәселесі азаматтық-құқықтық кеңістікке ауыстырылды, сот арқылы шешіледі, әзірге мердігерге бюджеттен қаржы бөлінген жоқ, –деп жауап берді сауалымызға аудан басшысы.
Жалпы, халық өзі сайлап алған Зеренді ауданының бұл жаңа әкімі былтырдан бері бірқатар өзекті мәселелерді, соның ішінде халық көп жылдардан бері шағымданып келген Шағалалы, Молодежный ауылдарына апаратын жолдың жайын шешуде біраз жұмыстар атқарған. Енді біз газетте көтерілген Ортақ ауылына да апаратын жолды мерзімі екі жыл болса да, айтылған уақытта ретке келтіріп, біржола асфальт төсеп, жаңартып береді деп сенеміз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

